Спорт • 26 Қыркүйек, 2021

Astana Open турнирі аяқталды

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда өткен жүлде қоры 480 000 АҚШ долларын құраған ATP Tour сериясындағы Astana Open турнирі өз мәресіне жетті. Бұл жарыстың бас жүлдесі үшін аустралиялық Джеймс Дакворт пен кореялық Квон Сон Ву таласты. Ақтық сайыс тым кеш аяқталғандықтан, оның нәтижесі жайында газетіміздің келесі санында баяндайтын боламыз.

Astana Open турнирі аяқталды

Айтулы жарыстың жекелеген сайысында төрт жерлесіміз бақ сынаған еді. Алғашқы айналымда екеуі жеңіліс тапты. Дмитрий Попко аустралиялық Джон Миллманнан ұтылды – 6:3, 1:6, 4:6. Михаил Кукушкин жасыл құрлықтың тағы бір өкілі Джеймс Даквордқа жол берді – 6:7, 1:6. 20 жастағы Тимофей Ска­тов тұсаукесер кездесуінде әлемнің бұрынғы 18-ракет­касы, италиялық Андреас Сеппиді жеңіп, шағын сенсация жасады. Алайда іле-шала ол беларусьтік Илья Ившакоға есе жіберді – 2:6, 6:3.

АТР рейтингінде 34-орында тұрған еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик осы турнирдегі соңғы үмітіміз еді. Алғашқы айналымда ол бос болды. Одан кейін отандасымыз Миомир Кецмановичпен кездесті. 22 жастағы Сербияның сайыпқыраны бұл күндері үздіктер тізімінде 60-сатыға жайғасқан. Оның үстіне, Кецманович бірінші кезеңде Испанияның даңқты теннисшісі Фернандо Вердасконы ұтып, айды аспанға бір-ақ шығарған болатын. Бірақ бұл бәсекеде біздің жігіттің мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. Ширек финалда Бублик Пиреней түбегінен келген Карлос Табернерді тізе бүктірді – 6:3, 6:4. Жартылай финалда ол Оңтүстік Кореяның өкілі Квон Сон Вумен шеберлік байқасты. Қазіргі кезде әлемнің 80-ракеткасы атанып отырған кореялық ойыншы биыл Ролан Гарростың үшінші кезеңіне дейін жеткен еді. Бұл тартыста Ву Бубликтен басым түсті – 3:6, 7:5, 6:3. 

Жұптық сайыста да жерлестеріміздің жолы болмады. Андрей Голубев пен Александр Недовесов Франция ойыншылары Бенджамин Бонзи мен Ромена Арнеододан ұтылып қалды – 4:6, 6:4, 6:7.

Естеріңізге сала кетейік, Astana Open тур­нирінде есімдері жоғарыда аталған спортшылардан бөлек, испаниялық Фернандо Вердаско, ресейлік Аслан Карацев пен Евгений Донской, франциялық Бенуа Пэр, сербиялық Душан Лайович және чехиялық Иржи Веселы сынды танымал теннисшілер өнер көрсетті.