05 Ақпан, 2014

Заңсыз тауар жазасын табар

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
0-a36Заңсыз тауар өткізу үшін шекара бұзушылар барлық мүмкіндіктерін пайдалануға тырысады. Дегенмен, қазақстандық шекарашылардың қырағылығы арқасында контрабандашылар ұсталуда. Мәселен, Қордай шекара отрядына қа­расты «Сортөбе» заставасының наряды көр­шілес қырғыз жерінен 11 жылқыны қуалап келе жатқан бір топ шекара бұзушыларды бай­қап қалды. Барымташыларды тоқтатып, құжат­тарын тексеруге келгенде олар қарсылық біл­дір­ді. Шекара бұзушыларды тоқтату мақ­са­тында аспанға ескерту оғын атуға тура келді. Зардап шеккен ешкім жоқ, заңсыз қуалап келе жатқан жылқылар тоқтатылды. Аталған де­ректер бойынша құқық қорғау органдары ха­­­­барландырылып, тергеу амалдары жүр­гізілуде. Сондай-ақ, өткен тәулік ішінде қазақстандық шекарашылар декларацияланбаған валюта, 10 қап көлемінде балық, бір тонна сары майды шекарадан заңсыз алып өтпек болғандарды ұстады. Қазақ-қытай шекарасын өз бетінше кесіп өтіп келе жатқан 24 жастағы отандасымызды ұстаған «Қорғас» шекара бекетінің наря­ды тексеріс кезінде оның 11 000 доллар дек­ла­рацияланбаған қаржысы бар екендігін анықтады. «Майқапшағай» өткізу бекетінің шекарашылары «Өскемен-Алтай» бағытындағы автобусты тексеру кезінде оның жүксалғыш бөлігінен шортан балығы салынған 10 қап­шық­ты тапты, рұқсатсыз шекара асып бара жат­қан балық­тарды таразыға тартқанда 1,5 цент­нер шықты. Қазақ-қырғыз шекарасындағы «Сыпатай батыр авто» шекара бекетінің бақылаушылары елімізден шығып бара жатқан, 41 жастағы қырғыз азаматының «Мерседес бенц» авто­көлігін қарау кезінде оның салонына жасы­рылған бір тонна сары майды анықтады, деп хабарлады ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
Соңғы жаңалықтар