Қоғам • 23 Қыркүйек, 2021

Түркістаннан – теріскейге

331 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан облысынан теріскей өңірлерге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударуды ойлағандардың көбі сол­түстік қысының суықтығы мен ұзақтығын айтып, екіұдай күйге түсетіні белгілі. Ал қоныс аударғандар жергілікті тұр­ғындардың жылы қабағы мен жасалған жайлы тұрмыстық жағ­дайлар ауа райының айырмашылығын ұмыттыратынын ай­тады. 2015-2021 жылдар аралығында облыстан солтүстік өңір­лер­ге барлығы 2 533 отбасы, яғни
9 617 адам қоныс аударған.

Түркістаннан – теріскейге

Биылғы 7 айда теріскей өңір­лерге Түркістан облысынан 302 отбасы, яғни 1341 тұр­ғын көшіп барыпты. Бұл – рес­публика бо­йынша қоныс ауда­рушылардың 30 пайызы. Мемлекеттік бағ­дар­лама аясында қоныс аударушылар қатары жыл сайын артып ке­ле­ді. Солтүстікке көшкен отба­­сылар бірнеше мәселені бір­­ден шеше алады. Баспаналы бо­лады, тұрақты жұмыс табады, шаруашылық жерді иеленеді. Ал астықты аймақтар қо­сым­ша жұмыс күшімен то­лы­ғып, де­мо­гра­фиялық өсімі жо­ға­ры­лай­ды.

Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­л­а­­масы бойынша солтүстік өңір­­лерге қоныс аударушылар үшін 6039 отбасына квота бөлді. Ал шетелден келген қан­дастарымызға 1426 отбасына квота ұсы­нылып отыр. Атап айт­қан­да, Ақмола облысы – 258, Шығыс Қазақстан облысы – 195, Қостанай облысы – 350, Павлодар облысы – 500, Солтүстік Қазақстан облысы 123 отбасын қабылдауға да­йын. Ішкі көші-қон үшін Шығыс Қазақстан облысына 637 тұрғынға квота дайын­дал­са, Қостанай облысы – 455, Павлодар облысы – 2600, Солтүстік Қазақстан облысы 2347 тұрғынды қарсы алмақ.

Осы орайда Түркістан облы­сының әкімдігі, Жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­мет­тік бағдарламалар бас­қар­масы, Nur Otan партия­сы­ның облыстық филиалы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда бір­ле­се жүйелі жұ­мыс­ атқарып келеді. Нақ­­ты­рақ айтсақ, көші-қонды ұйым­­дас­тыру мен ақпараттық жұ­мыс­ күшейтілген. Партия филиал­дары, барлық аудан, қа­ладағы Жұмыспен қамту ор­та­лықтары бірлесе жұ­мыс іс­теу­де. Депутаттар мен бел­сен­ді азаматтар да стра­те­гиялық ма­ңызды іске өз үлестерін қо­сып ке­леді. Мысалы, кәсіпкер Жа­ңа­­бай Ағабеков арнайы автобус бөлдіріп, қоныс аударуға ниет біл­­діргендерді солтүстікке өзі апа­­рып келген.

«Атқарылып жатқан жұ­мыс­­тардың нәтижесінде аудан­дар мен қалаларда жұмыс бір­ша­ма жандана түсті. Өткен жылы біздің өңірден барлығы 347 отбасы, 1066 адам қоныс аударса, биыл 7 айдың өзінде осы көрсеткішке жақындап қалдық. Былтыр Сайрам ауданынан 42 отбасы (141 адам) көшсе, биыл 7 айда 150 тұрғын жаңа мекенге қоныс аударды. Сонымен бірге Жетісай, Сарыағаш аудандарында да қозғалыс бар. Пандемия экономикаға ғана емес, көші-қонға да теріс әсерін тигізіп жатыр. Дегенмен бұл игі дәстүр тоқтамайды, жалғасын табады. Карантин көптеген жоспарды өзгертті. Енді онлайн бағыттағы наси­хат­қа барынша көңіл бөліп, коммуникацияның барлық түрі кеңінен қолданылмақ. Жуырда Telegram әлеуметтік же­лі­сінен «Түркістаннан – Теріс­кей­ге» атты арнайы арна іске қо­сыл­ды», дейді Nur Otan пар­тия­сы облыстық филиалы тө­ра­ға­сының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.

­Ішкі көші-қонға солтүстік өңірден келетін әкімдіктер өкіл­де­рі мен арнайы іс-шаралар да оң ықпал етуде. Жуырда Арыс қаласында Nur Otan партиясы қалалық филиалы мен ха­лықты жұмыспен қамту ор­та­лығы бірлесіп, «Еңбек» мем­­лекеттік бағдарламасы ая­сында солтүстік өңірлерге қо­ныс аудару мәселесі бойынша «Ашық есік» күнін өткізді. Қала тұрғындарына Павлодар өңі­рі­нен арнайы делегацияны бас­тап келген Шарбақты аудандық жұмыспен қамту ор­та­лы­ғының директоры Г.Смаил­ханова және Галкин ауыл­­­дық ок­ру­гін­ің әкімі Д. Нұр­сеитов үгіт-насихат жұ­мы­сын жүр­гізді. Нәтиже­сін­де, Арыс қа­ла­сынан 10 отба­сы көшуге ниет білдіріп отыр­ған­дық­тарын жеткізді.

Павлодар облысына қоныс аударғысы келетін отбасылар аз емес. Мысалы, жыл басы­нан бері аталған облысқа 205 отбасы қоныс аударған. «Бағ­дарламаның шарапатын көр­ген­дердің 50%-ы – еңбекке қа­бі­летті жандар, 1%-ы – зейнеткерлер, 49%-ы – балалар. Қоныс аударғандардың басым көпшілігі ауыл шар­уа­шы­лығымен айна­лыс­қы­сы ке­леді. Жұмыс, үй алу мәсе­ле­сін ретімен шешу жолға қо­йыл­ған. Келісімге сай көшіп келген отба­сы мүшелері 5 жыл ауыл­да тұрақтап қалуы шарт, әйтпесе берілген қаражат мемлекет қазынасына қайтарылуға тиіс», деді Павлодар облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Меруерт Есембаева. Ал Те­реңкөл ауданындағы Жұ­мыс­­пен қамту орталығының ди­ректоры Азамат Мұқанов Павлодардан 105 шақырым жерде орналасқан ауданда 35 елді мекен, 12 ауылдық округ барын, механизаторлар тапшы екенін айтады.

«Кез келген тұрғын көшуге ниет­ті болса, құшақ жая қарсы алу­ға дайынбыз. Өз кәсібін аша­мын деушілерге егін, мал шаруа­шылығымен айналысуға жер телімдері ұсынылады», деді А.Мұқанов.

Сауран ауданына іссапар­мен келіп, тұрғындарға қоныс аудару бағдарламасын түсін­дір­ген Павлодар ауданы әкі­мі­нің орынбасары Қайрат Нұрма­ғам­бе­тов көшіп келген отба­­­сының әр мүшесіне 204 мың теңге көлемінде субсидия бері­летінін айтты.

«Сондай-ақ бір жыл бойы пәтер жалдап тұруы үшін 400 000-600 000 теңге ара­лы­ғын­­да пәтерақы қар­жы­сы да қарас­­ты­рылған. Ал солтүстікке бағ­­­дар­лама арқылы көшіп келіп, өз ақшама үй сатып ала­мын деушілерге жылдық пәтер­ақыға қарастырылған қар­жы үй сатып алу­ға қо­сыл­­ған үлес ретінде бе­рі­ле­тінін де айта кеткім ке­ле­ді. Көшіп кел­ген отба­сы­ларды жұ­мыспен қамту, бала­лар­ды ба­лабақша мен мектеп­ке орналас­ты­ру сияқ­­ты бар­лық жағдай жа­сал­ған. Пав­ло­дар ауданында да кө­шіп келушілердің жағ­да­йын арттыруға арналған жұ­мыс қарқынды», деді Қайрат Қайыржанұлы.

Деректерге жүгінсек, түр­кіс­­тандықтардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдағанын аңғарамыз. Бұл өңірге 205 отбасы (972 адам) немесе қоныс аударушылардың 67,9 пайызы қазық қаққан. Солтүстік Қазақстан облысына – 69 отбасы (272 адам), Қостанай облысына – 16 отбасы (74 адам), ал Шығыс Қазақстан облысына 12 отбасы (23 адам) көшкен. Ал облыс бойынша Сайрам (150 адам), Сарыағаш (142 адам), Жетісай (118 адам), Мақтаарал (115 адам), Шардара (104 адам) аудандары мен Арыс (108 адам) қаласында теріскейге қоныс аударушылар көп.

 

Түркістан облысы