Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2021

Ауыл балаларына ағылшын тілін үйретпек

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ана тілі жөргегінде жатқанда-ақ сүйегіне сіңген ауыл балаларының ағылшын тілін үйренуі құптарлық. Көп тіл білгеннің келешегі кемел.

Ауыл балаларына ағылшын тілін үйретпек

Ағылшын тілін үйрететін орталықтардың жұмысы жандана бастады. Облыс орта­лы­ғында ғана емес, шалғайдағы шағын ауыл­дарда да тіл үйрететін орталықтардың ақы­сы да тым қымбат емес, небәрі 6 мың тең­­генің төңірегінде. Jas Otan жас­тар қа­наты «Болашақ» қауымдастығымен бір­лесіп, ағылшын тілін үйренудің жаңа жобасын ұсынуда. Жобаны іске асырудың тәжірибеден өткізілген толымды тәсілі – 6-9 сынып оқушылары үшін аптасына үш рет ағылшын тілінің қосымша курстарын өткізу. Бір айта кетерлігі, тіл үйрену сабақтарында оқушының ой-өрісін ке­ңей­те­тін әрі қызғылықты танымдық ойын­дар мен тренингтер өткізу жоспарланған.

– English for jastar жобасы бойын­ша ағылшын тілін үйрену сабақтары қолға алынып отыр, – дейді Ақкөл орта мек­тебі директорының орынбасары Гауһар Қаб­долова. – Тың дәріс мектеп оқушыларына өте ұнайды. Балалардың тілді меңгеруге деген ықыласы да жақсы. Өмірдің өзі талап етіп отырған үрдістен шет қалмағанымыз оң емес пе?

Jas Otan жастар қанаты облыстық фи­лиа­лының әдіскері Александра Гомо­нованың айтуына қарағанда, жоба жұмысы өткен аптада басталған. Ауыл мектептерінің жоғарыда аталған сыныптарын қамтымақ. Негізгі мақсат – ағылшын тілінде білімдерін же­тілдіру. Жобаға он ауданнан 15 ерікті жұ­мылдырылып отыр.

– Бұл жоба балаларға ағылшын тілін үйрету үшін қолға алынып отыр, – дейді жоба еріктісі Мөлдір Болат. – Балалардың қызы­ғушылығын арттыру үшін ағылшын тіліндегі танымдық фильмдер де көрсетіледі, әндер де тыңдалады.

Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы бір айырмашылықтың, анығырақ айтқанда, бір олқылықтың орны осылай толықтырылмақ. Өз ана тілдерін жап-жақсы білетін ауыл балалары заман талабына сай ағылшын тілінде тіл сындырып жатса несі айып?! Жоба алдағы уақытта кеңірек қанат жаю үшін ел ертеңін ойлайтын еріктілер де тартылмақ.

 

Ақмола облысы