Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2021

Тотыдай таранған Талдықорған

203 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Осыдан 20 жыл бұрын облыстың әкімшілік басқару орталығы Алматыдан Талдықорған қаласына көшірілген болатын. Елбасының тарихи шешімінің арқасында Талдықорған Жетісу жерінің орталығына айналды. Бүгінде 200 мыңның шамасында тұрғын мекендеп отырған шаһар қалыпты даму кезеңін бастан өткеріп жатыр. Жақында талдықорғандықтар қала күнін атап өтіп, облыс орталығының сәулетіне көрік қосатын жаңа тұрғын үйлер мен ескерткіш нысандарының пайдалануға берілуіне куә болды.

Тотыдай таранған Талдықорған

55 отбасы баспаналы болды

Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай 55 отбасы қоныс тойын тойлады. «Болашақ» шағын ауданында жаңадан салынған үйдегі пәтерлердің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов табыстады.

– Өткен 20 жылда қалада жаңа ша­ғын аудандар, әлеуметтік нысандар салынды, жолдар, саябақтар, скверлер, аулалар жасалды. Белгілі сәулетшілер бү­гін­гі Талдықорғанның кескін-келбетінің көріктенуіне үлес қосты. Бүгінгідей мере­келік күнге орай облыстық жұқпалы аурулар ауруха­на­сының аумағында коронавируспен кү­ресте ерлік пен жанкештілік танытқан дә­рі­герлерге арналған ескерткіш ашылды. Сондай-ақ, қала көшелеріне зама­науи автобустар шығарылды. Енді, мі­не, кезегі жеткен тұрғындарға мерекеге орай жаңа пәтердің кілтін табыстап жатыр­мыз. Осының бәрі мемлекеттік қол­даудың нақты көрсеткіштері, – деді пәтер ке­зегі жеткендерге кілт тапсыру сал­­та­натында өңір басшысы.

Салтанатты шараға қатысушылар об­лыс әкімімен бірге жас отбасы Ома­ров­тар мен педагог Маржан Мэлстің үйіне кі­ріп, шашу шашты. Қоныстойын тойлау­шыларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Жалпы, биыл «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы аясында Алматы облысында
1 млн-нан астам шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланған. Оның 191,3 мың шаршы метрі неме­се 2 603 пәтер бюджет қаражатына са­лы­нады. Биылғы 8 айдың ішінде бағ­дарламаның бар­лық бағыты бойын­ша берілген 904 пәтер­дің 68-і көпбалалы отбасыларға тиесі­лі. Жалпы, бас­панасыз жүрген халықты пәтермен қам­­тамасыз етуге арналған жал­дамалы тұр­ғын үй құрылысына биыл 16,2 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 10,9 млрд теңгесі көпбала­лы от­басы­ларға арналған. Облыста жал­дамалы пәтермен қамтамасыз ету жос­парланған 1 695 отбасының 953-і көпбалалы саналады. Биыл қаң­тар-тамыз аралығында Алматы об­лы­сында 663,5 мың шаршы метр бас­пана немесе 2020 жылдың есепті кезеңі­мен салыстырғанда 107,5 па­йызы пайдалануға берілді.

 

Жолаушылар енді жаңа автобуспен жүреді

Облыс орталығының Талдықорған қаласына ауысуына 20 жыл толуына орай табиғи газбен жүретін жаңа автобус­тар жолаушы тасымалына шы­ға­рылды. Қаланың автобус паркін жа­ңар­туға және жолаушылар көлігінің қол­жетімділігін жоғарылату жөніндегі жұмыстың аясында жоспарланған шарада облыс әкімі Амандық Баталов қала тұрғындарын ар­найы құттықтады.

– Қала күніне орай талдықор­ған-
­дықтарды тиімді сыйлық – жолаушы тасымалына жаңа автобус шығару ар­қылы қуантуды ойластырдық. Бұл өте маңызды міндет деп білемін. Өйт­кені жолаушы тасымалдайтын ком­паниялар­дың автопарктерін жаңартуға мүмкіндігі ­жоқ болатын. Біз оларға «Жетісу» әлеумет­тік кәсіпкерлік кор­по­рациясы арқылы ­
2,3 млрд теңгеден астам қаражатқа автобус сатып алып, лизинг­ке беріп отырмыз. Бұл автобус­тар­дың ең басты ерекшелігі – таза таби­ғи өнім газбен жүретіндігінде. Бұл үшін қалада арнайы газ толтыратын компрессорлық станса тұрғыздық. Жергілікті бюджеттің есебінен түрлі деңгейдегі жолаушылар – мектеп оқу­шы­ларының, студенттердің, ардагерлер мен басқа да көптеген жолаушының тегін жүруіне жағдай жасап отырмыз. Мұның бәрі халық үшін, – деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Ал тұрғындардың атынан сөз алған Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Мұрат Халық қаланың 20 жылдың ішіндегі көркеюіне тоқталды.

– Менің Талдықорғанда тұрып жат­қаныма 67 жыл болды. Ол кезде барлығы 14 көшесі бар шағын ғана қала еді. Бар-жоғы 18-20 мың тұрғыны болатын. Бүгінгі қаланың қалай өскеніне қараңызшы, Жетісу жерінің әкімшілік орталығы болған 20 жылдың ішінде көркейіп, дамып, ұлғайып, өсті. Осы өзгерістердің бәрі менің көз алдымда өтті. Талдықорғанның тарихы қы­зық­ты, мәдениеті терең. Оған әрбір тұр­ғын өз үлесін қосып келеді. Ендеше, сүйік­ті шаһарымыз өсіп-өніп, көркейе берсін, гүлденсін деп тілейік. Заманауи келбетін бәріміз жақсы көре берейік, – деген ақсақал көпшілікті қала күнімен құттықтап, батасын берді.

Осылайша, қалалық автопаркке «Ютонг» және «ПАЗ» маркалы 32 автобус бе­­рілді. Одан бөлек жыл соңына де­йін та­ғы 23 автобус қалаға келеді. Сы­йым­ды­лығы 55-тен 67 адамға де­йін жете­тін жа­ңа автобустарға бейне­бақылау ка­ме­ра­лары, кондиционер, электронды би­лет беру құрыл­ғысы орнатылып, мүм­кіндігі шек­теулі жандарға арналған орын­дар қарас­тырылған. Жалпы, жергілік бюджет­тің есебінен жолаушы тасымалымен айналысатын компанияларды қолдау жалғаса тү­седі. Алдағы 3 жылдың ішінде 3,2 млрд теңгеден астам субсидия беру жос­парланған.

«Аяулы алақан» ескерткіші – абзал жандарға алғыс нышаны

Талдықорғанда COVID-19 індеті­мен күрес кезінде табандылық танытып, көзге көрінбейтін дұшпанмен мыл­­тық­сыз майданда ерлік көрсеткен ме­ди­ци­на қызметкерлеріне арналған «Аяулы ала­қан» деп аталатын ескерткіш ашыл­­ды. Об­лыстық жұқпалы аурулар ауруха­насының аумағындағы ес­керткіштің ашылу салтанаты да облыс орталығы Талдықорған қаласына ауысуына 20 жыл толуына орайластырып өткізілді. Аймақтың зиялы қауым өкілдері, медицина қауымдастығы қа­тысқан шараны облыс әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп ашты.

– Дәрігерлердің ерлігі мен жанкеш­тілігіне арналған ескерткішті алдымен Нұр-Сұлтан қаласында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан болатын. Содан кейін аймақтарда бұл бас­тама қолға алына бастады. Біз де өз кезегімізде медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылығымыз бен құр­метімізді көрсетейік деп шештік, – деп әкім ескерткіш идеясының қайдан шық­қанын айтып берді. – Белгілі мү­сінші Мирлан Әзмағамбетов екеуміз ойланып, жас ағаш – өмірдің белгісін мәпелеген дәрігерлердің жайылған қос алақаны үлгісіндегі ескерткіш жасауды ұйғардық. Міне, қала күніне орай облыстың барлық дәрігеріне арналған «Аяулы алақан» ескерткішін ашып отырмыз. Өйткені пандемия кезінде күн демей, түн демей, айлар бойы отбасы, бала-шағасын көрмей жұмыс істеген дәрігерлер бүгінгі күні де Гип­пократқа берген антына адалдық танытып, кәсіптік міндетін мүлтіксіз атқа­рып келеді. Себебі жұқпалы дерт күн өткен са­йын күшеймесе толастар емес. Сондықтан ескерткіш пандемия кезінде қаза тапқан және әлі де еңбектеніп жүрген медициналық қызметкерлеріне арналады.

Өз сөзінде мемлекеттік қолдаудың арқасында Алматы облысының денсау­лық сақтау саласы лайықты деңгейде дамып отырғанын жеткізген облыс әкімі жұқ­палы дертпен күреске 13,8 млрд тең­ге бөлініп, медициналық құ­рыл­ғы­лармен қамтамасыз ету деңгейі 79-дан 89 пайызға дейін өскенін атап өтті. Қыс­қа уақыттың ішінде салынған зама­науи үлгідегі жұқпалы аурулар ауруха­насы ковид жұқтырған нау­қастарға сапа­лы медициналық кө­мек көрсетеді. Мемлекеттік қолдаудың ар­қа­сында ме­дицина қызметкерлерінің жалақысы өсіп, тынымсыз еңбек еткен көп­теген дәрігер «Халық алғысы» меда­лімен марапатталды.

Ал Жетісу дәрігерлерінің атынан сөз алған облыстық аурухананың анес­тезиолог-рениматолог дәрігері Ілияс Нүсіпәлиев:

– Көзге түспейтін дұшпан саналатын қауіпті вируспен күрес – өте қиын мін­­дет. Соған қарамастан пандемия бас­талған­нан-ақ жерлестеріміздің ден­сау­лығын сақтауға бар біліміміз бен білі­гімізді салуға тырыстық. Пан­де­­мияның таусылып, мына ескерт­кіш әріп­тестерімізге деген шынайы құрмет пен риясыз ықыластың мәңгі­лік белгісіндей болып қаларына сене­мін. Өскелең ұрпақ олардың өмір жо­лынан үлгі алады. Осындай қол­дау көрсетіп, ықылас танытып отыр­ған облыс басшылығы­на рахмет айта­мын. Мықты денсаулық және бар жақ­сылықты тілей­мін! – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Сондай-ақ шарада пандемия ке­зін­де қайтыс болған Жамбыл ауда­ны Қарғалы ауылдық дәрігерлік амбу­ла­­ториясының дәрігері Сертай Сағиев­тың қызы, Алма­ты қалалық онко­логия ауруханасының он­колог-дәрі­гері Мадина Сағиева жұқпалы ауру­мен күрестің алдыңғы шебінде жүр­ген дәрігерлерді құрметтеудің маңызды­лығын атап өтті. Оның айтуынша, дәрігерлер адам өмірін сақтау жолында қолынан келгеннің бәрін жасайды.

– Біз бүгін бір өте маңызды және ға­­жайып көрініс – медицина қызмет­кер­леріне арналған ескерткіштің ашы­луына жиналып отырмыз. Бұл ескерт­кіш пандемия кезінде жан қиған асыл жандарды мәңгілік еске түсіріп тұратын болады. Біздің жүректеріміз оларды естен шығармайды. Ең қиыны бейбіт күнде жақыныңды жоғалту екен. Күл­лі әлемді пандемия жайлап, көзге түс­пейтін жаумен күрес басталған тұста қаза тапқан, аты алтын әріппен жазылар құрметті дәрігердің қызы ретінде бүгін сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу мен үшін үлкен құрмет дер едім. Қазір ең маңыздысы – қол жеткенге тоғайып, тоқтау емес, күресті жалғастыру, бір­лесе қимылдау. Бәріңізге мықты ден­саулық және отбасыларыңызға барша жақсылықты тілеймін, – деді жас дәрігер М.Сағиева.

Таза қоладан құйылған «Аяулы ала­қан» ескерткіші аясына үйеңкі аға­­шын салған қос алақан кескінінде бей­неленіпті. Ұзындығы 3,8 метрге, биік­тігі 2,8 метрге тең. Мәрмәр тас­тың бетіне «COVID-19» коронавирус­ты инфекциямен күресте ерлік пен жан­кештілік танытқан медици­на қыз­меткерлеріне арналады» деп ж­азылған. Ескерткіштің идеясы сәу­летші Мирлан Әзмағамбетовке, облыс әкімі Амандық Баталовқа, сәулетшілер Любовь Нысан­баева мен Дәркен Нұр­жановқа тиесілі.

Жалпы, пандемиямен күресуге Ал­маты облысында 31 медициналық мекеме атсалысып отыр. Оның төр­теуі – Талдықорған қаласында. Амбула­торлық және стационарлық деңгейде үш жарым мыңнан астам дәрігер нау­қастарды емдеуге қатысты. Оның ішін­де 851 дәрігер және 2 604 орта және кіші санатты мед­қызметкер бар. Пан­демия басталғалы бері аймақта коро­навирус пен пневмониядан 51 мыңнан аса адам емделіп шықты. Содан бас­тап медициналық сақтандыру қоры­ның есебінен 18,9 млрд теңге 7 мыңнан аса ­медицина қызметкеріне қосымша төлен­ді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттің есебі­нен бөлінген 137 млн теңге мың­нан аса медицина қызметкеріне сыйақы ре­тін­де берілді.