Кино • 23 Қыркүйек, 2021

Уақыт кері қайтпайды

381 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта киноөндірісінде клас­сикалық туынды деп мойындалған бүкіл­халықтық құрметке ие белгілі «бренд» фильм­дерді заманға лайықтап қайта экран­дау үрдісі күрт қанат жая бастады. Бұл үрдіс қауіпті ме, әлде бір қарауға қы­зық па, танымал фильмді қайта түсірудің кө­рер­менге пайдасы бар ма, әлде зиянды ма, бұл тарапта ешкім нақты байлам жасай алмайды. Алайда Голливуд бас­тап, Ресей қоштаған кино әлеміндегі жаңа­шыл үрдістен Қазақстан режиссерлері де тыс­қары қала алмайтынын танытып үлгерген-ді.

Уақыт кері қайтпайды

«Кавказдың тұтқын қызы», «Қызметтестер хикаясы», «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен!», «Он екі орындық», «Тынық Дон» қайта түсіріліп, Ресей қоғамы қақ жа­рылған пікір тасқынының астында қалған­да, біздің кинематографияда «Менің де атым Қожа» пайда болды. Киноның тоқырауы яки режиссердің сарқылуы, бәлкім пайда табудың көзі екені белгісіз, ескі фильмді қайта экрандау үрдісінің ішінен «Махаббат бекеті» фильмі де табылды. Осыдан отыз жыл бұрынғы алғашқы мелодрамамызда бас­ты рөлде ойнаған Баян Алагөзова фильм атауын «Тағдыр тәлкегі» деп ауыстырып, үстіне жарқыратып шапан жауып, аяғына жалтыратып кебіс кигізіп, фильмнің бұрын­ғы режиссері Талғат Теменовтің туын­дысы­на қатысы жоқ жаңа жоба екенін дәлелдеп, бірін-бірі соттың алдына дейін сүйреп барса да, өз әкесінің кіндігінен жаралған баланың адалдығы сияқты, бұл хикая бәрібір Баянның емес, «Теменовтің төл баласы» екенін жасыра алмай, Орал мен Гүлназдың жастық шағын көрерменнің есіне салды да тұрды. Ендігі кезек, міне, «Біздің сүйікті дәрігерге» де жетті.

«Махаббат бекетінде» ойнаған кейіпкерлер тым жас еді, олар өнер көрігін өмірде әлі де қыздырып жүрген адамдар, сондықтан қатарына нұқсан келмей, тобымен келіп жаңа жобаның ішінен табылды. Ал түсірілгеніне алпыс жылдан асқан «Біздің сүйікті дәрігердің» екінші тынысын ашамыз» деп алақан ысқылап отырғандардың шақыруына «Еңбек Ері» атағына қол жеткізген кино ардагері, жасы жүзге таяған Юрий Померанцев елпілдеп бара қоя ма және қарт әртістен өзге Қазақстанда көзі тірі бірде-бір актер қалған жоқ. Бірі бақи­лық болған, бірі басқа елге көшіп кеткен, сондықтан түсірілімі енді басталған сүйікті дәрігер туралы фильмнің төңірегінде туындап жатқан сұрақ көп.

Классикалық туындыларды екі буын ал­мас­қан соң, араға 50-60 жылды өткізіп барып, қайта қозғау уақыттың күшін көрсетуден бұрын көрермен тартудың жеңіл жолына көбірек ұқсайды. Бұл үрдістің астарында ұлттың мәдени байлығы есептелетін ескі классика ұмытылып кетпей, жаңа бояу тауып, жас буын көрерменнің санасында жүр­сін­ші деген игі мақсат жатса, сөзсіз құптауға болар еді. Бірақ идеясы мен сюжетінде көбінесе кейіпкерлердің кейінгі өмірінен сыр шерткісі келетін фильмдерге қарап отырып, мұндай мұратты емес, кейінгі жастардың өзін өзі танытқысы келуге талпынуын көреміз. Сыпайы түрде мұны кейінгі жас режиссерлердің батылдығы деп-ақ бағалайықшы. Тіпті көзсіз батырлық болсын, ұрда-жық мінездің жаңғырығы десек те жарасар. Аса көп ізденбей-ақ, сарсаңға түсіп соны сюжет құрастырмай-ақ, аз қаржы сала отырып, мол табысқа кенелгісі келу. Бұдан режиссер мен актердің «кешегі мақтаулы шеберлер мен төбеге көтерген таланттардан менің де талантым бір мысқал кем емес» деген кеудемсоқтыққа көбірек ұқсайтынын несіне жасырамыз?

Бүкіл халықтың санасына сіңген танымал туындыны жаңғыртып, өзгертіп, жаңа қырынан көрсетемін деу – бүгінгі режиссерлерге үлкен сын. Олардың бұл сынақтан абыройлы өтіп жатқандары да некен-саяқ. «Көштен қалмаймын» деген қарқынмен ертең «Қыз Жібекті» қайта түсіремін дейтіндер де табылып қалуы әбден мүмкін. Бірақ «Қыз Жібекті» қайта түсіргеннен Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Еңлік пен Кебек туралы жаңа махаббат дастандарын экрандап, «Қыз Жібектің» деңгейіне жеткізсе, шын мықтылық, шын батырлық сол болар ма еді?

Әдебиет, театр туындысы болса бір сәрі, ал кинодағы ремейк барлық кезде ризашылыққа бөленіп, сәтті бола бермейді. Себебі көрермен картинаның заманауи жалғасын бұрынғы фильмді көз алдына елестетіп отырып көреді. Бұл бір жағы.

Екіншіден, егер режиссер нағыз суреткер болса, біреудің дайын дүниесін иемденбей, дара жол іздейді. Тың тақырыптар табуға, жаңа актерлерді әкелуге, жаңа есім ашуға тырысар еді. Ежелгі пәлсапашылар айтпақшы, «адам бір өзеннен екі рет өте алмайды». Себебі байыз таппай жаңаланып жатқан әлемде өткен уақыт кері қайтпайды...