Қазақстан • 23 Қыркүйек, 2021

Мемлекеттік сатып алу майшелпек емес

837 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Осы күні ебін тапқандардың бәрі тендерге қатысады. Онда тұрған ештеңе жоқ, әрине. Тек мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырып, мойнына алған міндеттемесін орындамайтындардың жиі кездесетіні қынжылтады. Өкініштісі, жұмысына жүрдім-бардым қарайтын мұндай жа­уапсыз орындаушыларды тезге салатын тетіктің өзі солқылдақ болып тұр.

Мемлекеттік сатып алу майшелпек емес

Коллажды жасаған Амангелді Қияс

Жауапкершілік жүгін сезінбей жүр

Мысалды алыстан іздеу­дің қажеті жоқ. Мәселен, биыл «Egemen Qazaqstan» респуб­ликалық газеті» акционерлік қоғамы дәл осындай екі компания­мен жұмыс істеуге мәж­бүр болды. Екеуі де тапсы­­рылған істі тиянақты атқар­май, салғырттық танытты. Өкі­ніш­ке қарай, мұндай жауап­сыз орындаушылар жиі бой көр­сетеді және олар бұл әрекет­теріне еш қымсынбайды да.

Өйткені тендердің талабын толық сақтамағандары үшін қол­­данылатын жазаның жеңіл еке­нін жақсы біледі. «Әрі кет­се «Жосықсыз қатысушы­лар тізілі­міне» барып «жайға­сар­мыз» деп жайбасарлық танытатын мұндай орындаушыларды тезге салудың басқа тетігі және жоқ. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес тапсырыс берушінің талаптары толық орындалуы керек. Көрсетілетін қызметтің сапасы, мерзімі әу баста бекітілген шартпен толық сәйкес келуі қажет.

Егер тапсырыс берушінің көрсе­тіл­ген қызметке көңілі толмаса, компа­ния­ны «жосықсыз орындаушы» ретінде тануы үшін 30 күннің ішінде сотқа шағым түсіруіне болады. Сөйтіп, мін­дет­темесін дұрыс орындай алмаған ком­пания сот шешімімен «Жосықсыз қа­ты­сушылар тізіліміне» қосылады.

Мұны жалпақ тілмен «қара тізім» десе де болады. «Қара тізімге» енгендер 24 ай, яғни 2 жыл бойы мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыса алмайды. Қаржы министрлігінің ресми мәліметінше, 2020 жылы сот шешімімен 1 915 келісімшарттық міндеттемені орын­дамаған компаниялар «Жосықсыз қаты­сушылар тізіліміне» енгізілген. Ал осы жылдың қаңтар-шілде аралығында
1 083 келісімшартты орындамаған ком­па­­ния­лар «қара тізімге» алыныпты.

«Қазақша тендер» мектебінің негізін қалаушы, мемлекеттік сатып алу са­ла­сының маманы, заңгер Айшат Уәлиол­ла­ның айтуынша, жауапсыз орын­дау­шы­ларға тағайындалатын жаза тым же­ңіл.

– Мұны жаза деп те айта алмаймыз. Шектеу дегеніміз дұрыс шығар. Несін жасырамыз, осы күні бәзбіреулер үшін тендер ақша табудың жеңіл жолына айналды. Өйткені халықты мемлекеттік сатып алуға қатысып, әп-сәтте байып кетуге шақыратын вебинарлар мен курс­тар өте көп. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей үйренушілерді өз мүд­де­сінен бұрын мемлекет мүддесіне жұмыс істеу керектігін үйретпейді. Рас, тендерге қатысу оңай, ұту да қиын емес. Бірақ курстан өтіп, мемлекеттік сатып алудың қыр-сырын меңгеріп алғандар тендерге қатысу мен ұтудан да маңызды үлкен жауапкершілік барын сезінбейді. Ол жауапкершілік – жүктелген міндетті мінсіз орындау. Жас кәсіпкерлер, жаңадан ашылған қорлардың басшылары осыны жете ұғынбайды. Ал көтере алмас шоқпарды беліне байлап алып жүргендер өте көп. Олардың кей­бірі жұмысты орындау үшін тапсырыс берушіден шартта көрсетілген соманың жартысын алады. Ал одан кейінгісі оларға қызық емес. Әрі кетсе компанияны «жосықсыз орындаушы» ретінде «қара тізімге» апарып қосар. Бұдан оның қылшығы да қисаймайды. Бизнесті жүргізудің түрлі жолы бар. Сон­дықтан салық және құқық қорғау органдары тарапынан міндеттемені дұ­рыс орындамайтын компанияларға қатысты жаза қатаңдатылуы керек, – дейді А.Уәлиолла.

Оның айтуынша, жазаны да белгілі бір нормалар мен негіздер шеңберінде ғана қатаңдатқан жөн. Өйткені бизнес субъектілерін орынсыз тұқыртып жіберуге тағы болмайды.

– Жауапсыз орындаушыларға қа­тыс­ты істердің құқық қорғау органда­ры­ның қолына тигені дұрыс. Бізде көп жағдайда азаматтық істер соңына дейін жеткізілмейді. Компания өзін банкрот деп жариялайды да, бар мәселе сонымен шешіле салады. Иесі бұл компанияны жапқанымен, басқасын ашады. Сөйтіп бизнесін жалғастыра береді. Мемлекеттік сатып алу саласындағы жөнсіздіктерді болдырмас үшін құқық қорғау органдарының да араласқаны жөн деуімнің төркіні осында жатыр, – дейді А.Уәлиолла.

Сенат депутаты Дәурен Әділбеков мем­лекеттік сатып алу конкурстарының «тұ­рақты жеңімпаздары» саладағы кем­ші­ліктерге жол ашып отыр деп санайды.

– Тапсырыс берушінің кім екеніне қарамастан, мемлекеттік сатып алу­дың бірыңғай ережелері болуы керек. Алайда тәжірибеге сүйенсек, мем­ле­кеттік сатып алу конкурстарының «тұ­рақ­ты жеңімпаздары» қалыптасқан. 2018 жыл­ғы ресми дерекке сүйенсек, 49 мың­нан астам орындаушы мұндай кон­курс­тарды бес реттен артық ұтқан. Яғни мер­дігерлер тобы конкурстарда жеңіске же­тіп, белгілі бір дәрежеде пайдаға ке­не­леді. Бірақ жұмысты қо­сал­қы мер­ді­герлерге тапсырады. Ал олардың мін­деттемені қалай орындайтыны бел­гі­сіз. Тапсырысты сапасыз атқа­ру­дың бір жолы осыдан басталады. Сон­дықтан мемлекеттік сатып алу тетігін әлі де жетілдіру керек, – дейді сенатор.

 

Тапсырыс берушіден де тиянақтылық талап етіледі

Zertteu Research Institute қоғамдық қорының атқарушы директоры Шолпан Айтенованың пікірінше, мемлекеттік сатып алу саласында тапсырыс беру­ші­ден де тиянақтылық талап етіледі.

– Заңда орындаушыларды жауап­кер­шілікке тартудың жолдары нақты қарас­тырылған. Мәселен, оны «жо­сық­сыз орындаушы» деп тануға болады. Сотқа жүгінуге мүмкіндік бар. Кемшіліктерді қалпына келтіргенше, атқарылған жұмыстардың актісіне қол қоймауға болады немесе толықтай есеп айырыспау керек. Бұл ретте тап­сырыс беруші де жауапкершілік арқа­лай­тынын естен шығармау қажет. Мәсе­лен, тапсырыс беруші орындау­шы­ны «жосықсыз қатысушы» деп тану үшін сотқа уақытында жүгінбесе не­месе мүл­дем жүгінбесе лауазымды тұл­ғалар­ға 30 айлық есептік көрсеткіш мөл­­шерінде айыппұл салынады. Бұл тап­сырыс берушілердің мұқият болып, орындаушының қызметіне тың­ғы­­лықты мониторинг жүргізу қажет­тігін, қоғамдық бақылау тетігін пайда­ла­ну керектігін көрсетеді, – дейді Ш.Айтенова.

Дәл осы ұйымның маманы Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, ком­­­па­­­ния­лар­дың келісімшартты бұзуы, оны дұрыс орындамауы, орындаудан бас тартуы – үлкен проблема. Оны жан-жақ­ты зерттеу керек. Бірінші кезекте себебін анық­таған абзал.

– Орындаушы тарапты біржақты кінәл­ауға болмайды. Жауапты мемле­кет­тік органдар мен басқа тараптар бұл проблеманы зерттеп, себебін анықтауы керек. Әзірше бұл бағытта атқарылған жұмысты көрмедік. Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйенсек, 2020 жылы барлығы 39 мыңнан астам келісімшарт бұзылған және бұзу туралы шешімді күтіп тұр. Олардың жалпы сомасы 380 млрд теңгеге жуықтайды. Ал 2021 жылдың басынан бері 17 мыңнан астам келісімшарт бұзылған және бұзылу сатысында тұр. Олардың сомасы 104 млрд теңгеден асады. Мемлекеттік сатып алу арқылы жұмсалатын қаржы біздің проблемамызды шешуге, сапалы мемлекеттік қызмет алуымызға бағытталатынын ескерсек, өткен жылы 380 млрд теңгеге, ал биыл 104 млрд тең­геге алуға тиіс қызмет алынбай қал­ды немесе бізге кешігіп жетті. Өйт­кені, сатып алу келісімшарты бұзыл­са, ол процесс қайтадан өткізіліп, орын­даушы жаңадан анықталады. Сәй­кесінше, ақша кеш жұмсалады, біз қыз­метті кешігіп аламыз. Бұл мысалмен айтқанда, тиісті мектеп пен жол кешігіп салынады деген сөз. Зерттеу керек деп отыр­ған себебім де сондықтан. Бұл тек ком­­панияға қатысты болмауы мүмкін. Мұндай компаниялардың тендерді ұт­пауы үшін сатып алу процестерін ба­рын­ша жетілдіру керек. Келісімшарт та­лап­тарын, оларды орындау шартта­рын қайта қарау да артық етпейді. Ком­­паниялардың жауапкершілігін арт­ты­­ру да маңызды, – дейді Ғалымжан Оразымбет.

Өкінішке қарай, келісімшартты орын­­­дамаумен оны бұзудың салдары жаман. Заң бойынша келісімшарт тап­­сырыс берушінің бастамасымен бұзылса, сол сәтке дейінгі игерілген соманы орындаушы қайтаруға міндетті емес. Олай болса, былтырғы 380 млрд теңгеге жуық қаржының, биылғы 104 млрд теңгенің қаншасы тапсырысты орындаушыда қалды? Бұдан бюджет қанша шығынға ұшырады? Бұл жағы белгісіз. Ғ.Оразымбет мұның бәрін келісімшартты бұзу жағдайларын зерттеп, себебін анықтаған соң ғана білуге болады дейді.

– Тапсырыс берушінің жауап­кер­ші­лігін арттыру да маңызды. Бізде қай деңгейде болсын заңды бұзған орындаушыға шара қолданылады. Ал тапсырыс берушінің кемшілік үшін жауапқа тартылуы өте сирек кездеседі. Жауапкершілік екіжақты болмай, мәселе шешілмейді. Тапсырыс берушінің кем­шіліктеріне, қылмысына шара қол­дан­бауда да жемқорлық белгілері бай­қалады. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 4-бабында Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың негізгі қағидалары жазылған. Сол қағидаларды қатаң сақтасақ, көп мәселенің алдын алуға болады, – дейді ол.

 

Жемқорлық жайлаған сала

Мемлекеттік сатып алу – айғай-шуы да, ақшасы да көп сала. Бұл жерде триллиондаған теңге айналым­да жүр. Бас айналдыратын сомалар сы­байлас жемқорлыққа да жол ашып отырғаны белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен жиын­­дарда мемлекеттік сатып алу сала­сы­на тәртіп орнатуды жиі тапсыра­тыны да сондықтан. Мәселен, Мемлекет басшысы 2019 жылдың мамырында Орал қаласының активімен болған жиында бұл салада сыбайлас жемқорлық фак­ті­ле­рінің көп екенін жеткізді. «Сы­бай­лас жемқорлық – ұлт­тық қа­уіп­­­сіздікке төнген қатер. Мұ­ны­­мен мық­тап күресетін боламыз. Оның ішін­де мемлекеттік сатып алу сала­сына ерек­­ше назар аударылмақ», деген еді сол жолы.

Бұл салада мәселенің көп екенін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­­тігінің төрағасы Серік Жұманғарин де мо­йындап отыр. Мемлекеттік сатып алу кезінде негізсіз жоғары талаптар қою, белгілі бір орындаушылардың мүддесін қолдау, сатып алуды қайта болдырмас үшін бәсекелестермен бі­рі­гу, тапсырыс берушілер тарапынан бюд­жет қаражатын үнемдемеу... Са­ла­да­ғы кемшіліктерді осылай жал­ғас­­тыра беруге болады.

Тікелей шарт жасасу арқылы қыз­мет­­ті бір көзден сатып алу да – өзек­ті мәселе. Бірақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның өзі осыған жол беріп отыр. С.Жұманғариннің мә­лі­ме­тінше, заңда аталған жолмен сатып алуды жүргізуге жол беретін 52 негіз қарастырылған. Демек, бұл тиісті заңды әлі де жетілдіру керектігін көрсетеді.

– Өткен жылдармен салыстырғанда тікелей шарт жасасу арқылы қызметті бір көзден сатып алу үлесі төмендеп келеді. Мәселен, 2016 жылы оның үлесі 48 пайызды құраса, 2019 жылы 34 па­йы­з­ға тең болды. Соңғы бес жылда бір көзден 7,7 трлн теңгенің қызметі мен тауары сатып алынған. Аукцион арқылы сатып алу үлесі біртіндеп көбеюде, – дейді С.Жұманғарин.

Әлі есімізде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-бас­шы­сы Алик Шпекбаев жиындардың бі­рінде жемқорлыққа қатысты әрбір төр­тін­ші қылмыс мемлекеттік сатып алу саласында жасалатынын айтқан-ды. Ал мемлекеттік сатып алу арқылы жылына триллиондаған қаржы жұмсалатынан ескерсек, проблеманың ауқымын елес­те­тудің өзі мұң. Бұл дегеніміз – сапасыз ме­дицина, сапасыз білім, сапасыз жол...

– Жемқорлық араласқан жерде сапа болмайды. Тіпті «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның өзінде жем­қор­лыққа негіз болатын жағдайлар көп. Әрине, оның барлығы жем­қорлықпен жасалады деген сөз емес. Бірақ бұл жемқорлық қатерін арт­тыратын не­гіз­гі фактордың бірі. Одан бөлек, тех­ни­калық ерекшелікті нақты бір өнім берушіге арнап жазу, шарттарын әдейі қиындату немесе түсініксіз етіп жазу сынды мәсе­ле­лер алдан шы­ғады. Мұндай кон­курс­тарға ком­па­­ния­лардың барлығы бірдей қа­тыса бермейді. Тәуекел жоғары. Сон­дық­тан мемлекеттік сатып алу про­цесін барынша анық әрі ашық еткен абзал, – дейді Ғ.Оразымбет.

Zertteu Research Institute ұйымының өкілі назар аударыла бермейтін, бірақ көп жағдайда сатып алуға теріс әсе­рі көп тағы бір мәселеге тоқталды. Ол – мемлекеттік сатып алуды ұйым­дастырып, өткізе алатын білікті ма­ман­дардың аздығы. Айтуынша, рес­пуб­ли­калық, облыстық деңгейдегі жағдай жақсы. Бірақ аудан, ауыл көлемінде мамандар жетіспейді. Бұл сатып алу құжаттарын сапалы, дұрыс толтыруға кедергі келтіреді. Мұның кесірі тұтас процеске тиеді. Сатып алуды сапасыз өткізу – қаржыны тиімсіз жұмсау, жем­қор­лық тәуекелдерін арттыру деген сөз.

Қаржы министрлігінің дерегінше, бүгінде мемлекеттік сатып алуға ар­налған веб-порталда 24 мың тапсырыс беруші мен 96 мың тапсырыс орындаушы тіркелген. 2020 жылы республика бойынша саланың айналымдағы қаржысы 6,4 трлн теңгені құраған. 5,8 трлн теңгеге электронды келісімшарт жа­салыпты. 2021 жылдың қаңтар-шіл­де­сінде веб-порталға 5,3 трлн теңге­нің тапсырысы орналастырылған. Бекітілген элек­тронды келісімшарт сомасы – 3,7 трлн теңге.

Квазимемлекеттік сектордағы сатып алуда да мәселе көп. Бұл туралы Мем­лекет басшысы былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында қадап айтты да.

«Өнеркәсіптің дамуына реттелетін сатып алу жүйесі тікелей әсер етеді. Оның көлемі 15 триллион теңгеге жуық немесе ішкі жалпы өнімнің бестен бір бөлігін құрайды. Үкімет пен әкім­дердің міндеті – осы әлеуетті барынша пайдалану. Менің тапсырмам бойынша мемлекеттік органдардың са­тып алу жүйесін жақсарта түсетін жаңа заң қабылданды. Бірақ ұлттық компаниялардың сатып алу жүйесі әлі де болса ашық емес және оған қатар­да­ғы кәсіпкерлердің қолы жете бер­мей­ді. Жыл соңына дейін квази­мем­лекеттік сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтін біртұтас заң қабылдауды тапсырамын. Реттелетін барлық сатып алу барынша ашық және «Бір терезе» арқылы ғана жүзеге асырылуға тиіс. Егер тиісті құқық қол­да­ну тәжірибесі болмаса, заңнаманы жетілд­іргеннен ешқандай пайда жоқ», деген болатын Президент.

Мемлекет басшысының былтырғы Жол­даудағы тапсырмасы биыл орын­дал­ды. Президент 2021 жылдың 8 мау­сы­мында «Квазимемлекеттік сек­тор­дағы жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заңға қол қойды. Заң­да квази­мемлекеттік сектор субъек­ті­ле­рінің, оның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорының сатып алуын­ реттеу ұсынылған. Бұдан бөлек, «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Құжат қазір Сенаттың қарауында.

Түйіндей келе айтарымыз, мемле­кет­тік сатып алу саласындағы кем­ші­ліктер ел экономикасына ғана емес, сіз бен біздің өмірімізге де тікелей әсер етеді. Ендеше, саладағы талап пен тәр­тіп­ті барынша күшейткен абзал.