05 Мамыр, 2010

САМАРҚАУЛЫҚ ПЕН САРАҢДЫҚ

538 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
КЕНШІЛЕРДІ НЕСІБЕСІНЕН ҚАҒЫП ОТЫР Бұл күнде қарағандылық ша­хтер­лер мен теміртаулық метал­лург­тердің “Арселор Миттал Темір­­тау” компаниясына өкпе-реніштері қара қазандай қайнап жүр. Тіпті алпауыттың жанашыр­лы­ғын оятар басқадай шара қалма­ғандықтан “Қазақстан” шахтасы­ның көмір өндіру учаскесі түнгі ауысымнан кейін қыр үстіне кө­терілмей наразылық жасап көрді. Бірақ оған пысқырып та қарама­ды. Металлургтер бір жағынан Теміртау қалалық сотына жүгінуге мәжбүр болып жатыр. Мәселенің мән-жайына тоқ­тал­сақ, компания еңбеккерлері 13-ші жалақының, яғни жыл аяғын­дағы сыйлықтың төленуін қалай­ды. Ал компания оны қиғысы келмейді. Бұған дейін кәсіподақтар комитеті мен әкімшілік арасында жасалған ұжымдық келісім-шартқа сәйкес жоспар орындалғаны үшін сыйақы берілу белгіленген. Сол бойынша жоспар 85 пайызға ең­серіл­се үстеме төлем еш даусыз өтелуі тиістігі тайға таңба басқан­дай көрсетілген. Өкінішке қарай, соған уәде етуші басты жақ әзірге сөзден тайқып кетіп отыр. Тартыс былтырдан бері созы­лып, бітіспей келеді. “Арселор Мит­тал Теміртау” алдымен эконо­ми­калық дағдарыс салдарын сы­ныққа сылтау қылып, еңбекақыны инфля­ция деңгейіне индекстеуден бас тартса, содан соң жылдық сыйақы­ны да шегеруге айла тапты. Қалай­ша бұлай демессіз, метал­лургтер межелі көрсеткішті көм­керуге таяп қалғанда, аяқ астынан үстемеленіп шыға келді. Желтоқ­сан айында сұйық болат өндіру тапсырмасы екі рет өзгертіліп, өсірілді. Ұжымдық шарт бұл жолы жай қағаз күйінде қалды. Кәсіп­одақтар комитетінің еш нәрсені, ешкімді елеместен істелген осынау әрекеттің орынсыз екенін айтып ұятқа шақырмақ болған, жұртқа ашық қиянатты тоқтатпақ болған үні құлаққа да ілінбеді, көңіл­ге де алынбады. Осындай қулық арқылы ақыры жоспарды орындау алыста­ты­лып, шахтерлер мен металлург­тер жыл сайынғы сыйақыдан құралақан қалдырылды. Сөйтіп, қайткенде көнбеуге бет бұрған компания еңбекақыны инфляция деңгейінде индекстеуді іске асырмай 40 миллион долларды бір үнемдесе, жылдық сыйлық беруді тоқтатудан да қалтада сақтап қалғандары тағы бар. Жалпы алғанда, аңысын аң­дап, еңбеккерлерінің табысын қа­ғып қалу атағы дардай-ақ алпауыт­қа  жараспайтындай  көрінгенімен, оған олай саналмай­тын сияқты. Жыл­­дық сыйақыны былай қойған­да айлық сыйлық­тарды да қысқар­тып тастауға көз тігіңкіреп тұра­тыны ұжым мүше­леріне белгілі жәйт. Мәселен, бірқатар шахталар кен­ші­лері наурыз айына тиесілі үстеме төлемнен қағылды. Ол жалақының 30-40 пайызына тең екені ескерілгенде еңбегі аса ауыр қауым үшін әжептәуір табыс, отбасылық қорға үлкен көмек. Ал жоспарды орындау оңай міндет еместігі “Арселор Миттал Темір­тауға” мейлінше мәлім. Ден­сау­лыққа, қала берді өмірге қатерлі іс кен-геологиялық жағдайдың қиын­­дығына, метан газының ты­ныс аштырмайтындығына, техни­калық құрал-жабдықтардың сенім­сіздігіне байланысты көп ретте өте-мөте күр­деленіп кетіп жатады. Осы жәйттер ескерілмей, сырттан тықсырылған тапсырма қалай тырысылғанда да аяғына дейін атқарылмай қалады. Сондықтан сыйақы түгіл еңбекақы­ның өзінің қиылып тасталатын кездері сирек ұшыраспайды. Енді бір түсініксіз нәрсе ком­пания кәсіпорындарында жұмыс­шы­лар құрамы себепсізден-себеп­сіз жылдан-жылға азайып барады. Былайша алғанда жаппай қысқар­­ту, жұмыстан шығару жоқ секілді. Оның орнына елеусіздеу айла та­был­ған. Әртүрлі жағдайларға бай­ла­нысты әрі қарай еңбек етуді жал­ғастыра алмаушылар тілегі қуана қабылданып, ақшалай өтем төленіп еркіне жіберіледі. Қатарды толық­тыруға ешкім жолатыл­май­ды. Егер штаттық кесте тексеріле қалса бос тұрған жұмыс орын­дары­ның тала­йы табылар еді. Дәлел жеткілікті. Айталық, “Қа­зақ­стан” шахтасына бүгінде кем дегенде 200 кенші ке­рек. Басқа­лар­да да сондай жағдай. Арғы жағын пайымдау қиын емес шы­ғар. Жұмыс күші ықшам­далуына орай ақша да аз үнемдел­мейді. Ал қайткенде де жұмысынан айрылып қалмауға көңілі алаң­даулы шахтер жетіспеуші әріптесі­нің үлесін орын­дауға қоса күш салуға мәж­бүр. Өзі үшін, біреу үшін жұмыс істейді. Айтты-айтпады, бұл да ғажап айла. Міне, пайдасы шаш-етектен асқан “Арселор Миттал Теміртау­дың” сол байлықты ащы терімен жасаушы өз еңбеккерлеріне деген­де сараңдығы осындай. Ұжымдық келісім-шартқа самарқаулығы және осылайша. Сотқа, кәсіподақ­тар комитетіне шүйірілген мұрын шүйірілген күйінде. Не істелуі керек, кім арқа тұтылуы керек. Мың сан шахтер, металлург соған жауап жоқтығына күйінеді. Айқын НЕСІПБАЙ. ТЕМІРТАУ.