04 Ақпан, 2014

Ел тірегі

549 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
– Бұл дәуірде өз тілін, әдебие­тін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық білімі болса да, рухани, ой тәрбие­­­­­­­сінде сыңаржақ азамат болады, – деп М.Әуезов айтқандай, тіл – рухы биік, мәңгілік өшпес мұра болып қалуы тиіс. Мейлі дәрігер, мейлі кәсіпкер, тіпті, шахтер болса да, өзінің туған тілі – ана тілін жетік білуі қажет. Себебі, тіл – біз­­дің тағдырымыз, тіл – елдің тағдыры. Әр елдің өзіне тән, халқына ортақ тілі бар. Сол сияқты біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Тілдік рухани байлықты дамыту – бізге қойылған міндет. Қазіргі таңда сол міндет азды-көпті деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Бірақ әлі де күшіне толық ене қойған жоқ. Әрине, ол бір күнде іске асатын нәрсе емес. Жүзеге асуы үшін көп еңбектену керек. Қазақ мәңгүрттіктен құтыламын десе, ең алдымен тіл саясатын жандандыруы керек. Тіл саясатын мүлде ойлау елегінен тыс қалдыратын болсақ, мәңгілік «шала қазақ» болып қалуымыз да ғажап емес. Талай қиындықты көрген ана тілімізді сақтап, әрі қарай дамыту мына біздің қолымызда. Еліміз жиырма екі жылдың ішінде талай биіктер мен белестерді ба­­­­ғын­дырды. Бұл – аздаған уақыт ішіндегі көлемді жетістік. Ал тіліміз жайлы ауыз толтыра ештеңе айта алмаймыз. Қара­­­пайым қазақтың балалары бір-бірімен сарнап орысша сөйлес­­кенде, қарадай қарның ашады. Сол жастар тіліміздің тағдыры болашақ еліміздің тағдыры екенін білмей­тін де шығар-ау, сірә?! Тіл – қай ұлттың болмасын тірегі, еліміздің болашағы. Да­рынды драматург, ақын Жүсіпбек Аймауытов атамыз: «Ана тілі – халық болып жа­­­­­сағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәң­гі құла­май­тын бәй­терегі», деген­дей, тіл тағдыры – ел тағ­ды­ры екенін әсте жадымыздан шығар­ма­й­ық. Тілге құрмет – елге құрмет екенін де ұмытпайық. Ернар МАМЫРБЕКОВ, №45 бейімделген орта мек­те­­­­­бінің 11-сынып оқушысы.