Білім • 27 Қыркүйек, 2021

173 мұғалім 2021 жылдың «Үздік педагогі» атағына үміткер

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Үздік педагог» атағының иегерлері төсбелгі мен 3 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы алады, деп жазады Egemen.kz ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

173 мұғалім 2021 жылдың «Үздік педагогі» атағына үміткер

Байқауға қатысушылар арасында 132 мектепке дейінгі және орта білім беру, 41 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының педагогі бар. Олардың барлығы аудандық, қалалық және облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша ұсынылды.

«Өткен жылдан бастап конкурсқа қатысу үшін өтінімдер, материалдар электрондық форматта қабылданады. «Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар мұғалімдер үміткер бола алады. Конкурс шеңберінде педагогтің білім беруді дамытуға қосқан үлесі, педагог қызметінің нәтижелілігі және оның кәсіби шеберлігі ескерілетін болады», деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Республикалық конкурстық комиссияның қазылар алқасының құрамына қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар қауымдастығының, «Атамекен» ҰКП өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өкілдері және тағы басқалар кірді.

Айта кетейік, «Үздік педагог» республикалық байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде конкурс аясында 500-ге жуық мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының педагогі марапатталды.

«Үздік педагог» атағының иегерлері төсбелгі мен 3 млн теңге (1000 АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы алады.

Республикалық марапаттан басқа, «Педагог мәртебесі туралы» Заң шеңберінде әкімдіктер біржолғы ақшалай төлемдері бар жергілікті наградаларды тағайындады.

Мысалы, Павлодар облысында облыстық байқаудың жеңімпаздары 300 АЕК мөлшеріндегі сыйақыға ие болды. Шығыс Қазақстан облысында жергілікті бюджет қаражатынан 800 мың теңгеден астам сыйақы табыс етілді. Басқа да өңірлерде үздік мұғалімдер 300 АЕК көлемінде біржолғы ақшалай сыйақы алды.