05 Ақпан, 2014

Жолымыз оңды, сапарымыз сәтті болғай!

471 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа дәстүрлі Жолдауы жыл сайын мемлекеттік аппаратты ғана емес, бүкіл халықтың ортақ мақсатын, ұлттық мүдделер мен болашаққа бағытталған үлкен мұраттарға бастайтын мәнімен ерекшеленетіні анық. «Кеменің бағыт-бағдары болмаса, ешбір жел оған бағыттас болмайды», деген даналық сөз бар. Жаһанданып жатқан әлем­де, еңбек ресурстары күн өте дамып, өзгеріп жатқан заман­да әрбір мемлекеттің өзінің ішкі рухани-мәдени, өркениеттік, эконо­мика­лық ерекшеліктеріне сай қалып­тас­тыратын жолын іздеу – табиғи үрдіс екені анық. Қазақстан да соңғы жылдары көптеген елдердің даму кезеңін зерттей отырып, өзі­нің жолын қалыптастыруды бас­тады. Бұл жол тек сөзбен емес, үл­кен еңбекпен, ең бастысы – қо­ғам­ның бірлігі, оның ортақ мақ­сат-мұра­тымен қалыптасатын жол. Әлемдік банк сарапшы­лары­ның ұсынысы бойынша, елдің серпінді дамуының негіз­гі факторлары – құйылатын ин­вес­ти­ция­­лардың мақ­сат­ты түрде пай­да­­ланылуы мен ат­қа­рушы би­лік жүйесінің тиімді­лігінің жоға­ры болуымен тығыз байланыс­ты. Аталған ұсыныс жыл сайынғы жол­дауларда айтылып келеді. Елі­міз­дің күретамыры болып отырған инфрақұрылымды өркендету, экономика және өндіріс салаларын дамыту, еліміздің аумақтық артықшылықтарын тиімді пайдалану, оның ішінде Қытай мен Ресей арасындағы логистикалық-көлік орталығы болу, өңірлерде индустриялық жаңа салалардың пайда болуы осы жылғы Жолдауда да ескерілді. Себебі, ХХІ ғасыр – экономикаға негізделген, оның ішінде интеллектуалды адами ресурстардың мүмкіндігін ашатын инновациялық экономиканың ғасыры. Бүгінгі күннің АҚШ, Финляндия, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Тайвань, Канада, Австралия секілді дамыған елдері адами ресурстардың үлесіне үлкен мән беретінін енді ғана түсініп келе жатқандаймыз. Осы тұста «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының мәні мен стратегиялық маңызы артатыны анық. Еліміздегі ұлттық ғылыми-зерттеу орталықтары жұмысының нәтижелі болуы, экономиканың серпілісіне үлес қосуы басым бағыт ретінде белгіленді. Ішкі жалпы өнімнің 3%-ға дейінгі үлесінің ғылым мен білімнің дамуына бөлінуі – заман талабы. Парламенттің Әлеуметтік-мәде­ни даму комитетінің мүшесі ре­­тінде Жолдауда аталған са­лаға жылдағыдай айрықша кө­ңіл бөлін­гені байқалады. Бірін­шіден, отандық білім беру сала­сы­ның сапалы болуы басты межеде тұр. Қазір көп облыстарда бүл­діршіндерді балабақшамен қам­тамасыз ету ісі өте баяу атқарылып жатқаны анық. 2020 жылға дейінгі кезеңге ар­нал­ған мектепке дейінгі білім­мен толықтай қамтамасыз ету мақ­саты қойылып отыр. Алға 2017 жылға дейін халық тығыз орна­ласқан аймақтарда 3 ауысымда оқы­туды түбегейлі жойып, екі ау­ысымда оқитын мектептердің санын көбейту міндеті қойылған. Уни­верситеттердің әлеуетін арт­тыру арқылы елдің экономи­касына білімді, сындарлы ойлай алатын, техника мен жа­ңа тех­но­логиялардың тілін мең­гер­ген, кемінде 3 тілді білетін маман даяр­лау да өте маңыз­ды іс болып табылады. Екіншіден, ұзақмерзімді мә­дени саясаттың тұжырымдамасын қа­был­дау қажет. Бүгінгі күні мем­лекетіміздің негізгі құнды­лықтары тәуелсіздікті баянды ету, қоғамдық татулық, бірлік, өзара сыйластық болып қалыптасқаны анық. Осы құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына ғана емес, алдағы уақытта елдің имиджіне қатысты дамыту – қабылданатын тұжырымдаманың негізгі тұғырларының бірі болуы қажет. Аталған құжаттың темір­қазығы етіп мемлекетшілік сана-сезім мен ұлттық құндылықтарды белгілеу керектігін ұсыныс ре­тінде айтқым келеді. Үшіншіден, әлеуметтік сала­­лардағы қызметкерлердің әлеу­меттік жағдайы туралы. Қоғамда ұстаз, дәрігер деген мамандарға лайықты құрмет болмай, осы мамандардың тек үшінші қатардағы қызметкерлер болып қала беруі ықтимал. Ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысын көтеру, олардың кәсіби біліктілігінің дамуына қолайлы жағдайлар жасау, «ұстаз» бен «дәрігер» мәрте­бесінің жоғары болуы кешен­ді жұмысты талап етеді. Әуелі мемлекет өзінің тарапынан қажет­тіліктерді тудыру, екінші жағынан қоғамның көзқарасының өзгеруі, үшінші жағынан аталған мамандық иеле­рінің өзіне деген сенімділігін кү­шейтуі қажет. Сенімділік әрдайым біліктілікті арттырып, кез келген елдегі өзінің әріптесімен білімі мен білігі жағынан тең келерлік қабілетімен қалыптасатынын ерекше айту керек. Төртіншіден, тағдырдың қа­лауы­мен, Жаратқанның жазға­нымен кемтар атанған азамат­тар­дың қоғамдық өмірде, әлеу­мет­тік жағдайында тең дәре­желі құқықтарға ие болуы. Қазақ­станда көптеген үкіметтік емес ұйым­дар, өзім мүше болып отыр­ған комитеттің төрайымы Дари­ға Назарбаева бастаған топ та мүгедек балаларға, кемтар жан­дарға ерекше мән беріп келеміз. Кемтар адамдар рухы жағынан мықты келерін ескерсек, оларды мүсіркеуден бұрын қолдау, тең дәрежеде еңбек қатынастарына араластыру жағын ойланған абзал. Бұл да өз кезегінде Жолдауда ерекше аталып өтті. Елбасының Қазақстанды «Мәң­гілік Ел» деп атауында үлкен идея жатқаны анық. Шынында да, бұл темірқазығы ұлы мақсаттар мен нақты нәтижелерге негізделген мем­лекеттің серпінді дамыған бейнесі екендігі анық. Көшбасшы болу қиын, көшбасшылықты сақтап қалу одан да қиын дейтін ғибратты ескер­сек, біз жауапты жолға енді түстік. Халық батыры Бауыржан Момыш­ұлының «ел дегенде емініп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет» дейтін даналық сөзі бар. Ендеше, алысты көздеген мақсатты сапарымыз сәтті, жолымыз оң болуына баршамыз жұмылып қызмет еткеніміз абзал. Бақытбек СМАҒҰЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты. 
Соңғы жаңалықтар