04 Ақпан, 2014

Маңғыстау мұнай өңдеу зауытын неге жаңғыртпасқа?

4630 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Қазақстан-2050» стратегиясы – ауқымды істердің арқа сүйері

0-a11 Мұнайлы ел бола тұрсақ та жанар-жағармай мәселесінің түйткілі әлі күнге шешімін таппай тұрған жайымыз бар екені рас. Мейлі, тұтыну тұрғысынан халықаралық талапқа сай икемделсек те, әлемдік мұнай бағамының әсері біздегі мұнай өнімдерінің кей жағдайда арзандауына ықпал етуі тиіс еді. Жоқ, бізде маусым сайын және халықаралық талаптарға сай жанар-жағармайдың бағасы тек бірыңғай өсу үстінде. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы осы мәселенің нүктесін қою туралы арнайы тоқталып өтті. Халықтың да күткені, көксегені сол болатын. Осы ретте өз мұнайымыздан алынған өнімдердің пайдасын халық қайтсе көреді деген сауал төңірегінде ардагер мұнайшы, Кеңес одағының кезінде бірқатар жылдар бойы «Маңғыстау-Мұнай» өндірістік бірлестігін басқарған, 1992-1995 жылдар аралығында Энергетика және табиғи ресурстар министрінің Мұнай және газ шаруашылығы бойынша бірінші орынбасары қызметін атқарған, «Халықтар Достығы», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, КСРО-ның құрметті мұнайшысы һәм өзінің бар саналы өмірін мұнай өндіру саласына арнаған қайраткер Нұрлыхан БЕКБОСЫНОВПЕН әңгімелескен едік. – Нұрлыхан аға, мұнайлы өлке екеніміз ақиқат. Еуроталапқа сай икемделу өз алдына, елдегі жа­нар-жағармайдың жер жырту, егін ору кезінде қымбаттап ке­те­ті­­ні де көптің көңілін пәсей­те­тін құбылыс. Мұнай өнімдері­нің бағасын қайтсек ырықтан­дырамыз? – Рас айтасың, еліміз мұнай мен газдың қоры жөнінен дүние- жүзінде ондыққа кіретін бірде-бір ел. Сонымен қатар, Орталық Азия аумағындағы шикі мұнайды ең көп өндіретін ел ретінде де алдыңғы қатарда. Биылғы жылдың жоспарына сай Қазақстан 80 миллион тоннадан астам мұнай өндіруге тиіс. Мұның бәрі еліміздегі 172 мұнай кен орнының 80-нен аса нүктесінен өндірілуде. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп отыр. Біздің мұнай тұтынушыларға 3 түрлі әдіспен тасымалдануда, олар – Өзен, Атырау-Самара-Каспий, мұ­най құбыры (КТК) арқылы және Ата­су-Алашонкау мұнай құбыры ар­қы­лы, Ақтау порты арқылы теңіз тасы­малы және теміржол торабы бойынша. Қазақстанда 3 мұнай өңдеу зауыты бар. Олар – Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары. Қазіргі кезде бұл зауыттардың өнімдері сапасы төмен, мұнай өңдеу қондырғылары тозған, ескі, сондай-ақ, мұнай өнімдерін өндіру тереңдігі 65-68 пайыздан аспайды, сол себепті де мұнай өнімдерінің сапасы халықаралық стандартқа сәйкес емес. Салыстырмалы түрде айтсақ, мәселен, АҚШ пен Еуропа елдерінің мұнай өндіру тереңдігі 87-92 пайыз және сапасы да жоғары. Қазақстан жыл сайын 80 миллион тоннадан аса мұнай өндіріп отырса да елімізде жанар-жағармай жетіспеушілігі, баға тұрақсыздығы, тіпті, әлемдік нарықта мұнайдың бағасы төмендесе де бензиннің қымбаттауы мен сапасыздығы толастамай тұр. Бұл, сөз жоқ, еліміздің экономикасының өсіп, өркендеуіне және халықтың әлеуметтік жағдайы­ның жақсаруына кері әсерін тигізбей қоймайды. Жанар-жағармай проб­лема­сындағы келеңсіз жағдайлардың себебі, меніңше, мынада, бірін­ші­ден, еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауыт­тарының әбден тозығы жеткен­ді­гінен және мұнай өндіруші компаниялар үшін мұндай ескі зауыт­тарда мұнай өңдегеннен оны экспортқа шығарып сатқан тиімдірек. Екіншіден, Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттары Кеңес өкіметі кезінде Ресейдің Батыс Сібір мұнайына икемделіп салынғандықтан, құбырлар Ресей тарабына тартылған да, Қазақстанның мұнай кен орындарымен байланыстыратын құбырлар жоқ. Кейін егемендік алған соң Ресей жағынан келетін мұнай көлемі азайды да, бұл екі зауытқа мұнай көлемінің толық жетіспеуінен оның нарыққа әсері артып отыр. Үшіншіден, елдегі жанар-жағар- май тұтынатын техниканың артуы және төртінші себеп – қажетті мұнай өнімдерін сырттан әкелу болып отыр. Сондай-ақ, бесінші себеп – республикамызда көпке дейін жанар-жағармай проблемаларын реттейтін, олардың бағаларын бір жүйеге келтіретін заңның болмауы. Айта кетейік, соңғы жылдары Үкімет, Мұнай және газ министрлігі, Қазақ ұлттық мұнай-газ компаниясы және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры бірлесіп республикадағы 3 мұнай зауытын жаңғырту жөнінде кең қамтылған үлкен жоспар жасап, оны қаржыландыру ісі қарастырылып жатыр. 2011 жылы 20 шілдеде Үкімет №463-IV «Мұнай өнімдері айналымы мен өндірудің мемлекеттік реттеуі туралы» қаулы қабылдаған еді. Әрине, бұл шаралар ел экономикасының өркендеуіне сөзсіз оң әсерін тигізері хақ. Алайда, Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының еліміздің мұнайлы кен орындарынан шалғай орналасуы елдегі жанар-жағармай проблемасын түпкілікті шеше алмайды. Сондықтан да бұл мәселені толығымен шешу үшін мұнай кен орындары шоғырланған аймақтарға жақын әрі Қазақстан мұнайының физика-химиялық құрамына сәйкес, қазіргі талаптарға сай мұнай өңдеу қондырғыларының жетістіктерін толық пайдалана отырып жаңа 1-2 зауыт салу қажет. – Биылғы Жолдауында да Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев елде та­ғы бір зауыт құрылысын қол­ға алу шарасын тапсырғанын біле­сіз. Елбасы айтып, сарапшылар қуат­­тап отырғандай, бар түйткіл зауыт­­қа келіп тірелсе, ондай жаңа мұ­най өңдеу зауытын салынатын жер бар ма? – Әрине, бар. Оның үстіне мәсе­ле­ні көп ұзартпай тиімді шешудің бірден-бір жолы – Одақ тарқамас бұрын құрылысы басталып, кейінірек тәуелсіздік алған тұста уақытша тоқтап қалған Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының құрылысын қол­ға алу. Маңғыстау мұнай өң­деу зауыты 80-жылдардың ая­ғын­да, Маңғыстау облысының солтүс­ті­гі­нен, дәлірек айтқанда, Бозашы түбе­гінен сол кездері ашылып іске қосыла бастаған Қаражанбас, Қалам­қас, Қаражанбас-море, Солтүстік Бозашы, Солтүстік Қара­жан­бас, Жалғызтөбе, тағы бас­қа кен орын­дарынан өндірілген мұ­най­дың физикалық-химиялық құры­лымы мен құрамында ванадий, никель секілді сирек кездесетін метандардың болуы, оны одақтың мұнай өңдеу зауыттары дұрыс өң­дей алмайтындығына байланысты салуға шешім қабылданған. Сол кездері Маңғыстауда ашыл­ған үлкен кен орындарынан өн­ді­рі­летін мұнайдың физика-химиялық ерекшеліктері ескеріліп, оларды тиімді пайдаланудың бірден-бір жолы сол жерден мұнай өңдеу зауыттарын салу екендігі дәлелденген еді. Бұл мәселе сол кездегі биліктің ал­дына қойылып, Маңғыстау мұ­най өңдеу зауытын салуды жан-жақ­ты дәлелдейтін техника-эконо­ми­калық жобасы дайындалып, оң шешімін тапқан-ды. Сол жылдары бұл мәселені шешуде Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы болып, зауыт құрылысы сол кісінің тікелей бақылауында болған. Өкінішке қарай, қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстары 1994 жылы алғашқы дағдарысқа байланысты уақытша тоқтатылған еді. Бұл кезде зауыттың сыртқы коммуникациясының бірқатары салынып, Маңғышылақ стансасынан зауытқа дейін 32 шақырымдық теміржол, энергокомбинаттан жоғары кернеулі электр торабы, автожол, бірнеше корпус секілді керекті құрылымдар дайын болған. Тағы бір ескерер жайт, Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының құрылысы Ақтау қаласының солтүстік-батыс жағында қаладан 43 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұның тиімділігі – Маңғыстау, Атырау облыстарында жылдың үштен екі бөлігінде жел тек шығыстан соғады, сол себепті де бұл жоба экологиялық тұрғыдан да өзінің тиімділігімен құнды еді. Оның үстіне зауыттың орналасқан жері кен орындарының құбырларына да жақын. Міне, содан бері 20 жыл уақыт өтті. Сол зауыт бүгінгі еліміздегі жанар-жағармай проблемасын түбегейлі шешуге көп ықпал ететін тиімді жоба ретінде әлі де өз құндылығын жоймай тұр деп білемін. Зауыттың қуаты 6 миллион тонна мұнайды өңдеп, мұнай айыру тереңдігі 92 пайыз болатын. Сонымен қатар, зауыттан халықаралық стан­дарт­тарға сай келетін өніммен қа­тар мұнай өнімдерінің керекті но­мен­кла­тураларының барлығын өндіріп, са­палы жол салуға қажетті битум алу­ға да болатындығы дәлелденген еді. Егемен еліміздің экономикасын мұнай өнімдерімен қамтамасыз етудегі проблемаларды түпкілікті шешудің тиімді жолы қазіргі техниканың жетістіктерін пайдалана отырып, Қазақстанның мұнайлы аймақтарында мұнай өңдеу зауыттарын салу. Бұл қадамның маңызды екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын Жолдауында да баса айтты. Егер біз Мемлекет басшысының алға қойып отырған міндеттерін, оның ішінде мұнай өңдеу зауытына қатысты тапсырмасын тыңғылықты орындаймыз десек Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының құрылысын жалғастырып, қысқа мерзімде іске қосу арқылы уақыттан да, қаражаттан да ұтарымыз көп болар еді. – Маңғыстау мұнай өңдеу зауытын іске қосу, тек жанар-жағармай мәселесін ауыздықтаумен қатар, елдегі басы ашық біраз проблеманы тойтаруға қызмет етсе керек? – Маңғыстау экологиялық тұр­ғыдан проблемалы аймақ. Осыған орай кезінде Маңғыстау мұнай өңдеу зауытын салатын орын жан-жақты зерттеліп, дәлелденген, оның құрылысына сол кездің өзін­де қыруар қаржы жұмсалған. Маң­ғыс­тау мұнайының құрамына байланысты туындайтын проблемаларды шешу мақсатында сол жерден зауыт салып мұнай өнімдерін шығару мә­се­ле­сі көтерілген еді, бұл жағдай әлі де бар. Маңғыстаудың үлкен мұнай кен орындары ашылғанына да біраз жыл болды. Бұл кен орындары пай­даланудың соңғы сатыларында жүріп жатыр. Жетібай, Өзен кен орындарының пайдалануға беріл­геніне де 50 жылдай уақыт болды. Қаражанбас, Қаламқасқа 30-35 жыл. Сондықтан бұл кен орындарынан мұнай өнімдерін алу жыл сайын қиындай береді, сол себепті өзіндік құны да арта түспек. Өндірілетін мұнайдың көлемі азайған сайын облыстың да экономикасы келешек­те төмендей түседі. Сол себепті, өн­ді­­­рілетін мұнайдың бір бөлігін жер­гілікті жерден өңдеп сыртқа тасымалдау арқылы мұнайлы аймақтың экономикасын көтеруге болады. Қазақстанның батысындағы мұ­най кен орындарының қоры жеткі­лікті. Сондықтан да, бұл аймақта мұнай айыру зауыттарына берілетін мұнай көлемі жөнінен ұзақ уақыттар бойына проблема туындамасы анық, оның үстіне Маңғыстау мұнай өңдеу зауытына елдің батысында ашылған кез келген мұнай кен орындарынан өндірілген мұнайды құбыр арқылы тасымалдауға болады. Маңғыстау мұнай өңдеу зауытын салғанда республиканың ішкі және сыртқы тұтынушыларына жеткізу мәселесі жан-жақты дәлел­де­ніп салынған болатын. Оның үсті­не егемендік алғаннан кейін Маң­ғыс­­тау мен Түркіменстан арасын­да салы­нып, қазірде пайдалануға беріл­ген теміржол жүйесі бұл мәсе­ле тұр­ғысында проблемалар туын­да­майтындығына кепіл болып отыр. Маңғыстаудағы үлкен кен орын­дарының мұнай өндіру мүмкін­шіліктері жыл сайын азайып келеді. Жаңа кен орындарының әзірге ашылмауы облыстағы жұмыссыздық проб­лемасын арттыра түспек. Осы жағ­дайда Маңғыстау мұнай өңдеу зауыты мыңдаған жұмыс орнымен елді қамтамасыз етеді. – Жөн екен... – Тағы бір тиімді ұсыныс, Маң­ғыстау мұнай өңдеу зауытын Ақтау қаласының маңында ғана емес, Жаңаөзен қаласынан да салуға болады. Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында Жетібай-Өзен кен орындарының кең көлемде іске қосылуына байланысты мұнаймен бірге өндірілетін ілеспе газдың да үлесі үлкен болды. Ол ілеспе газды өңдеп, Өзен-Жетібай кен орындарында мұнай өндіру әдістерінің бірі газлифті жұмысына пайдаланып, артығын Ақтаудағы жылу электрстансаларына беретін. Осы ілеспе газды тиімді пайдалану үшін қазақтың газ өңдеу зауыты іске қосылған еді. Ол зауыттың қуаты 1,5 миллиард текше метр газ өңдейтін. Кейінгі жылдары Өзен-Жетібай кен орнынан өндірілетін мұнай көлемінің азаюына байланысты, өндірілетін мұнайдың құрамында судың көбейіп кеткендігінен осы ілеспе газдың үлесі азайды. Газ өң­деу зауытына берілетін газдың кө­лемі азайып, сонымен қатар, газ зауы­тының жұмыс қарқыны да төмендеп кетті. Осы себепті, газ зауытында жұмыс істейтін жұмысшылардың да келешегі бұлыңғыр болып тұр. Жұмыссыздық көрсеткіші жыл санап көбеюде. Осы орайда Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздық проблемасын ескере отырып, жобалау инс­титуттарын қатыстыру арқылы газ өңдеу зауытын жаңғыртып мұнай өңдеу зауытына ауыстырудың жол­дарын да қарастырса артық бол­мас еді. Себебі, бұл мәселе оңды шешілетін болса, жұмыс жасап тұрған газ зауыттың бүкіл инфра­құрылымы мен инженерлік коммуникациясын пайдалану арқылы жаңадан салынатын мұнай өңдеу зауытына жұмсалатын қаржы шығынын едәуір азайтар еді. 0-a12 Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар