05 Ақпан, 2014

Ректорлар консорциумы елімізде жоғары білім жүйесінің сапасын жақсартуды көздейді

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еліміздің сегіз жетекші жоғары оқу орны Ректорлар консорциумын құрды. Жуырда Алматыда ҚМЭБИ (КИМЭП) университетінде Білім және ғылым вице-министрі Т.О.Балықбаевтың қатысуымен алғашқы ұйымдастыру мәселелеріне арналған құрылтай отырысы өтті. Әзірше консорциум құрамына Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ-Британ тех­ни­калық университеті, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті, Қазақ ұлт­тық аграрлық университеті, ҚМЭБИ университеті, Қазақ гумани­тарлық-заң университеті мен Халықаралық бизнес академиясы енген. Консорциум қызметтері үш негізгі бағытта қарастырылған. Біріншіден, Білім мен ғылым министрлігіне академиялық автономияны және еркіндік енгізу, ғылыми зерттеулерді жетілдіру, жоғары білімді жаңарту жә­не интернационалдандыру, со­нымен қатар Қазақстан ЖОО-ларын үздік әлемдік тәжіри­белермен сәйкестендіру және Болон процесін іске асыру жөнінде кеңестер мен ұсы­ныс­тар беру. Екіншіден, халық­аралық деңгейде танылған жоға­ры білім саласындағы Ор­таазиялық аккредитациялау агент­тігін ұйымдастырып, дамы­туды басқарады. Үшіншіден, жоғары білімнің дамуына көмек көрсету мақсатында Қазақстан ЖОО-лары үшін тренингтер мен сараптамалық қолдауды ұйым­дастырады. – Жақында Елбасы өзінің кезекті Жолдауында «Жетекші жоғары оқу орындары біртіндеп автономиялық еркіндік алуы керек» деген мақсат қойды, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор Е.Б.Сыдықов. – Әрине, бұл бір күндік үдеріс емес. Ол мақсатты орындаудың қажетті қадамдарын бүгіннен қолға алып отырмыз. Бұған дейін ЖОО-лары мемлекет, Үкімет тарапынан қатаң бақылауда болды. Ал егер біз автономиялық еркіндікті қажет ететін болсақ, оған қоғамдық бақылауды да қосуымыз керек. Міне, осы тұрғыда бастамашыл топ консорциум құрып, Жолдауда көрсетілген тапсыр­маны министрлік алдына қо­йып отырмыз. Қазақстанның көп­теген ЖОО-лары Болон проце­сіндегі хартияға қол қо­йып, оны мойындаған. Ондағы талап­тың бірі – академиялық еркіндік. Демек, біз осы хартияға енгендіктен оның талаптарын да іс жүзіне асыруымыз керек. Қарап отырсақ, әлемдік тәжірибеде жетістігі мол ЖОО-ның дені еркін, қоғамдық бақылаудағы университеттер. Олай болса университеттерде бақылау кеңестері, қамқорлық кеңестері құрылады. Кейін менеджменттер, университеттер басшыларын министрлік емес, сол кеңестердің басшылары тағайындауы тиіс. Яғни, университет басшылары мен ғалымдары министрлік алдында ғана емес, қоғам алдындағы да жауапкершілікті сезінеді. Әрі тиімділік артады. Аталмыш басқосудың ҚМЭБИ-де өтуінің өзіндік мәні бар. Бұл оқу орны Тәуелсіз­дігіміздің алғашқы жылдарында Елбасының пәрменімен дүниеге келіп, қазіргі таңда дүниежүзілік стандарттарға сай сапалы білім беруде. Сондай-ақ, консорциум Назарбаев Университетінің де іс-тәжірибесін, құрылымын, идеологиясын басқа ЖОО-ларға таратуды көздеп отыр. Халықаралық бизнес акаде­миясының президенті, профессор А.Б.Қожахметовтің айтуынша, консорциумге мүше ЖОО-лары бұрыннан келе жатқан және де жаңадан құрылған университеттер. Мұнда еліміздің барлық аймағындағы ЖОО-ларға есік ашық. Әрине, консорциумның өз мақсаты, өз қағидалары, өз ережелері болмақ. Консорциум тек өздері құрған университеттер үшін ғана жұмыс жасамайды, ол қоғамдық құндылықтар үшін, жалпы қазақстандық білім беру жүйесінің сапасын көтеруге де қызмет көрсетпек. Бүгінгі көтеріліп отырған мәселенің маңыздылығын жақсы түсінеміз, бұл айтулы оқиға, деп ой түйген Назарбаев Университетінің президенті, профессор Шигео Катсу ЖОО-дағы жүйелі реформаны қолдайтынын алға артты. – Реформаның жұмыс істеуі үшін алдымен қоғамдастық алдында оның маңызын, міндетін түсіндіруіміз керек, – деді Шигео Катсу мырза. – Бүгінде Назарбаев Университетінде академиялық еркіндік жоғары деңгейде жұ­мыс істеуде. Сондықтан да біз­дер мемлекеттік білім беру жүйе­сінде автономияны енгізгісі келетін кез келген бастаманы қолдаймыз. Сондай-ақ, мұндай ЖОО-ның қатары көбейіп, бұл мәселенің жалпы мемлекеттің білім беру жүйесіне оң ықпал етуін шынайы түрде қолдаймыз. Біздегі тәжірибеге сүйенсек, авто­номияның артында үлкен жауапкершілік пен тыңғылықты еңбек жатыр. Ол дегеніңіз – күнделікті күрес, әрі адамдардың менталитетінің өзгеруіне байланысты. Өйткені, бұрынғы ескі көзқараспен оны жолға қою мүмкін емес. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар