Қоғам • 22 Қыркүйек, 2021

"Хат қоржын"

327 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
"Хат қоржын"

...қынжылысын білдіреді

Тіліміздің тазалығы үшін күресейік

Қазақ тіліне орыс тілін араластырып сөйлейтін қандастарымыздың қатары жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр емес. Ана тілімізді шұбарлап, сөзден қуырдақ жасайтындарды жиі кездестіретін болдық. Ең сорақысы, сәбилеріміздің тілі орысша шығатын болды.

 Әрине, ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілін құрметтейміз әрі оны білгеннен жамандық көрмейтініміз анық. Бірақ мәселе қай тілде сөйлесең де шұбарламай, сол тілдің тазалығын сақтауда болып отыр.

Мәселен, ана тілімізде баламасы бола тұра «так», «вот», «значит» деген сияқты орыс сөздерін тілімізге жиі араластырамыз. Әсіресе, «молодец», «давай», «пока», т.б. сөздер өзіміздің төл сөздерімізге айналып кеткендей көрінеді. Біреуді мақтай қалсақ, «жарайсың» деудің орнына «молодец», ал телефон тұтқасын көтергенде «иә» деудің орнына «да», қоштасарда «сау бол» деудің орнына «пока» дейтін болдық. Мұндай мысалдар көп-ақ.

Қазақ тілі сөз қоры мол, бай тілдердің қатарына жатады. Оны мына деректерден көреміз. Жалпы, дүние жүзінде тіркелген 5651 тілдің ішінде қолданылу аясына қарай қазақ тілі ең ірі деген 70 тілдің бірі саналады екен. Ал еліміздегі Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының картотекасында 5 миллион қазақ сөзі жинақталыпты.

Биыл тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл толады. Соның арқасында қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отыр. Мемлекеттік тіл тиісінше жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Сондықтан ана тілімізді шұбарламай сөйлейік. Қайта тіл тазалығын сақтау үшін күресейік, ағайын!

С.ТӘЖБЕНОВ,

дәрігер

ТАРАЗ

 

...ұсынысын айтады

Алаш арыстарын құрметтеу – борышымыз

Тұран төрінде тағылымды жолы қалыптасқан Қызылорда қаласына 203 жыл толды. Қамысқаладан Қызылордаға дейін талай оқиғаға куә болған қаланың берекелі келешегі кемел екеніне сенім мол.

Сыр – Алаштың анасы, көненің көзі, мәдени мұраның көмбесі. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген бағасы. Ал дерек пен дәйекке жүгінсек, 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде Ақмешіт салынған, ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс «Ақмешіт» деп аталған. 1853 жылы 28 шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.Перовский Сыр қазақтарын қорғауды сылтауратып, орыс әскерімен қалаға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Осыдан кейін қала атауы «Перовск» болып өзгертіледі. 1867 жылы «Перовск» бекінісі Сырдария уезінің орталығына айналды. 1917 жылы 30 қазанда «Перовскіде» Кеңес өкіметі орнады. 1922 жылы қала қайтадан Ақмешіт атанды. 1925 жылы 9 ақпанда Қазақ АКСР Орталық Комитетінің шешімімен республика астанасы Ақмешітке көшірілді.

«Өркениет біткеннің өзегі – өрелі білімде» деседі білетін жұрт. Осында ашылған педагогикалық институтта бірқатар қазақ жастары, Алаш зиялыларының алғашқы легі білім алғаны белгілі.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес әрі Алаш арыстарының құрметіне «Қызылорда» атауы «Алашорда» деп өзгертілсе деген ұсынысым бар. Елі мен жері үшін өмірін қиған Алаш арыстары құрған ұйым осы атауға лайық деп білемін.

Нәрзілдә БҮРІСҰЛЫ,

зейнеткер

Қызылорда облысы,

Жаңақорған ауданы,

Келінтөбе ауылы

 

...ойын ортаға салады

Астамшылықтан арылайық, ағайын!

Тым асқақтап кеттік. Егемендік алған 90-жылдардағы қиындықтарды тез ұмыттық. Тойға сансыз адам шақырып, әнші жалдап, неше түрлі сыйлық таратып есірдік. Осыны екі жасқа түк пайдасы жоқ екенін біле тұра жасадық. Өліктің өзін тойға айналдырдық. Бір мал жетпейтін болды. Біздің жас кезімізде өлік шыққан үйде ас берілмейтін.

Бізде азық-түлік қымбаттап жатыр. Оның себебі, ауыл шаруашы­лығымен айналысу оңай емес. Өнімдерін арадағы делдалдар арзанға алады да бірнеше есе қымбатқа сатады. Осындай жеңіл пайда іздегендердің жолына тосқауыл қоюдың амалдарын қарастыру қажет.

Қазіргі қазақ қоғамында байлар іріктеліп шықты. Неше түрлі ырым- жырымды шығаратын да солар. Қарапайым халық солардан қалмаймын деп қарызға батады. «Байға ілесемін деп, кедейдің таңы айырылыпты» деген мақал бар. Екі жастың үй-күйі жоқ болған соң, айырылысудың тағы бір себебі осы. Байлар артық ақшасына мектеп, балабақша, мешіт салсын. Араб елдерінде жүз метр сайын бір мешіт. Жастар иманды. Көше­де төбелес, тонау жоқ. Түнде қорықпай жүреді. Қазақтың салт-дәс­түрі деп ақталудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Қазір жаңа ғасырда жаңаша өмір сүру керектігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр­ған жоқ па!

Ермекүл ХАМИТОВА,

зейнеткер, тарихшы ұстаз

 

...жаңалығымен бөліседі

Жас талант иесі өнерімен баурады

Музыкалық аспап белгілі бір ұлттың музыкалық өнерін таратып, насихаттаушы құрал. Ал домбыра – қазақтың киесі, баға жетпес қазынасы. Қазақ қайда жүрсе де қолынан қасиетті қара домбырасын тастамаған. Көңіл толқынысын күмбірлеген күй арқылы ұқтыра білген. Әр қазақтың дерлік шаңырағының төрінде ілулі тұратын домбырамен шілдехана, беташар, тағы басқа көптеген жиын-той өткізілген. Қысқасы, қазақ пен домбыра егіз ұғым десек, қатты қателесе қоймаспыз.

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында оқырмандармен әдемі бір онлайн кездесу өтті. Іс-шараның құрметті қонағы ретінде домбыраны жастайынан жанына серік еткен А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің түлегі, облыстық, республи­калық байқаулардың жеңімпазы Нұрзат Құлманова шақырылған еді. Нұрзатқа бұл өнер нағашыларынан дарыса керек. «Ес білгелі домбыра үнін құлағыма сіңіріп өстім. Қазақтың қасиетті сахнасында киелі домбырамен талай биік белесті бағындырсам деген арманым да жоқ емес. Сөйтіп ата-анамның үмітін ақтасам, еліме адал қызмет етсем, перзенттік парызымның орындалғаны», деп түйді ол өзінің сөзін. Еліміздің әр жасы осылай ойласа, ертеңіміздің еңселі боларына еш күмәнданбас едік.

 Жас талант иесі кездесуде шарықтата ән шырқап, оқырмандарды өзіне ғана тән өнерімен тәнті етті. Іс-шараға қатысқан қауымның кездесуден рухани нәр алғандары анық.

Назерке ЖОЛДИЕВА,

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

АҚТӨБЕ