Мемлекет басшысының осы тапсырмасын басшылыққа алған Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы қоғамдық кеңесте жуырда бизнесін дамыту мақсатында жер телімін алуды межелеп қойған, бірақ бюрократиялық кедергілердің кесірінен оған жылдан астам уақыт қол жеткізе алмай қажыған кәсіпкерлердің шағымдары қаралды. Нәтижесінде, кәсіпкерлер құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес жер аукциондарын өткізуді созбаққа салатын шенеуніктерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс әзірлеу керек деген қорытындыға келді. Өйткені соңғы жылдары бизнеске жерді пайдалануға беру мәселесінде Қостанай қалалық әкімдігі тарапынан заңға қайшы әрекеттер мен әрекетсіздіктер жиі орын ала бастаған. Төтесін айтсақ, қостанайлық кәсіпкерлер үшін бос жатқан жерді алу қиямет болып кеткен. Көздеген жерін алу үшін кәсіпкерлер әкімдікке қайта-қайта арыз жазып, одан еш нәтиже шығара алмай әлек. Жер кодексі бойынша жерді кәсіпкерге бөліп беруден бас тартқан соң, әкімдік жер телімін 90 күннің ішінде аукцион арқылы саудалауы керек екен. Бірақ даулы жерлерге қатысты мұндай аукциондар көбіне өтпей қалады.
Әкімшілік кедергінің кесірінен кәсіпкерлердің бизнеске берілетін жерге қол жеткізе алмай жүргенін облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Самат Сәдуақасов та айтты.
– Біз Қостанай қалалық прокуратурасымен бірлесіп әкімдіктің Жер кодексі нормаларын сақтау мәселесін зерделеп шықтық. Мәселен, Қостанай қаласының әкімдігі 2021 жылдың 31 мамырында жеке кәсіпкер А.Төлендинге үш жер телімін беруден бас тарту туралы қаулы шығарған. Мұнысын телімдердің үшеуі де аукцион арқылы берілетіндігімен түсіндірген. Жер кодексі бойынша аукцион өткізу мерзімі 31 тамызда аяқталды. Алайда әкімдік күні бүгінге дейін кәсіпкерге беруден бас тартқан жерлердің ешқайсысын саудаға салған жоқ. Осыған ұқсас заң бұзу әрекеттері тағы екі кәсіпкердің шағымы бойынша анықталып отыр, – деді С.Сәдуақасов.
Ал Basadato жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аумағы 3 гектар болатын жер теліміне бір жыл бойы қол жеткізе алмай келеді. Серіктестік жер бөлу туралы өтінішті былтыр берген. Бірақ әкімдік жер аукционын өткіземіз, соған қатысасыз деген уәде беріп, уақыт созып жіберген. Аукционды күте-күте шаршаған кәсіпорын басшылары биыл сәуірде екінші қайтара өтініш береді. Алайда бұл өтініш те қанағаттандырылмай, кәсіпкерлердің тағы таулары шағылды. Әкімдік бұл жолы кәсіпорын сұраған жерде құрылыс көп жүріп жатыр, инженерлік желілер реттелмеген деген себепті алға тартқан. Бұдан кейін серіктестік мамандандырылған сотқа шағым береді. Сот жерді бермеу туралы қаулыны заңсыз деп танып, әкімдікті өздері жіберген олқылықтың орнын толтыруға міндеттеп отыр.
Жер қатынастары саласында мұндай мәселелер жиі туындап жататынын әкімдіктегілердің өздері де жасырмайды. Кәсіпкерлерді негізсіз әуре-сарсаңға түсіріп қойған олқылықтың басты себебі көбіне-көп адам факторына, нақтырақ айтқанда, әкімдіктегі маман тапшылығына байланысты көрінеді.
– Мәселе былай: алдымен Қостанай қаласы әкімінің атына аукцион өткізу туралы өтініш келіп түседі. Оған жер қатынастары бөлімі қол қояды. Әрі қарай өтінішті сәулет бөліміне келісім беруге жібереміз. Биыл біздің бөлімге 200-дей өтініш келіп түсті. Оның шамамен 150-дейіне сәулет бөлімі келісім бермеді. Кейбір өтініштер әлі де қаралып жатыр. Бұл бөлім көптен бері кадр тапшылығынан ақсап келеді, мамандар жетіспейді, биыл жыл басталғалы бөлім басшысы болмай келген. Өтініштерді қарау уақытының созылып кеткен себебі – осы. Бірақ жауапкершілікті біздің мойнымыздан ешкім алып тастаған жоқ, – деген жер қатынастары бөлімінің жаңа басшысы Бақтияр Жұмабеков алдағы уақытта өтініштерді қарау мерзімін барынша қысқартуға уәде етті.
Өтініштердің қаралу мерзімін созған шенеуніктер қазір әрі кетсе, тәртіптік жазаға ғана тартылады, ал өтініш берген кәсіпкер үшін әр күн қымбат. Қоғамдық кеңес осыны ескере отырып, мұндай аукциондарды заңда белгіленген мерзім ішінде өткізбеген мемлекеттік қызметшілерді әкімшілік жазаға тарту туралы ұсыныс әзірлеу керек деген ұйғарымға келді. Бұл ұсыныс «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына қарауға жіберілді.
Қостанай облысы