Коронавирус • 26 Қыркүйек, 2021

Вакцина коронавирус қаупін сейілте бастады

314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемді әбігерге салған коронавирус әлі де аптығын басар емес. Кейінгі бірнеше күнде індет жұқтыру қарқыны саны сәл саябырсығанымен, тәулігіне 500 мыңға жуық адам қауіпті дерттің тырнағына ілінеді. Осыған байланысты көптеген елде әлі де карантиндік талаптар жеңілдетілген жоқ. Әйтсе де, вакцина салдырғандар саны көп елдер шектеу шараларын босаңдата бастады.

Вакцина коронавирус қаупін сейілте бастады

Мәселен, Нидерландта өт­кен сенбіден бастап әлеу­мет­тік қашықтық сақтау міндеті алынып тасталды. Оның орнына вакцина паспортын көрсетсе жет­кілікті. Осылайша, ойын-сауық орындарына кіру еркін болмақ. Аталған елде 18 айдан бері «1,5 метрлік қоғам» тү­сі­нігі қалыптасқан еді. Яғни ара­қашықтық 1,5 метрден кем бол­мауға тиіс еді. Енді бұл талап күшін жойды.

Сенбіден бастап 13 жас­тан асқан адамдарға барларға, дәм­ха­наларға, мейрамханаларға, сондай-ақ театр секілді мәдени орын­дарға кіруге шектеу қо­йыл­майды. Тек меймандар Covid-19 құжатын көрсетуі қа­жет. Онда толық вакцина ал­­ғаны, коро­на­ви­рус­қа қарсы тесттен өткені немесе жақында жа­зылып шық­қаны көр­сетілуге тиіс.

Солтүстік Ирландия Ұлы­бри­танияның қалған бөлігімен бірге қазан айынан бастап ха­лық­аралық туристерге ко­ро­на­вирус тестін тапсыру ере­же­ле­рін жеңілдетпек. 4 қа­зан­нан бастап «қызыл» тізімге енбеген елдерден келген, толық вакцина алған саяхатшылар ұшар алдында тест тапсырмайды.

Көршілес Ирландия да шетелден келген саяхатшыларды мі­н­­детті түрде қонақүйде каран­­тинде жатқызу тәртібінің күшін жойды. Бұған себеп – ел аума­­ғында вирус жұқтырғандар саны­ның азаюы.

Биылғы наурыздың аяғынан бастап үкімет бекіткен тізімде бар елдерден келген саяхатшылар міндетті түрде екі апта карантинде болуға тиіс еді. Өткен сенбіде Ирландия денсаулық сақтау министрі Стивен Дон­нел­ли бұл тізімде ешқандай ел қал­мағанын мәлімдеді. Ведомство­ басшысының айтуынша, бұл ше­шім бас дәрігердің ке­ңе­сіне не­гізделіп жасалған.

Соңғы ресми мәліметке сү­йенсек, Ирландияда жалпы саны 383 мың адам вирус жұқтырса, коронавирус 5 209 адам­ның өмірін қиды. Қазіргі таң­да бес миллион халқы бар елде жаңа анықталған науқастар саны азайған. Дүй­сен­­біден бастап Дублинде қа­шық­тан жұмыс істеу міндетті емес. Карантиндік талаптарды бұлай жеңілдетуге халықтың жаппай вакцина салдыру әсер етті. Бүгінде тұрғындардың 90 па­йызы екпе алған.

Мальта билігі вакцина алған сая­хатшыларға елге кіруге рұқ­сат берді. Шешім туралы то­лық ақпарат ресми туристік пор­талда орналастырылған. Со­нымен қатар  Мальта екпенің екі компонентін алған жағдайда туристік мақсатта келе алатын елдердің тізімін жаңартты.

Таиландта Covid-19 вирусына қарсы вакцина алғандар ел аумағына келгенде міндетті екі апталық карантин мерзімін 7 күнге дейін қысқарту жос­парланды. Алайда екпе ал­ғаны туралы анықтаманы көр­сет­пе­ген­дер ұшақ арқылы келсе 10 күнге, құрлық арқылы келсе 14 күнге оқшауланады.

Малайзия үкіметі мемле­кет­ара­лық саяхатқа салынған ты­йымды алып тастамақ. Ол үшін вакцина салдырған тұрғындар саны 90 пайызға жетуге тиіс. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін үш апта мерзім қажет.

Жоғары қорғаныс министрі Датук Сери Хишамуддин Ху­сейн үкіметтің үш апта ішін­де алға қойған мақсатқа жету үшін вакцина салуды тез­дету үшін іске кіріскенін мә­лім­­деді. Премьер-министр Датук Сери Исмаил Сабри Яакоб мемлекетаралық сая­хат­қа екпе ал­ғандар саны 90 пайызға жеткенде рұқсат еті­ле­тінін мә­лім­деді. Қазіргі таңда ма­лай­зиялық ересек адам­дар­дың шамамен 80 пайызы толық вакцина салдырған.

Норвегияда да әлеуметтік шектеу шаралары мен бизнеске салынған ережелер сенбіден бастап жеңілдетілді. Премьер-министр Эрна Солберг бас­па­сөз мәслихатында әлеуметтік қашықтықтың енді қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Осы­лай­ша, түнгі клубтар қайта ашы­лып, мей­рамханалар жұ­мы­сын қа­лып­ты жағдайда жал­ғас­ты­ра­ды.