Медицина • 21 Қыркүйек, 2021

Тың тәсілдердің тиімді тұсы көп

459 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Уақыт талабына сай дәрігердің білім-білігі мен кәсіби деңгейі үнемі жетіліп, саладағы тың жаңалықтармен бірге толысып отыруы тиіс. Бүгінгі таңда симуляциялық білім беру орталықтары білім алушыға өз бетінше талап етілетін процедураларды орындауға мүмкіндік беретін виртуалды және роботталған манекендерді пайдалана отырып, жас мамандардың практикалық білімі мен дағдыларын қалыптастыруға зор септігін тигізіп отыр.

Тың тәсілдердің тиімді тұсы көп

Кардиология және ішкі ауру­лар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Қуанышбекованың айтуынша, медицина қарқынды дамыған сайын дәрігердің жұ­мысы үнемі жаңа технологияларды, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін меңгеруді талап етеді.

«Симуляциялық технология­ларды қолдану оқу үдерісін ти­ім­ді етуге мүмкіндік береді. Бұл – оқытушылар мен дәріс алу­шы­лар­дың межеленген нәтижеге қа­уіпсіз қол жеткізуінің төте жолы. Әсіресе пандемия кезінде мұ­ның көмегі зор. Бұл технология­лар­ды қызметкерлердің білік­ті­лігін арттыру процесіне енгізу – объективті қажеттілік», дейді Роза Тоқтанәліқызы.

Жүрек ауруларын індете зерт­­тейтін институтта қызмет ете­­тін жүрек-өкпе реанимация­сы, интервенциялық кардиология және аритмология симуляция орталықтары, сондай-ақ гибридті зертханалар резиденттер мен дәрігерлердің теориялық және практикалық дағдыларын меңгеруге айрықша серпін берген.

«Білім алушылардың Simbionix ANGIO Mentor Suite симу­­ляторында эндоваскулярлық араласулардың дағдыларын мең­геруге мүмкіндіктері бар. Бұл – нақты уақыт режі­мінде рент­геноскопияның бақы­ла­уы­мен орындалатын эн­довас­кулярлық процедуралардың ком­пьютерлік медициналық симуляторы. Ол ангиография, ангиопластика және стенттеу секілді эндоваскулярлық процедураларды жүргізудің жеке немесе командалық жаттық­ты­­руын ұсынады», дейді рент­гено­эндоваскулярлық операция блогының меңгерушісі, интер­венциялық кардиолог, рентгенхирург Алексей Колесников.

Жүйенің анатомиялық құ­ры­­лымдарды шынайы 3D көр­сету және интервенциялық құ­ралдарды пайдалана отырып процедураларды шынайы имитациялау және тактильді сезімдер жасау қабілеті бар. Simbionix ANGIO Mentor коронарлық ара­ла­сулардың негізгі дағдылары жө­ніндегі модульді қамтиды, онда жүрек тамырларын стенттеу кезіндегі асқынулар бойынша симуляциялық бағдарламалар, ас­қынулармен күресудің прак­ти­калық дағдыларын әзірлеу және жіті коронарлық синдром ке­зін­дегі интервенциялық араласулар енгізілген.

Мұндағы дағдарыстарды зерттеу орталығының (Литва, Каунас қаласы) қолдауымен құ­рылған гибридті зертхана өз тиімділігін көрсеткен. Дағда­рыс­тарды зерттеу орталығы әзір­­леген оқыту әдістемесі бі­лімді тез және тиімді таратуға, сон­дай-ақ персоналдың прак­тикалық дағдыларын тәжі­ри­беде қол­дануға мүмкіндік береді. Тәу­лік бойы тынымсыз жұ­мыс істеуге қауқарлы зертхана ма­мандардың практикалық дағдыларын қалыптастыру дең­гейін арттыра түскен.

Кардиология кафедрасының басшысы, медицина ғылым­да­рының кандидаты Айсұлу Мұ­са­ғалиеваның айтуынша, бар­лық сабақ бейнетаспаға жазылып, процесті арнайы нұс­қау­шы бақылап отырады. Курс аяқ­­­талғаннан кейін қоры­тын­ды тап­сырма беріліп, тас­паға жа­­­зылған жұмыс нұсқаушы тарапынан бағаланады. Маман­дар­дың пікірінше, гибридті зертхана базасында өтетін «Же­дел кар­­дио­ло­гиялық көмек», «Ма­ман­дан­ды­рылған реани­мациялық көмек», «Бастапқы бағалау және COVID-19 инфекциясы бар па­циент­терді емдеу» және т.б. та­қы­рып­тағы курс­тар да өз тиімділігін көр­сеткен.