
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті дәстүрлі Жолдауымен миллиондаған отандастарын тағы бір серпілтіп тастады. Қазақстан жаңа белестерге, жаңа көкжиектерге тәуекел етіп отыр. Дүние жүзіндегі мойны озық 30 елдің қатарында нық тұруымыз керек, дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Әрбір қазақстандықтың мерейін көтеріп, кеудесіне мақтаныш сезімін ұялататын, намысын қамшылап, жігерін жанитын ұлы мақсат, асқаралы меже.
«Қазақ елі өткен 22 жылда қыруар іс тындырды. Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегінде елімізге деген мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды», дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Иә, кез келген иманды әрі саналы азамат туған елінің тілеуін тілейді, жоғын жоқтайды. Бізде өз елінің әрбір сәтті қадамы, жарқын тірлігі үшін жаны қалмай қуанатын, Отанымның жолында жаным садаға дейтін адамдар өте көп. Ендеше, «елімнің келешегі нұрлы, тірлігі баянды, халқым бақытты болсын!» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Президенттің арман-тілегін миллиондаған отандастардың терең түсінетіні анық.
Енді Жолдаудағы мына жолдарға назар салайық: «Бүгінде Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімді жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет». Еліне сенген, әрі елінің қапысыз сеніміне ие болған, туған жұртын жан жүрегімен сүйетін Президент қана осындай аса күрделі, әрі ұзақ- мерзімді белестерді бағындыруға тәуекел ететіні анық.
«Қадірлі ағайын! Біздің халқымыз екі жарым ғасырдан астам уақыт бодандықта болды. Екі жарым ғасырда талай ұлттық құндылықтан айырылып, ұлт ретінде жаншылып келдік». Осы сөзімен Президент ендігі жерде еңсемізді көтеріп, өзгелермен иығымыз тең, жаһандық бәсекеге лайық мемлекет болайық, дейді. Биылғы Жолдаудағы мына жолдар да соған үндейді: «Бүгінде дамығандықтың іргелі көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер көрсетіп отыр. Оған әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіреді. ЭЫДҰ-ға кіруге тағы 6 ел – Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Ресей және Оңтүстік Африка елдері үміткер болып отыр. Ұйымға мүше барлық елдер терең жаңғыру жолынан өтті, инвестицияның, еңбек өнімділігінің, шағын және орта бизнесті дамытудың, халық өмірі стандарттарының жоғары көрсеткіштеріне ие болып отыр. ...Жер жүзінің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жолындағы біздің базалық бағдарымыз осы».
Мақсат айқын, меже белгілі. Заман тыныш. Тек ынтымақ пен нар тәуекел керек! Қытай мен Ресей секілді алпауыт мемлекеттер әлі табалдырығын аттай қоймаған ЭЫДҰ-ға 17 млн. ғана халқы бар, әлі бұғанасы толық беки қоймаған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тәуекел етіп отыр. Қуан, қазақ, беліңді бекем бу! Бар тірлігіңді ғылыммен бекемдеп, маңдай теріңмен суар, әлемдік бәсекеге дайын бол, дегеннен басқа не айтамыз.
Әлеуеті зор отыз мемлекеттің қатарына ену үшін біздің ішкі қуатымыз күшті болуы керек. Соның бір дәлелі ретінде Президент «Қазақстанның экспорттық әлеуетіндегі шикізаттық емес өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру мақсатын көздейді». Кеңес өкіметі кезінде Қазақстан негізінен шикізат көзі болып есептелсе, болашақта біздің республика ғылым мен озық технологияға арқа сүйеп, экономиканың барлық саласын дамытуды көздеп отыр. Ол үшін ғылымды қаржыландыруға ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын жұмсау жоспарлануда.
Қазақ елінің нарықтық экономикаға бет бұрғанына жиырма жылдан жаңа асты. Көптеген мықты мемлекеттердің даму тарихына зер салсақ, оларда шағын және орта бизнес экономиканың негізгі тірегі саналады. Президент өз Жолдауында бұл бағыттағы ойларын былай саралады: «Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. ...Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. ...Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. ...Мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болмақ. Таяудағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасау керек, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмаймыз. ...Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс».
Президент ел дамуы стратегиясының басым бағыттарының бірі ретінде халықтың әл-ауқатын көтеруді ойлап отыр. Қазақ «Ораза, намаз – тоқтықта», дейді. Халық кәсіпті нәсіп етсе, ешкімге масыл болмайды, өз несібесін өзі айырады. Ондай халықтың ұрпағы да еңбекқор келеді. Қазір кез келген қаладағы көп қабатты үйлердің бірінші қабатында шағын және орта кәсіпкерлердің дүкендерін, кафе-ресторандарын, шаштараздарды, сән үйлерін, компьютер және аударма орталықтарын, нотариустерді, т.б. тірлік көздерін көруге болады. Бұл –халық кәсіпке бет бұрды деген сөз. Халық тоқ болса, мемлекет күшті болады. Ең бастысы, шағын және орта бизнесі өркендеген мемлекеттің экономикасы тұрақты дамиды әрі сыртқы күштерге тәуелді болмайды. Осы жағдайларды терең зерделеген Нұрсұлтан Назарбаев кейінгі жылдары шағын және орта бизнесті тексеруге бірнеше рет мораторий жариялады.
Экономиканың негізгі күретамыры – тасымал жолдары десек, Жолдауда көрсетілгендей: «Елде жолдар желісін жасау үшін біз Астана – Қарағанды – Алматы, Астана – Павлодар – Өскемен, Алматы – Қапшағай – Өскемен автожолдарын салуды бастадық. Осы бағыттар бойынша пойыздар қазірдің өзінде екі есе жылдам жүріп жатыр. ...«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы да аяқталуға таяу, Парсы шығанағына шығу үшін Түркіменстан мен Иранға теміржол тартылды. ...Ақтау портының қуаттылығын күшейтіп, экспорт-импорт операцияларының ресімдерін жеңілдету керек. ...Біз ұзындығы 1200 шақырым болатын Жезқазған – Шалқар – Бейнеу жаңа теміржолын салып жатырмыз. Бұл орасан құрылыс 2015 жылы аяқталады. Бұл магистраль Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді. Ал шығысқа Тынық мұхиттағы Ляньюньган порты арқылы шығамыз, бұл жөнінде ҚХР-мен келісім бар».
Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Мемлекет экономикасы үшін аса маңызды бұл жұмыстарды атқару үшін орасан көп қаржы, жұмыс күші және білікті мамандар керек. Президенттің тікелей басшылығымен Үкімет осындай тарихи ірі жобаларды қолға алды. Мұның бәрі мемлекеттің мүддесі, халықтың ертеңгі берекелі тірлігі үшін жасалып жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы сапалы жолсыз ел экономикасы жедел әрі қарқынды дами алмайтынын терең түсінгендіктен, осындай ірі тарихи қадамдарға тәуекел етті.
Осы жерден әңгіме арнасын спорт саласына бұрсақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан денешынықтыру мен спортты өз қамқорлығына алды. Елбасының 2020 жылы қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы тапсырмасы ел болашағын тереңнен ойлаған кемел шешім. Себебі, дені сау ұлт қана әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті болады. Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру үшін қазақ қоғамын сауықтыру ісін мықтап қолға алуға тиіспіз. Осыдан 5-6 жыл бұрын елдегі бұқаралық спортпен шұғылданған адамдардың үлесі 17-18 пайызды құраса, 2013 жылдың соңында ел халқының 23,4 пайызы (3,9 млн. адам) денешынықтыруға ден қойды. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мысалы, АҚШ-та саламатты өмір салтын ұстанатындар ел халқының 50%-ын құраса, Ұлыбританияда – 60%, Австралияда – 62%, Қытайда – 66,3%, Финляндияда 72% деңгейінде.
Бізге бұл елдердің деңгейіне жету үшін денешынықтыру мен спорттың насихатын күшейтумен қатар, осы саланың инфрақұрылымдарын жолға қою керек. 2016 жылға дейін Үкімет республика бойынша 42 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды жоспарлаған. Осы шаруа жүйелі жүрсе, таяудағы жылдарда Қазақстан спортының материалдық базасы едәуір нығаяды. Президенттің тапсырмасы негізінде Үкімет 2020 жылға дейін республика елді мекендерінің 50 пайызын спорт ғимараттарымен қамтуды көздеп отыр. Сонымен бірге, қазір ең төменгі әлеуметтік стандарт туралы заң жобасы әзірленуде. Бұл заңға сәйкес 50-ден 3000 адамға дейін тұрғыны бар елді мекендерде футбол, волейбол, баскетбол алаңы, жүгіретін айналма жол, турник, тағы басқа спорт жабдықтары бар спорт алаңдары көпшілік игілігіне беріледі. 2013 жылдың деректеріне сүйенсек, Отанымыздағы 6769 орта мектепте аптасына үш рет денешынықтыру сабағы өтеді. Бұл барлық мектептердің 98 пайызын құрайды. Былтырдан бастап 5-11 сынып оқушылары арасында футбол, волейбол, баскетболдан мектеп лигасы жарыстары өтті. Біле білсек, осы ауқымды тірліктің бәрі ұлтты сауықтыру үшін жасалып жатыр.
Президенттің биылғы Жолдауында «Саламатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырады», деген жолдар бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, тұрғындарының өмір сүру жасының ұзақтығынан дүние жүзінде Жапония (82,2 жыл) бірінші орында тұрса, екінші, үшінші орындарға Гонконг (81,8 жыл) пен Исландия (80,9 жыл) орныққан. БҰҰ-ның 2011 жылғы дерегі бойынша Қазақстан халқының орташа өмір сүру жасы – 63,4 жыл. Алла қалап, 2050 жылға қарай Президент армандаған белеске көтерілсек, халқымыздың өмір сүру ұзақтығы 80 жастың межесіне жететіні анық.
Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын нақты айқындап, әлеуметтік-экономикалық дамуымызды жан-жақты саралаған бұл Жолдау – Қазақстанның болашақ даму жолдарын кезең-кезеңмен белгілеп, «Нұр Отан» партиясының ХV съезінде қабылданған Доктринамен тығыз үндестік тапқан жаңа саяси бағдарлама. Сондықтан, бұл аса маңызды құжатты Отанымыздың тарихындағы жаңа бір кезеңнің бастауы десек, қателеспейміз.
«Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол», дейді Президент. Отанымыздың мәңгілік бақытын армандаған Нұрсұлтан Әбішұлына ақ жүректен, шын пейілмен тілектестігімді білдіремін.
Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық олимпиада комитетінің президенті.