АҚШ-та орналасқан JCI (Joint Commission International) медициналық ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі халықаралық біріккен комиссиясы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының қызметін 23 және 27 тамыз аралығында бағалады. Аккредиттеу медициналық ұйымның бастамасымен жүзеге асты.
«Біздің клиника JCI аккредиттеуінен сәтті өткенін мақтанышпен айтқымыз келеді. JCI аккредиттеуі – жоғары сапалы медициналық көмек стандарты. JCI аккредиттеуіне дайындық барысында клиниканың ойлау жүйесі өзгереді. Қызметкерлер онда болып жатқанның барлығына пациенттің көзімен қарай бастайды, олар емнің барлық кезеңін талдайды, ықтимал қауіптерді алдын ала анықтап, олармен күреседі», дейді ҒЗИ басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова.
JCI аккредиттеуі – медицина саласындағы халықаралық деңгейдегі «алтын стандарт» – медициналық ұйымдағы қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігінің ең беделді және объективті танылуы. Ол ұйымның халықаралық деңгейде қабылданған медициналық және әкімшілік стандарттарға, сондай-ақ халықаралық мақсаттар мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігін растайды.
JCI халықаралық сараптамалық комиссиясы жүргізген аудит клиниканың дәрігерлері мен мейіргерлерінің кәсіби біліктілігі жоғары екенін растады. Ұйымдағы барлық бөлім мен процес дәрігердің емдеуі мен мейіргер күтімінен бастап, ғимараттың қауіпсіздігі, инфекциялық бақылау, дәрі-дәрмектерді қолдану, пациенттің құқықтарын сақтау, кадрлармен қамтамасыз етілуіне дейін JCI стандарттары бойынша бағаланады. Клиниканың жұмысы 200-ден астам негізгі стандарт, 400-ге жуық жалпы стандарт және 1100-ден астам қосымша көрсеткіш бойынша бағаланады.
JCI-ге дайындық кезінде пациенттер қауіпсіздігінің халықаралық мақсаттарына мониторинг жасалды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде клиникалық көрсеткіштер жақсарды, пациенттердің қанағаттануы артты, өлім-жітім 2 еседен астамға төмендеді, қауіптілігі жоғары дәрі-дәрмектермен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінді (оларды жеке сақтау, таңбалау, тізімдер), дәрі-дәрмектерді қолдану және мейіргерлік процестің тиімділігі айтарлықтай өсті. Аккредиттеу мейіргердің рөлін едәуір арттырады, көптеген дағдыға үйретіп, көп функция береді. Институт қызметінің соңғы 3 жылдағы көрсеткіштері тұрғындар арасында медициналық көмектің барлық спектрі жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті.
«Бұл консультациялық-диагностикалық көмек, күндізгі стационар – консервативті кардиология мен терапия – кардиохирургия мен оңалтудан бастап, халыққа медициналық көмектің толық циклінің болуына байланысты мүмкін болды», деп атап өтті Р.Қуанышбекова.
Қазақстанда JCI халықаралық стандарттарын енгізу медициналық ұйымдар арасындағы бәсекелестікті дамытуға және сол арқылы медициналық қызметтің ашықтығы мен сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап өткен жөн.
«Егемен-ақпарат»