Экономика • 27 Қыркүйек, 2021

«Самұрық-Қазына» қорының 2021 жылының І жарты жылдығындағы қаржылық көрсеткіштері

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындылары бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында қаржылық көрсеткіштер 2021 жылдың бірінші жартысына белгіленген жоспардан тыс орындалып, 2020 жылдың көрсеткіштерінен асып жығылды.

«Самұрық-Қазына» қорының  2021 жылының І жарты жылдығындағы қаржылық көрсеткіштері

6 айдың қорытындысы бойынша таза табыс 809 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,5 есеге артық. Ал жоспар бойынша таза табыс 217 млрд теңге болады деп болжанған. Бұл туралы брифингте «Самұрық-Қазына» қорының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева мәлімдеді.

Компаниялар тобының операция­лық кірісі 2021 жылдың қаңтар-маусым ара­лы­­ғында 817 млрд теңгені құрады. Бұл жоспарлы межеден 456 млрд тең­геге артық.

Алдын ала бағалау бойынша 2021 жыл­дың қорытындысы бойынша жиын­тық таза табыс 1,195 млрд теңге болады деп болжануда. Яғни панде­мияға дейінгі 2019 жылдың көрсет­кіш­теріне жуық және 2020 жылдың нәтижелерінен екі есе артық.

Қаржылық көрсеткіштердің оңа­луы­на мұнай бағасының орташа есеп­пен барреліне 67 долларға дейін өсуі, мұнай өңдеу көлемінің 13%-ға ұлғаюы, электр­қуатын өндіру мен тасымалдау көлемінің 22% және 20%-ға артуы, жүк тасымалының 3% арта түсуі және кон­т­ейнерлік транзиттің 32%-ға ұлғаюы ық­палын тигізген.

Биыл жолаушылар тасымалында да көрсеткіштердің жақсарып келе жатқаны байқалып отыр. Темір жолмен жолаушылар тасымалдау 46% арта түсті. AirAstana мен Qazaq Air 8 айдың қорытындысы бойынша былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есе көп жолаушы тасымалдады.

«Жақсарып келе жатқан қаржылық көрсет­кіштерді және тұрақты макро­эко­­номикалық болжамдарды ескере отырып, Қор шығындарды оң­тай­лан­дыру шараларын іске асыру­ды жалғастырады. Жылдың қоры­тын­дысы бойынша жалпы және әкімшілік шы­ғындардан шамамен 10 млрд теңге үнемделеді. Бұдан бөлек, биыл компаниялар тобында мерзімі өтіп кеткен дебиторлық қарызды 8,5 млрд теңгеге дейін қысқарту жөніндегі жұмыс жүр­гізілді», деді Нәзира Нұрбаева.

Бірінші жарты жылдықтың қо­ры­тындысы бойынша Қор тобына кіретін компанияларда қаржылық тұрақтылық бойынша көрсеткіштердің айтарлықтай жақсаруы байқалып отыр. Қарыз/EBITDA көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда топтың EBITDA көрсеткішін 737 млрд теңгеге жақ­саруы арқасында 3,6-дан 2,8-ге дейін азайды. Бұл көрсеткіш 2,7-ге дейін қысқарады деп болжанып отыр. Бұл компаниялар тобының қаржылық тұрақтылығын айғақтайды.

Қордың жалпы қарызы 2%-ға артты. Негізінен теңге бағамының әлсіреуі және топтың инвестициялық жобаларын іске асыруға алынған несиелер есебінен. Жалпы, қарыз портфелінің тепе-теңдігі сақталып, Қор көр­сет­кіш­те­ріне валюта бағамда­рының өзгеруі айтарлықтай әсерін тигізген жоқ.

Спикердің айтуынша, күрделі эко­но­микалық ахуалға қарамастан, Қор компаниялары қаржылық тұрақты­лық­ты нығайту шараларын тоқтатқан емес. Биыл «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ еурооб­лигация шығару шарттарын жақ­сар­туға қол жеткізді. Компаниялар тобы қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыру және қарыз алу бағасын арзандату шараларын жалғастыратын болады.

Биылғы маңызды оқиға­ла­р­дың бірі – «Самұрық-Қазы­на» қо­ры­­ның ұзақ мерзімді және қысқа мер­зімді рейтингтерін халық­аралық Standard&Poors рейтинг агент­тігімен жоғарылатуы болды. Шетел және ұлттық валютадағы міндет­те­ме­лер бойынша «ВВВ-» деңгейіне дейін жоғарылап, болжам – «тұрақты» болып бел­гі­ленді.

«Бүгін Moody’s рейтинг агенттігі Қордың бұқараға арналған рейтингін жариялауы тиіс. Еліміздің егемен рейтингісінің ұлғаюымен қатар Қор­дың рей­тингі де Ваа2 деңгейіне дейін кө­те­р­іледі, болжам – «тұрақты» бо­ла­ды деп күтілуде», деді Нәзира Нұрбаева.