Экономика • 24 Қыркүйек, 2021

Астық жинау қашан аяқталады?

668 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы уақытқа дейін еліміздің егін да­ласындағы 14,1 млн гектардың дәнді және дәнді-бұршақты да­қы­лы жиналыпты. Орташа өнім­ділік гектарына 9,2 центнерден айналған. Бұл 2020 жылғы дең­гейден 22,8 пайызға төмен. Жалпы, 13 млн тонна астық жиналса, соның 10,4 млн тоннасы бидай.

Астық жинау қашан аяқталады?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 197,8 мың тонна майлы дақыл, 2 142,7 мың тонна картоп, 3 730,1 мың тонна көкөніс дақылдары, 2 581,3 мың тонна бақша дақылдары жиналған. Егін егетін негізгі үш өңір – Ақмола, Қос­танай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10,6 млн гектар егін алқабы жиналыпты. Бұл жалпы алаңның 91,4 пайызы. Орташа өнімділік гектарына 8,4 центнерді құрап, жиналған өнім 8,9 млн тоннаға жетті.

«Астықтың жалпы түсімі 15,3 млн тоннаға жетеді деген болжам бар. Соның ішінде бидайдың түсімі 10,5 млн тоннаға жуықтауы мүмкін. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бо­йын­ша республикада дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 3,5 млн тонна, оның ішінде бидай 2,8 млн тонна болған. Өткен жылдан қалған астықты есептегенде шамамен 18,8 млн тонна астық бар. Оның 13,3 млн тоннасы – бидай. Астықтың қажеттілік есептеріне сәйкес ішкі тұтынуға 7,6 млн тонна бидай, оның ішінде азық-түлік қажеттіліктеріне 3 млн тонна, жемге 2 млн тонна, тұқымға 1,8 млн тонна, өнеркәсіптік өңдеуге 0,8 млн тонна астық қажет», делінген министрлік мәлімдемесінде.

Бидайдың экспорттық әлеуеті ұнды қоса есептегенде шамамен 5,5-6 млн тонна кө­лемінде бағаланып отыр. Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын жү­р­гізетін фермерлерге мемлекеттік қол­дау көрсету аясында қаржы жет­кі­лік­ті деңгейде бөлі­не­ді. Азық-түлік келі­сім­шарт корпорация­сы ауыл шаруа­шы­лы­ғы өнімдерін форвардтық сатып алуды жү­зеге асырмақ.

Сондай-ақ ведомство минералды тыңайтқыш, тұқым, пестицид сатып алған шаруаларға субсидия береді және суармалы жерге жұмсалатын су шығынының бір бөлігін өтейді. Инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында техника сатып алған, ауыл шаруашылығы өнім­дерін сақтау және қайта өңдеу объек­тілерін құрған, жылыжайлар мен өсім­дік бақтарын салған, суару жүйелерін құрған әрі кеңейткен және тағы басқа да іргелі істерді қолға алған фермерлер шығындарының бір бөлігі өтеледі.

Егін жинау жұмыстарын уақтылы атқару үшін фермерлерге 396,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. 2021 жылдың 16 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 247,5 мың тонна жеткізіліпті. Мұнай өңдеу зауытындағы отынның литрі 156 теңге (тоннасы 189,0 мың теңге), операторлардың жеткізу қызметінің құнын қоса есептегенде де дизель отынының өңірлердегі орташа бағасы қымбат емес. Шаруалар оның бір литрін 177 теңгеден алады.

«Республикада 28,8 млн тонна астық сақтайтын мүмкіндік бар. Оның ішінде астық қабылдау кә­сіпорындарында 12 млн тонна, фермер­лерде 16,8 млн тонна астық сақ­тай­тын орын бар. Биылғы егін жинау нау­қа­ны штаттық режімде және жос­пар­лан­ған кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жұ­мыс­ты уа­қы­тында атқаруға қатысты бар­лық мә­селе министрліктің тұрақты ба­қы­ла­уын­да. Тиісті мониторинг пен талдау жасалып отырады», деп хабарлады ведомство.