Коронавирус • 23 Қыркүйек, 2021

COVID-19 қандай ауруларды қоздырады?

1021 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Індетпен арпалысып өмір сүргелі де екі жылға жуықтап қа­лып­ты. Осы уақыт ішінде қаншама адам аурудан жазылып шық­ты де­ген­мен, оның салдарымен күресуге көп күш жұмсауға тура ке­луде.

COVID-19 қандай ауруларды қоздырады?

Нұр-Сұлтан қаласы Uni­ver­si­tical Medical Center кор­­по­ра­тив­тік қорының респуб­ли­­­ка­лық диаг­ностикалық орталы­ғын­дағы мамандар SARS-CoV-2 виру­сының адам ағзасының қай тұ­сын­да осалдық бар екенін жазбай табатынын айтады. Біреудің жү­ре­гі әлсіз болса, біреудің жүй­ке жүйесі осал, ал тағы біреу­дің тыныс алу, зәр шығару, асқа­зан-ішек құрылысы, сусамы­ры, қалқанша безі вирусқа қарсы тұра алмайды. Қысқасы не керек, бұл вирус ұйықтап жатқан небір дерттерді, онкоауруларды, тіпті пәленбай жыл бар-жоғы бел­гі­сіз болып келген әлде­бір гене­ти­ка­лық ақауды оятып, адам­ның аяғын әлтек-тәлтек бастырып жі­­береді­.

Пациент жазылып шыққаннан ке­йін оның ағзасына корона­ви­рустың тигізетін әсерімен кү­рес­п­­е­се болмайды. Адам­дар­дың мән бермей, кейін өзді­гінен қалпына келер деген үміттері ақталмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралып, ауру меңдеп, тереңдеп кетпеуінің ал­дын алған абзал. Қош, сонымен дәрігерлерге кезек берейік.

Неврология бөлімінің меңге­ру­шісі Гүлжан Жоламанова ға­лым­­дар зерттеулер арқылы вирус жұғуының әсерінен болған ас­қынулармен қатар, оның пси­хо-эмоциялық жүгінен тыс, орталық нерв жүйесіне зардабы бар екенін анықтағанын айтты.

– Адамдардың жүйке жүйесі 10 жыл шамасында қартайып, ко­гнитивті функциялары төмен­деп, есте сақтау қабілетіне айтар­лық­тай нұқсан келеді, дәл осы мез­гілде дәрігерге қаралудың ма­ңы­зы өте зор. Адам егер бұ­рын­­ғыдай емес, жадының тозып бара жатқанын байқаса, ұялмай өзі немесе жақындары ол адамды дәрігерге алып келгені жөн. Кейде ол баста кистаның болуы­нан, әлде бір ісіктің әсерінен орын алуы мүмкін. Зерттей келе та­би­ғатын тану арқылы манипу­ляция жасалады. Мәселен, ісікті, кистаны алып тастаған соң, қа­жет­ті терапиядан соң есте сақ­тау қабілеті қалпына келеді. Өткенде ғылым кандидаты, салиқалы кісі келіп жадының тозуына ша­ғым айтты. Әңгімелесу барысын­да ғылыми тұрғыда ойлай алатын қабілетті адамның жаңа ғана айтылған кейбір жайтты қай­тып есіне түсіре алмауын, қара­па­йым сағаттың суретін сала алма­ға­­нын көрдік. Ал мұндай ауру белгілері байқалғанда, оның 1 және 2-кезеңдерін емдеп жазуға болады. 3-кезеңде келсе жазылуы қиын, пациент біреудің қо­лына қарап қалады. Тамақ ішуі, киінуі, жүріп-тұруы мен өзге де өмірлік қажеттілігін өтеу­ді өз­дігінен атқара алмайды. Ере­­сек адам бір жасқа дейінгі нә­­рестенің күйін кешеді. Бұл, әрине, өте қиын жағдай ғой. Со­ны­мен қатар постковидке тән тағы бір сипат – адамдардың бо­йын қорқыныш билеу, ұйықтай алмауы. Бұлардың барлығы ізсіз өтпейді. Сондықтан осы кезең­дер­де психологтер мен массаж жасаушылардың жұмыстары да көбейді. Тіпті SARS-CoV-2 ме­ди­­цинада аты бар болғанымен күн­делікті дәрігерлік практикада кездесе бермейтін ауруларды су бетіне қалқытқандай алып шық­ты. Атын естігеніміз болмаса, өмі­рі емдеп көрмеген ауру шық­қан­да емін қайтеміз деп әдебиет із­дес­тіруге мәжбүрледі, – дейді Гүлжан Мүслиманбекқызы.

Дәрігер вирустың нейрондар қызметіне, нейротранс­миттер метаболизміне кері әсер етумен қа­тар, нерв жүйесіндегі қа­бы­­ну­дан, ишемиядан тромбы­лар тү­зі­ліп, адам ағзасы зардап ше­ге­тінін айта келе, па­циент­тер­дің 10 күннен артық өзін өзі оқшаулауда болуының сератонин, дофамин, адреналин тәрізді маңызды нейромедиаторлардың бөлінуіне кедергі жасайтынын да айтты. Оның айтуынша, был­тыр бірнеше айға созылған лок­даун­ның салқынын бүгінде жас­өспірімдерге дейін тартып жа­тыр. Үйде компьютер мен гад­жет­­терге үңілген қимылсыз оты­рыс­тар остеохандроз ауруын кө­бей­тіп жіберген. Бұл ретте ма­ман көбірек жаяу жүріп, спортпен айналыспасақ, енді 5-6 жылда буындары сірескен, омыртқалары иілмейтіндердің тұтас әскері қа­лып­тасатынын айтады.

Медицина ғылымының докторы, эндокринолог Айгүл Дур­ма­нова сусамыр дертіне шал­дық­қан адамдардың COVID-19 жұқтыруы өзгелерге қарағанда он есе көбірек екеніне тоқталды. Қанның құрамында қанттың жоғары болуы вирустың өкпе эпителийіне жылдамырақ өтуіне жол ашады. Мұнымен қоса ұйқы безі аралшықтарының бета-жасушаларының түзілуі бұзы­лып, инсулин бөлінуіне нұқ­сан келеді. Сөйтіп сусамыр (қант­ диабеті) екінші фор­ма­­сындағы бұрын таблеткамен ем­деліп жүрген пациентті ин­су­лин қабылдайтын күйге өткі­зіп жібереді. Сонымен қатар SARS-CoV-2 бұрын мұндай ауру­мен ауырмағандарды, эндо­кри­нологтың есебінде ешқа­шан тұрмаған жандардың өзін сусамырға алып келіп жатыр. Сондықтан коронавирус жұқ­ты­рып, ауырып, жазылып шық­қан адамдар жарты жыл көле­мін­де қан құрамындағы глюкоза мөлшерін ай сайын өлшетіп тұруы қажет. Өйткені пациент ағзасында көмірсулар алмасуы бұзылуы әбден мүмкін жайт. Ал бұл қант диабетінің алды болуы ғажап емес.

– Бұрындары жедел тиреоидит атты қалқанша безінің ауруы сирек кездесетін еді. Бұл көктем мен күзде инфекциялық ви­русты аурулар қозатын кезде ғана байқалып қалатын. Қазір бұл ауру маусым таңдамай жиі­­леп кетті. Пациенттің дене қыз­уы көтеріліп, тамағының тұ­сы ауырып, тершеңдік белең алып, жүрек соғуы жиілейді. Көбіне мұны тәжірибесі аз жас дәрігерлер тиреотоксикозбен шатастырып алады. Бірақ бұл SARS-CoV-2 тудырған жедел тиреоидит, ал оны анықтау үшін эндокринолог маманға жүгіну керек. Әйтпесе оның салдары гипотиреозға алып келуі мүмкін. Бұл кезде адамның денесі құрғап, шашы түсіп, ісініп, үлкен дәретке баруы қиындап, депрессияға ұшырап, сәл нәрсеге ашуланып, мінезі де бұзылады. Егер осы белгілер байқалса, кідірмей эндо­кри­нологқа жүгіну керек, – дейді Айгүл Қалыбайқызы.

Медицина ғылымының кан­ди­даты, ревматолог Аида Табе­но­ва COVID-19 ауыр немесе жеңіл өткеніне қарамастан оның салдарынан аутоиммунды ауру­лар қатары көбейіп кеткенін атап өтті. Ал бұрыннан мұндай ауру­лары бар пациенттер үшін SARS-CoV-2 жұқтырудың қаупі өзгелерге қарағанда ауырырақ жүреді. Оның үстіне ревматологта есепте тұратын пациенттердің аутоим­мунды ауруынан өзге қо­сымша артериялы гипертония, жүрек аурулары, сусамыр, бронх аурулары, демікпе, тағы сол сияқты диагноздары болуы заң­ды дүние. Осы аурудың қай-қай­сысының да жеке болуы­ның өзі ағзаға үлкен жүк артады, ал біздің пациентімізге COVID-19 жұққанда жағдайдың қан­­ша­лық­ты ауыр болатынын осы­­дан-ақ өзіңіз бағамдай бері­ңіз.

– Бұрын ревматолог маман­ның кім екенін білмесеңіз, мына вирус сізді оның тұрақты па­циен­ті­не айналдыруы да мүмкін. Егер буындарыңыз ауырып, денеңізде әлдебір бөрткендер шықса, қызу ұзақ уақыт кө­те­рі­ліп, әлсіздік болатын болса, жедел учаскелік терапевтке ба­рыңыз. Скринингтен қашпай, уақтылы өтудің маңызы зор. Сонда ғана жүйелі аутоим­мун­ды аурудың алды алынады. Ауру белгілері жазылып шық­қан соң бірден байқалмай, арада бірнеше ай өткен соң білінуі мүмкін. Сон­дықтан абайлау керек, осыны оқырмандарға жет­кіз­се­ңіз, – деді Аида Айтбайқызы.

Дәрігерлермен сөйлесіп, әң­гі­ме­­мізді түйіндеп жатқанда Гүлжан Мүслиманбекқызы жақ­сы бір жаңалығы бар екенін қоса кетті.

– Жоғарыда айтылған жады ескір­ген жандарға көмектесетін «Транскараниалды магнитты стимулятор» атты аппаратты жуыр­да қондырамыз. Бұл мидың қыз­метін өте жақсартып, бізге қа­жет­ті ми бөлігіне тоқ жіберу арқылы ақауы бар жерді оятып, қызметін қалпына келтіреді. Сондықтан адамдардың өмір сүру сапасын арттырамыз. Бұл – шынында үлкен қуаныш. Жақындарының ішінде есте сақтау қабілеті тө­мен­деген адамы бар отбасылар мұны өте жақсы түсінеді. Өйт­ке­ні ондай адамды бағу оңайға түспейді. Ал аппарат ауруы ас­қын­ған үшінші дәрежедегі емес, алдыңғы екі кезеңдегі пациент үшін таптырмайтын көмек бол­мақ, – дейді Неврология бөлі­мі­нің меңгерушісі.