Спорт • 27 Қыркүйек, 2021

Қаршығадан басқаларынан қайыр болмады

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптада аралас жекпе-жектен Ресейде өткен екі бірдей аса ірі халықаралық турнирді тамашаладық. Мәскеудегі аса беделді АСА додасында Асылжан Бақытжанұлы, Нұрсұлтан Қасымханов және Қаршыға Дәуітбек секілді спортшыларымыз өнер көрсетсе, Сочидегі AMC Fight Nights жарысында Қуат Хамитов пен Нұрбек Қабдрахманов сайысқа түсті.

Қаршығадан басқаларынан қайыр болмады

Ресейдің астанасында ұйым­дастырылған додада Қар­шыға Дәуітбектің (9-3) асқан ше­бер­лігіне тәнті болдық. 66 кило сал­мақ дәрежесінде өнер көр­сет­кен ол ресейлік Валодия Ай­­вазянмен (10-2) айқасты. Бәсе­кені қар­қынды бас­тап, өте жоғары дең­гейде өткізген қан­дасымыз бі­рін­ші раундта қар­сы­ласының дене­сіне ауыр соқ­қысын дарытты. Тынысы тарыл­ған Айвазян еденге екі бүктетіліп құлады. Төреші дереу жекпе-жекті тоқтатты.

Өкінішке қарай, өзге екі спорт­­­­шымыз Мәскеу төрінде ой­­сырай ұтылды. Жартылай же­ңіл салмақтағы Нұрсұлтан Қа­сым­ханов (11-3) хабаровскілік Алек­сей Полпудниковпен (29-8-1) айқасты. Дәл осы спортшы кезінде Ар­ман Оспановпен үш мәрте кез­десіп, екі рет сан соқтырып кеткен еді. Былтыр Полпудников үш рет октагонға шығып, үш кез­десуде де жеңіліс тапты. Бірақ бұл жарысқа Қиыр Шы­ғыстың «Гладиаторы» жақсы бабында келген екен. Бәсекенің басталғанына 15 се­кунд өтпей жатып, ол Қа­сымхановты сұлатып салды.

Жартылай ауыр салмақтағы Асылжан Бақытжанұлы (11-2) Бразилияның саңлағы Лео­нардо Силвамен (17-5) күш сы­насты. «Кескілескен шайқас» бірінші раундтан басталды. Екеуі де шегінбей айқасып, бір-бірін ауыр соқ­­қылардың астына алды. Сәті келгенде Асылжан қар­сыласын жы­ғып алып, төм­пештей бас­­тады. Жа­ны қиналса да, Леонардо раундтың со­­­ңына дейін шы­дады. Үзі­ліс­тен кейін жан алысып, жан беріскен айқас қайта жал­ғасты. Ба­қыт­жанұлы барын салғанымен, бразилиялықтың жұдырығы нысанаға дөп тие бас­тады. Бір мезетте Силваның төменнен сіл­теген соққысы, яғни апперко­ты қан­дасымыздың иегіне дәл тиді. Асыл­жан тәлтіректеп барып құлады. Төреші бәсекені тоқ­тат­қан­ша Леонардо тағы бір соққы жұм­сап үлгерді. Нокаут!

Ресейдің Сочи қаласындағы AMC Fight Nights турнирінде қа­зақтың қос спортшысы өз өнерін ортаға салды. Бірақ екеуі де жер­­гілікті спортшыларға есе жі­бер­ді. Нұрбек Қабдрахманов (3-1) Магомед Кадиевтен (4-1) ұпай санымен ұтылса, айтулы ж­а­рыс­тың басты жекпе-жегінде Қуат Хамитов (21-6-1) Мариф Пираевқа (27-4-1) жол берді. Жал­пы, үш раунд­қа созылған бұл бәсекеде қос тараптың өнері көпшілік көңілінен шықпады. Үш раундқа созылған айқас бары­сында Қуат та, Мариф те не бір жақсы күрестің әдісін, не бір ауыр соққы жасай алмады. Бір сөзбен айтсақ, бұл жекпе-жек­тен әсер аларлықтай, не есте қа­лар­лықтай ештеңе көре ал­мадық.