05 Ақпан, 2014

Ұлтты ұйытар ұлағат

520 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Елбасының «Жылдар мен ойлар» атты пайымдары хақында

0-a31«Ауыр ойды көтеріп ауырған жан» деп өз бейнесін өзі жасап кеткен абыз Абай: «Қуаты күшті нұрлы сөз, қуатын білген абайлар», деген ғой. Ал сөз төркіні – ой. Адам жайлы, заман мен қоғам жайлы, ұлттар мен ұлыстар жайлы сөз көбейген ғасырда тарихтың тәлімінен сауып айтылған, дау туғызбай тауып айтылған ойды іздейсің. Жұрт аңсаған зәуір ой, көкейге қонған тәуір ой, адам мен адамды, ел мен елді табыстырған бауыр ой табыла бермейді. Осы күні аузы бардың бәрі ұшқыр, талғап, таңдап жатпайды, жүрекке зілдей ауыр ойларды, ерқашты болған жауыр ойларды шулатады келіп, тулатады келіп. Желдей ескен желмая заманда зерделі жұрттың бәрі адамзат өркениетінің аламанына өнері мен өнегесін үкілеп қосып, бағын жандырудың қамымен жүргенде, бізге керегі қату ой емес, ұлт болып ұйыстыратын тату ой дейсің оларға. Ал «Таңғы асты тәңірден» тілеп, арқаны кеңге салудан арыла қоймаған елінің сол бәйгеде олжалы болуын тілеген тұлғасы айнала елдің жігерін ұштап, намысын қайраумен-ақ келеді. Алты Алашын жаһанмен жарастыратын жаңа ойды, заманның тілін тапқан дана ойды айтумен-ақ келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жылдар мен ойлар» атты жинағы осындай тағылымды толғаныстарға толы. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Махмұт Қасымбековтің жетекшілігімен жарық көрген осы құнды еңбектегі Президент пайымдары көсемсөзге ертеден көлдей ежелгі ұлттың ұлағатымен астасып жатыр. Асылында еңселі ойдың тамыры, тағдырлы ойдың толғағы бір болмақ. «Қазақтың бәрі – бір-біріне ағайын» десе, қарға тамырлы қазақтың еншісі бөлінбегенін, іргесі сөгілмегенін қалағаны. «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта» десе, қалың ел әлімсақтан зәру ынтымаққа ұйытқаны. «Біздің бабаларымыз тірі болуы үшін бір болған, енді біз ірі болу үшін бір болуымыз керек» десе, алыс-берісі жиілеген жаһанда қапталдағы жай қазақ емес, қатардағы қабырғалы қазаққа айналуға шақырғаны. 0-a32Тарихты қозғаса, дәуірлердің сырын тарата білген, бүгінді қозғаса, алыс-жақынды аузына қарата білген қазақ асылының толғауы тоқсан, ой-байламдары шыншыл әрі сыншыл. Президентше толғансақ: «Дауы таусылмайтын елдің – жауы таусылмайды». Рас қой. «Ғасырлар бойы бірде еркіндікке, бірде ездікке тартып келген екі мінез бүгінде бойымызда бар. Жақсы жағын ойдағыдай жалғастырып сезіне алмадық. Жаман жағынан біржолата безіне алмадық». Шындық қой. «Еңсесі биік елдікке есі кеткен топырақ шашады». Анық қой. Осындайда өзіңнен өзің сұрайсың: – Осы біз бұрынғы даналардың, кейінгі абзалдардың ақыл-ғибратын қаншалықты ұғынып, қаншалықты ұстанып жүрміз? Жөн сөзді жүгіре тыңдайтын, жүгенсіз сөзге өліп-өше жаздайтын ағайын желөкпеліктен қашан айығады? Алқынған ақылды жұлқынып айтушы неге көп, келісті кеңесті құлшынып тыңдаушы неге аз? Осы қазақ өзгеге айтқан ақылын өзі орындаса, баяғыда-ақ жаһанның жампоз жұртына айналар еді ғой. Сөзге тұлпар ағайын іске неге шабан? Абайға: «Адам деген даңқым бар, адам қылмас халқым бар», дегізіп қабырғасын қайыстырған жұрт оңалды ма? Біз ғасырдан ғасыр асырып озып келеміз бе, қапталдағылардан озық келеміз бе, әлде... Ұлт болып ұйысып, ел болып еңселену үшін не кедергі, не зәру? Қайыруы қиын осынау тағдырлы ойлар Елбасын ұдайы толғандыратынын көкейді тескен сауалды ойдан да, амалын айтқан зауалды ойдан да көреміз. Халқының бүгіні мен ертеңіне алаңдаған Президент заманға сай амалың, амалыңа сай айбының болуы керектігін ескерте отырып, шауып шыңға, құйғытып қырға шығу үшін ең алдымен ынтымақ қажет екендігіне айрықша мән береді. Зер салайық. «Ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес», – дейді Президент. Қиын тарихымыз талай рет дәлелдеген ақиқат осы емес пе?! Анығында ұлттық идеяның төресі – ұлттық тұтастық. Айналасына алғаш рет аң-таң қараған баладан, бұл өмірге таңданудан қалған қарияға дейін сүттей ұйытатын шындық бұл. Сол шындықты Нұрсұлтан Әбішұлы әр жылдарда тереңдете берген, ширықтыра берген. «Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес, ала алған емес, қазақ әлсіресе – алауыздықтан әлсіреген, күшейсе – бірліктен күшейген» дейді. Ынтымақпен ұйыса жүріп жаңа ғасырда жаңа сапада тұлғалануға тиіс екенімізді қайта-қайта ескертеді. «Ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім керектігін», «Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алатынын» ұқтырумен болады. Тегінде Елбасы – туған халқын перзенті ретінде сәби жүрекпен, азаматы ретінде ар-намысымен, қайраткер ретінде айрықша жауапкершілікпен сүйген тұлға. Ұлы той көппен көрген халық үшін, Ешқашан адастырмас салтың үшін. Жаратқан! Қазағыма ынтымақ бер Тұрғанда мына заман тартып ішін, – деп тебірену сондай жайсаңдарға, ұлтын ту көтерген абзалдарға тән қасиет. Иә, ынтымағы жарасқанның сөзі де өткір, өзі де өткір. Мұны түсініп тұрып түсінгісі келмейтіндердің түпкі ниеті белгілі. Олар, қазақ­тың бас ақынынша айтқанда: «Ел тыныш болса – азады, еліріп өле жазады». Мұндайлар іште де, сыртта да бар кезде, қай-қайдағыны қоздырмақ болғандар мен елдің тыныштығын тоздырмақ болғандар байқалып қалып жүргенде, ұлттық бірлік ертелі-кеш уағыздалса абзал. Қазақтың әр азаматы Президенттің «Ел туралы жадағай ойлау да, халықтың тағдырымен ойнау да түбі жақсылыққа апармайды» деген тағылымын тәлім етсе жарасады. Қоғам, заман, билік жайлы күңкіл қай кезде де тиылмаған, бола да береді. Мәсе­ле кімнің қандай ниетпен желе жорта­тын­дығында. Біреулер үшін қаңқу сөз – ермек, айтады да ұмытады. Бәз біреулер үшін жүйткіген апталар мен айларға әйтеуір қалбаң-құлбаң ілесудің амалы. «Пәлен бұлай екен, түген олай екен» деп, шешіліп шешім, көсіліп кесім айтқансып, бір бусанып алса, төрт құбыласы түгел. Енді біреулерге, кезінде бола жаздағандар мен тола жаздағандарға топтық саясаты мен мақсатын тықпалау үшін қажет. Сансыраған сансыз сауалды судай сапырып, дау жоқта дау шақырып ағылады келіп, сабылады келіп. Солардың екпіндеген, ентіккен кейпіне қарап тұрып, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев сұңғыла екен ғой дейсің. Елін сүйген, сол үшін күйген осы дарын өз кезіндегі әлгіндей алақұйындардың бейнесін екі ауыз сөзбен айна қатесіз суреттеген. Қыбыр-қыбыр, Жыбыр-жыбыр, Сыбыр-сыбыр Мінезің.   Ел дегенің, Қам жегенің Мен білемін Бір атақ. Кемеңгер Абай, сондайлардың сарсаңы­нан мезі болған шерлі ойшыл: «Қулық саумақ, көз сүзіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» деп күйінеді. Бұдан озып не айтарсың. Бүгінгіге ел үшін емес, өздері үшін ырза еместердің, жарым ырыс-жақсы лебізге әуелден мырза еместердің, айдап салды екен деп туламай қойған, бей-берекет батыс пен алас-күлес шығысша шуламай қойған жұртқа ызалылардың болмыс-бітімін бүгінде ел де таныған. Солар жамыратып жүрген жаппай демократия деп аталатын у-шудың түбі жағалай жүгенсіздікке алып баратынын да жақсы біледі. Ал шынайы демократия деген не? Тағы да Елбасының пайымына жүгінейік. «Тарих тәжірибесіне көз жүгіртсек, қандай болмасын демократияңыз елдік мінезге, халықтық қалыпқа, мемлекеттік тәртіпке бой ұсынып отырған, – дейді Елбасы. – Осы үш нәрсе бойынан табылмаған жерде демократияның күлі көкке ұшып, демагогияның құбыжығына айналуы күмәнсіз. Демократия дегеніміз, ең алдымен қатаң тәртіп, өзіңді, өмір сүрген қоғамыңды сыйлау, құрметтеу. Демократия мен әсіре демократия екі басқа ұғымдар». Бұған мысал жеткілікті. Демократияны билікке жетудің анархиялық ұраны мен айла-шарғысына айналдырғандардың желіктіруімен қырғыз жұрты қайта-қайта дүрлікті. Салдары – құлдыраған экономика, көрші елдерге жөңкілген сан мыңдаған жұмыссыздар, саяси тұрақсыздық, әулетті елдердің сырт айналуы, қаржы дағдарысы. Бұдан да мүшкіл халге душар болған араб әлемі және бар. Таланған, талқандалған Ливия мен Сирия, жік-жікке бөлінген, есеңгіреген Египет, елден бас сауғалаған қисапсыз босқындар, азынаған, ашынған ана, тұл жетімге айналған бала, қайтып оңалары белгісіз ахуал. Осының бәрін көріп-біліп отырып, ел тыныштығын ойламай аса сөйлесең, барды-жоқ деп, өтірік пен өсекке қамшыны баса сөйлесең, жұртыңа дұшпансың. Елбасынша айтсақ: «Әркім өз сөзіне және іс-әрекетіне жауап беруге тиіс. Олай бол­мағанда, демократияның өзегі – бостандық бейберекетсіздікке айналмақ». Жұрт алдында ойып сөйлеудің де, билікке мәселе қойып сөйлеудің де жөн-жосығы бар. Ойы арзан – қиқуға, айтары жоқ – айғайға үйір. Пәтуамен дамыл таптыруға емес, дүрліктіріп дабыл қақтыруға бейім. Содан шығар, Англия­ның атақты премьер-министрі Уинстон Черчилль дөрекі демократтар даңғой рыцарьларға ұқсас, – деген ғой. Тегінде елге ойбайшы емес, ойлаушы қажет. Адамзаттың арғы-бергі көрнектілері халықтың естілері мен зерделілеріне жүк­те­ген парыз қорғасындай ауыр. Атақты Бонапарт «Халық толық азат болуы үшін ұл-қыздары дана, басшысы құдай текті болуы керек» депті. Ұлттың кемелденуі – ұлынан, елдің көгермегі – ерінен екенін әсірелеп жеткізгені ғой. Азаматы парасатты болса, халықтың жұлдызы жанады, басшысы кемеңгер болса, бағы жанады. Елбасының: «Табанды тұлғалар тәрбиелеу арқылы ғана ел тәуелсіздігін баянды етуге болады» деуі осыдан. Президент сондай тұлғалар саналатын зиялыларды «қай заманда да өмір сыры мен сынын жан-жүрегімен бағамдап толғай білген, халқының келешектегі тағдырын зерек көңілмен болжай білген жандар» деп қадірлей отырып, талап та қояды: «Элита тек қана өзінің жалпыұлттық мақсаттарды тұжырымдай білу... қабілетімен ғана емес, сол мақсаттарға жетудің жолдарын көрсету қабілетімен де ерекшеленуі тиіс». Оппозицияға керек қасиет те осындай. «Мен сындарлы пікір айтатын дұрыс тұр­патта­ғы оппозицияшылдарды құттық­тау­ға, қол­дауға әрқашан әзірмін» дейді Елба­сы. «Егер саяси оппозиция болмаса, оны бол­дыруға тырысу керектігін» және ескертеді. Осы жерде айта кетейік, билік құры­лым­дарын оңды-солды сынағанның бәрі оппозиция емес. Ұлттың мүддесін тереңнен ойлаған, айнала әлемдегі әл-қуатын қамти ойлаған, мемлекеттің де, оның да нақты мүмкіндігін түгел ойлаған оппозиция сол ұлтқа адал қызмет етіп отырған билікке қарсы саяси күшке айналмайды, оны мақсат та етпейді. Мемлекеттік басқару орындарына саяси-экономикалық және әлеуметтік реформаларды белгілеу және жүзеге асыру кезінде білікті әріптес болуға ұмтылады. Қазақ халқына, дамыған елдер алған асуларға қол созған, игергенінен үйренері көп елге нақ осындай оппозиция, үркітуші емес, үйлестіруші, шабыстырушы емес, табыстырушы оппозиция қажет. Қарашаны сұрап алушыдан кәсіп қуып құрап алушыға айналдыратын оппозицияға халық та, мемлекет те зәру. Бүгінде қазақ халқына аса керегі не? Нарық талаптары билеп-төстеген жаңа заманға бейімделе жүріп, ұлттық идеялар арқылы ұлттық өрлеу жолын табу десек, сол ұлттық идея төңірегінде әңгіме көп, түйіні ұлттық мемлекет құру дегенге саяды. Егер басты мақсат осы болса, қазіргі Қазақстанда ондай мемлекеттің белгілері түгел ғой. Еліміз қазақтың атымен аталады, ол мемлекет құрушы халық деп танылған. Жердің асты-үстіндегі байлықтың бәрі соған тиесілі. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Халықаралық қауымдастық бізді Қазақ елі деп қабылдайды. Жер тұтастығын жағалай мойындаған. Дәурені жүріп тұрған әлемдік әлді ұйымдардың талайына мүшеміз. Енде­ше барды жалаң қаузай бермей, Кеңестің кезінде тізгіннен айырылғанда бір бөлігінің тілі шұбарланған, тағы бір бөлігі ұлттық салт-дәстүрлердің уызына жарымаған қазақтың өзін қазақтандырудың бүгінгі заманға лайық жолын, ұлттық идеяның ұлтты жетілдіретін негіздерін іздейік те. Нұрсұлтан Әбішұлы нақ осы мәселеге, ұлтты өркендету парызының идеялық астарына ерекше назар аударады. «Ұлттық идея сырттан таңылмайтынын, қоғамның өзінде пісіп-жетілетінін, идеология жәдігөйлерінің ойлап тапқан жаңалығы емес екенін» ел тәуелсіздігінің бастауында-ақ атап көрсеткен болатын. «Ұлттық идея – миллиондаған адамдардың өздерінің ұлттық міндеттерін түсінуінің жемісі болып табылатындығын» да қадап айтқан-ды. Олай болса, әрқайсымыз ұлт алдындағы парызымызды анықтап алуымыз керек. Атамыз қазақтың баласы – мына біз, сол қазақтың мемлекеті мені қалай жарылқауда деп емес, мен оның қай қажетіне жарадым деп алаңдасақ, азаматтық ұлттық идея міне, нақ осы. Елбасының пайымымен дәйектесек: «Мемлекет саған не беруге тиіс деген сұрақ қисынды да әділетті. Бірақ оның тарихындағы ең маңызды кезеңде сен өз мемлекетің үшін не істеп жатырсың деген сұрақ та әділетті болмақ». Расында, азаматтың ұлттық идеясы – ұлт алдындағы перзенттік жауапкершілігі, әлдебір кемшілігі үшін ұлтынан ұяла білуі, әлдебір ағаттығы үшін одан кешірім сұрай алуы. Президент көкейге құйып жүргеніндей, «Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес екенін» сезінуі. Барлық қуат-күшін туған еліне сарқа жұмсаумен келе жатқан осы тұлғадай: «Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бой­дағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге пейілмін» деп төгіле тебіренуі. «Отан­дас­тарымнан бөлек уайымым жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені де болса, елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін» деп туған халқымен президентше табысуы. Менің, сенің, оның, – әрбір қазақ ұлының ұлттық идеясы осы. Солай жасай алып жүрміз бе? Қазақ азаматы ХХІ ғасырдың, тумай жатып талап қоятын қатаң ғасырдың қиындыққа қабырғасы қайыспайтын, өзімен өзі шабыспайтын, білімі терең, ұлттық сезімі ерен азаматқа айналды ма? Сондай қазаққа елі әлі зәру болса, адамынан ба, заманға сай келмей жатқан амалынан ба? Ел көзінше есепсіз есілетін, бұрыла бере басқаша көсілетін ағайынның сәт сайын мың құбылуына кім кінәлі? Өз намысын ұлттық намысқа қайрай алғандар қазіргі лауазымдылардың арасында көп пе, аз ба? Елбасы айқындап бергеніндей, «Ұлттық намыс – ұлы ұғым» екенін ұлттық құндылыққа айналдырып үлгердік пе?! Түптеп келгенде, осы өзекті сауалдардың бәрі ұлттық идеяның өткір сұрақтары. Нұрсұлтан Әбішұлы бұлардың да жауабын тауып берген. «Ұлттық намыс ұлттық рухтан тамырланатынын, ал ұлттық рухты сақтау үшін ұлттық мазмұнда дамыту керектігін» ел өміріндегі дерек-дәйектермен жеріне жеткізе дәлелдейді. «Ұлтты жаңа сапалық мазмұнда жаңғырту ұзаққа созылатынын, ол үшін үйренетін ұлттан енді үйрететін ұлтқа айналуға тиіс екенімізді» алға тартады. «Бүгінгі қазақ – ұлттық сана деңгейіне көтерілген қазаққа айналғанын» мақтан сезіммен мәлімдейді. «Біз мемлекетті ұйымдастырушы ұлтпыз. Әр адам жедел жаңғырмайынша, мемлекет жедел жаңғыра алмайды. Тұтас ұлт бәсекеге қабілетті болмайынша, мемлекет әлемдік экономика мен қоғамдастыққа кіре алмайды» деп іргелі міндетімізді айқындайды. «Кешегі бабамызбен ғана емес, бүгінгі бағамызбен, ертеңгі шамамызбен де мақтана алатын ұлт болуды ойлауымыз керек» деп ширықтырады. «Ендігі жерде біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Ендігі жерде бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол жалпақ қазақ даласы. Оның қай атырабының да тілегін бірге тілеп, тауқыметін бірге көтеруге, өз-өзімізді көкіректен кері итермеуге, сен анаусың, мен мынаумын деп алаламауға үйренуге тиіспіз» деп бауырласуға шақырады. «Кез келген, тіпті ең керемет деген идеялардың өзі, егер оларды жүзеге асыру үшін адам қанын, көз жасы мен тақсіретін талап етсе, көк тиындық құны болмайды» деп парасаттылық пен байыптылыққа шақырады. «Ұлттық идеяны ұлттық астамдықтың идеясына айналдыру этностың өзіне опа таптырмайды» деп сақтандырады. Міне, зиялы атаулы көп қаузайтын ұлттық идея­ның мазмұны осында, Президент тағылы­­­мын­да, ұлттық мүддені қазақстандық және әлемдік ауқым­да ұғынған тұлғаның өмірлік мәнге ие тәлімінде. Сараптап отырсақ, ұлттық идеяның ауқымы кең. Ғаламнан енді қала алмаймын, құлашты кеңге салып жайбарақат жата алмаймын десең, жанарың мен қиялың жеткен жердің бәріне ұлттық мүдде көзімен қарауың керек. Елбасының ұлтқа, мемлекетке, өзіне қойып отырған аса күрделі міндеті осы. «Біз елеулі түрде артта қалып қойдық, сондықтан асығуға тиіспіз. Біз мейлінше ширығып, әлемді қуып жетуге мәжбүрміз» деп халықты бауырынан жаратып отыр. «Нарық деген сол – жарысу, жағаласу, бәсе­келесу, таласу, тартысу» деп қайрап отыр. «Бүгінгі күн бәсеке заманы. Жеткен биік­ке мәз болып тоқтап қалу – көшкен жұрт­та қалғанмен бірдей» деп қамшылап отыр. Аталған мақсат-мұраттарды жүзеге асыру үшін не істеу керек? Оның жауабын да Прези­дент пайымдарынан табамыз: «Жаһандану проце­сінде интеграциялық ұмтылыс пен араласу – дамудың бірден-бір векторы». Ұлттық идеяның халықаралық сыр-сипаты бұл. Төл халқының мүддесін әлемдік кеңістікке алып шығудың ұтымды амалы. Міне, осылай Еуразияда, оның қазақстандық қапталында өзара тиімді үйлесімділікте қатар дамуға даңғыл жол ашатын жаңа идея көтерілді. Ол – Еуразиялық идея, бірыңғай экономикалық кеңістік идеясы. Табиғи және адами ресурсы орасан зор осы құрлықта, кең-байтақ Еуразияда ортақ нарық арқылы бірге дамуға шақырып қана қоймай, соған белді де беделді елдерді жұмылдыру қазақ қайраткерінің, Нұрсұлтан Әбішұлының саяси көрегендігі және тарихи ерлігі еді. Ашығын айтайық, осы идеяға өзіміздің кейбір зиялыларымыз бен іргелес елдер жетекшілері күдікпен қарады. Сол Біртұтас экономикалық кеңістіктің жүзеге асқандығының нақты айғағы – Кеден одағы құрылғанда шулап қоя берді. Ішіміздегі кінәмшіл ағайындар тәуелсіздігіміз енді қалай болар екен десті. Көршілердің белсен­ділері «ортақ өгізден – оңаша бұзау» десті. Ал Елбасы идеясы сәт санап тартым­дылығымен таныла берді. ТМД-ға Армения, Тәжікстан мен Қырғызстан қосылуға ниет етсе, осындай ұйымдардан бойын аулақ салып келген өзбектер де оң көзбен қарайтындарын білдіріп, болашағы зор одаққа кіру ойда бар екенін айта бастапты. Бәлкім, аталған бірлестік шалғайдағы Үндістанмен, Еуропадағы Түркиямен, қиырдағы Вьетнаммен толығуы мүмкін екенін сарапқа салса керек. Нұрсұлтан Әбішұлының Еуразиядағы шексіз экономикалық мүмкіндікті алыс-жақын­мен бірге пайдалану мақсатын ұлттық идеяға айнал­дыруы­ның тарихи себептері де бар. Солардың мазмұ­нын қысқаша ашу үшін Амери­ка Құрама Штат­тарының 1840-1914 жылдар аралығын­да өмір сүрген әскери қайраткері, адмирал А.Мэхэн­нің стратегиялық ұсыныстары туралы ықшам айтып берейік. Ол «Теңіз күштерінің тарих­қа ықпалы» атты еңбегінде Еуразияны Еуро­паның көмегімен жаулап алуға шақыра­ды. Мұның мәнін осы елдің ұшқыр идеяларымен белгілі бол­ған тағы бір геосаясатшысы Брукс Адамс былай түсін­дірген-ді: АҚШ империя болуға міндетті. Импе­рияға айналудың бірден-бір жолы Еуразияны басып алу. Кезінде жүзеге аспаған осы идеяны 1919 жылы Оксфорд университетінің география профессоры, ағылшын Хальфорд Маккиндер «Демократиялық идеалдар мен қазіргі шындық» еңбегінде қайта көтерді. Ол «Әлемдік саясаттың аймақтық кіндігі» туралы толғап, Еуразияға Хартлэнд деген ат берді. Үш тезисті алға тартты. 1.Шығыс Еуропаны кім билесе, Хартлэнді сол билейді. 2.Хартлэнді билеген – әлемдік аралды билейді. 3.Әлемдік аралды билесең – әлемді билейсің. Сонымен бұлар Еуразияға неге қызықты? Құрлықтың орналасқан жері – ғалам үшін тоқсан тоғыз жолдың торабы. Шекаралары барлық құрлықтарға оңтайлы. Сарқылмайтын кені бар. Арзан жұмыс күші қисапсыз. Түптің түбінде осындай еділ-жайық аймақ жаһандық дамудың стратегиялық орталығына сөзсіз айналады. Дәл осы соңғы ақиқат Елбасын батыл да маңыз­ды қадамға, Еуразия идеясын ұсынуға бастағаны ақиқат. Ғалам сонау ертеде санасқан, бүгінде экономикалық зәрулікпен қол созған Хартлэндті – ұшан-теңіз Еуразияны қазақ халқы өзге жұртпен бірге еркін игеруге тиіс еді. Президенттің батыл да маңызды бастамасымен солай жасауға кірісті. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлы, жаһандық ауқымдағы қайраткер ұсынған және сәтті жүзеге асырған ұлттық идеяның шырқау шыңы. Жанталасқан жаһанда алыс пен жақын деген ұғым теңескен. Қашық дүние көршіңе, шалғай жұрт қоңсыңа айналған. Есігіңді қағып тұрған ғаламмен табыспасаң, адамзаттан алыстайсың. Ұшқыр ғасыр жүйріктен тұлпарға, тұлпардан пыраққа айналмасаң шаң қаптырады. Әдеттен тыс ерекше шешім керек мұндайда. Тағы да Черчилльше сөйлесек: «Дәстүрлі емес іс-әрекеттерге бара алмағандар ел басқара алмайды». Елбасы сондай тың қадамға барған, барып қана қоймай, жеңіске жеткен тарихи тұлға. Еуразиялық идея сол көп тәуекелдің бірі болса, бірегейі – Арқадағы Астана. Саяси таңдаулар сеңдей соғылысқан, елді – ел, жерді – жер жатсынған кезеңнен халқын есен-сау алып шыққан қайраткердің, ұлтын ғасырдың төріне, заманның өріне бастаған Президенттің, жаһанмен тіл табысқан, арман-аңсауы адамзаттың мақсат-мұратымен қабысқан тұлғаның күш-қайратын тасытатын кие қайсы? Ол еліне деген, елінің Нұрсұлтан Әбішұлына деген махаббаты. Бұл ғасыр қазақ үшін алтын дер ем, Даңқымды әлем білді, Салтымменен. Кеудемде жаным барда көтеремін Аянбан Не күтсе де халқым менен, – деген, ағынан жарылған қайраткер – жаһанға жасқанбай қарасын деп қазағын айбынды етті. Әлеммен тіл табыссын деп зайырлы етті. Дәулетін тасытып қайырлы етті. Ұзағынан болғай бәрі де. Алдан СМАЙЫЛ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.
Соңғы жаңалықтар