Биылғы 7 айда теріскей өңірлерге Түркістан облысынан 302 отбасы, яғни 1341 тұрғын көшіп барыпты. Бұл – республика бойынша қоныс аударушылардың 30 пайызы. Мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударушылар қатары жыл сайын артып келеді. Солтүстікке көшкен отбасылар бірнеше мәселені бірден шеше алады. Баспаналы болады, тұрақты жұмыс табады, шаруашылық жерді иеленеді. Ал астықты аймақтар қосымша жұмыс күшімен толығып, демографиялық өсімі жоғарылайды.
Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлерге қоныс аударушылар үшін 6039 отбасына квота бөлді. Ал шетелден келген қандастарымызға 1426 отбасына квота ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Ақмола облысы – 258, Шығыс Қазақстан облысы – 195, Қостанай облысы – 350, Павлодар облысы – 500, Солтүстік Қазақстан облысы 123 отбасын қабылдауға дайын. Ішкі көші-қон үшін Шығыс Қазақстан облысына 637 тұрғынға квота дайындалса, Қостанай облысы – 455, Павлодар облысы – 2600, Солтүстік Қазақстан облысы 2347 тұрғынды қарсы алмақ.
Осы орайда Түркістан облысының әкімдігі, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Nur Otan партиясының облыстық филиалы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда бірлесе жүйелі жұмыс атқарып келеді. Нақтырақ айтсақ, көші-қонды ұйымдастыру мен ақпараттық жұмыс күшейтілген. Партия филиалдары, барлық аудан, қаладағы Жұмыспен қамту орталықтары бірлесе жұмыс істеуде. Депутаттар мен белсенді азаматтар да стратегиялық маңызды іске өз үлестерін қосып келеді. Мысалы, кәсіпкер Жаңабай Ағабеков арнайы автобус бөлдіріп, қоныс аударуға ниет білдіргендерді солтүстікке өзі апарып келген.
«Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде аудандар мен қалаларда жұмыс біршама жандана түсті. Өткен жылы біздің өңірден барлығы 347 отбасы, 1066 адам қоныс аударса, биыл 7 айдың өзінде осы көрсеткішке жақындап қалдық. Былтыр Сайрам ауданынан 42 отбасы (141 адам) көшсе, биыл 7 айда 150 тұрғын жаңа мекенге қоныс аударды. Сонымен бірге Жетісай, Сарыағаш аудандарында да қозғалыс бар. Пандемия экономикаға ғана емес, көші-қонға да теріс әсерін тигізіп жатыр. Дегенмен бұл игі дәстүр тоқтамайды, жалғасын табады. Карантин көптеген жоспарды өзгертті. Енді онлайн бағыттағы насихатқа барынша көңіл бөліп, коммуникацияның барлық түрі кеңінен қолданылмақ. Жуырда Telegram әлеуметтік желісінен «Түркістаннан – Теріскейге» атты арнайы арна іске қосылды», дейді Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Ішкі көші-қонға солтүстік өңірден келетін әкімдіктер өкілдері мен арнайы іс-шаралар да оң ықпал етуде. Жуырда Арыс қаласында Nur Otan партиясы қалалық филиалы мен халықты жұмыспен қамту орталығы бірлесіп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында солтүстік өңірлерге қоныс аудару мәселесі бойынша «Ашық есік» күнін өткізді. Қала тұрғындарына Павлодар өңірінен арнайы делегацияны бастап келген Шарбақты аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Г.Смаилханова және Галкин ауылдық округінің әкімі Д. Нұрсеитов үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, Арыс қаласынан 10 отбасы көшуге ниет білдіріп отырғандықтарын жеткізді.
Павлодар облысына қоныс аударғысы келетін отбасылар аз емес. Мысалы, жыл басынан бері аталған облысқа 205 отбасы қоныс аударған. «Бағдарламаның шарапатын көргендердің 50%-ы – еңбекке қабілетті жандар, 1%-ы – зейнеткерлер, 49%-ы – балалар. Қоныс аударғандардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысқысы келеді. Жұмыс, үй алу мәселесін ретімен шешу жолға қойылған. Келісімге сай көшіп келген отбасы мүшелері 5 жыл ауылда тұрақтап қалуы шарт, әйтпесе берілген қаражат мемлекет қазынасына қайтарылуға тиіс», деді Павлодар облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Меруерт Есембаева. Ал Тереңкөл ауданындағы Жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Мұқанов Павлодардан 105 шақырым жерде орналасқан ауданда 35 елді мекен, 12 ауылдық округ барын, механизаторлар тапшы екенін айтады.
«Кез келген тұрғын көшуге ниетті болса, құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен айналысуға жер телімдері ұсынылады», деді А.Мұқанов.
Сауран ауданына іссапармен келіп, тұрғындарға қоныс аудару бағдарламасын түсіндірген Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрмағамбетов көшіп келген отбасының әр мүшесіне 204 мың теңге көлемінде субсидия берілетінін айтты.
«Сондай-ақ бір жыл бойы пәтер жалдап тұруы үшін 400 000-600 000 теңге аралығында пәтерақы қаржысы да қарастырылған. Ал солтүстікке бағдарлама арқылы көшіп келіп, өз ақшама үй сатып аламын деушілерге жылдық пәтерақыға қарастырылған қаржы үй сатып алуға қосылған үлес ретінде берілетінін де айта кеткім келеді. Көшіп келген отбасыларды жұмыспен қамту, балаларды балабақша мен мектепке орналастыру сияқты барлық жағдай жасалған. Павлодар ауданында да көшіп келушілердің жағдайын арттыруға арналған жұмыс қарқынды», деді Қайрат Қайыржанұлы.
Деректерге жүгінсек, түркістандықтардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдағанын аңғарамыз. Бұл өңірге 205 отбасы (972 адам) немесе қоныс аударушылардың 67,9 пайызы қазық қаққан. Солтүстік Қазақстан облысына – 69 отбасы (272 адам), Қостанай облысына – 16 отбасы (74 адам), ал Шығыс Қазақстан облысына 12 отбасы (23 адам) көшкен. Ал облыс бойынша Сайрам (150 адам), Сарыағаш (142 адам), Жетісай (118 адам), Мақтаарал (115 адам), Шардара (104 адам) аудандары мен Арыс (108 адам) қаласында теріскейге қоныс аударушылар көп.
Түркістан облысы