Экономика • 22 Қыркүйек, 2021

Жаңа автокөлік сатылымы азайды

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылдың тамыз айында жаңа авто­кө­ліктерді сатып алу көр­сеткіші тө­мен­деп кеткен. 2020 жылдың тамызымен са­лыс­тыр­ғанда 5,4 пайызға азайған. Бірақ жылдық мәнге салсақ, көр­сеткіш – оң. Жыл басынан бері 76 039 көлік сатылыпты. 2020 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 42,5 пайызға жо­ғары.

Жаңа автокөлік сатылымы азайды

Сатылған 76 мыңнан астам көліктің 73 367-сі – жеңіл және жеңіл коммерциялық автомобильдер болса, 2 672-сі – жүк көліктері мен автобустар екен.

«Автомобиль мен компо­нент­тер­ді жеткізу бойынша жағдай мәз емес, бірақ автокөлікке деген сұраныс өсіп келеді. Дилерлер мен өндірушілер Қытай арқылы өтетін автомобилдер мен құрам­дас бөліктерді жеткізіп беру бо­йынша шешімді күтіп отыр. Жүк­терді жіберу кезегі бірнеше айға созылып тұр. Сонымен қатар әлемдік нарықтағы электронды компоненттердің тапшылығы ай сайын сұраныс пен ұсыныс ара­сын­дағы алшақтықты ұл­ғай­­тып жатыр» деп жазады қазақстандық автобизнес қауымдастығы.

Ал тамыз айында ең көп са­тыл­ған брендтер ондығының көшін Chevrolet бастады – 2 196 дана. 1 561 данамен Hyundai – екінші орында. Үздік үштікті 1 012 данамен Toyota түйіндеген. Kia дилерлері өткен айда 825 көлік сатса, Lada – 716, Volkswagen – 356, Nissan – 331, JAC – 328, Renault – 308 және BMW 114 автомобиль саудалаған.

Тамыздағы ТОП-10 модель тізімінің басында 1 330 сатылыммен Chevrolet Cobalt тұр. Одан кейінгі орында – Chevrolet Nexia (542) және Hyundai Accent (499). Сондай-ақ тұтынушылар тарапынан Toyota Camry (437), Hyundai Elantra (326), Lada Largus (282), Hyundai Sonata (255), Hyundai Tucson (243), Kia Rio (243), Toyota Rav4 (213) модельдеріне деген де қызығушылық аса жоғары болып тұр.