Парламент • 27 Қыркүйек, 2021

Нығматулин Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасымен кездесті

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мұстафа Шентоппен кездесті, деп жазады Egemen.kz.

Нығматулин Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасымен кездесті

Фото: Ж.Жұмабеков

Мәжіліс спикері Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған ел екенін айта келе, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас елмен қарым-қатынасты ілгерілетуге ерекше назар аударғанын атап өтті. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Нұр-Сұлтан мен Анкара арасындағы серіктестікті нығайту жұмысын жалғастырып жатыр.

Бұл ретте Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Түркия парламенті төрағасының ресми сапары бауырлас елдер арасындағы шынайы достық пен сыйластықтың жарқын көрсеткіші екенін атап өтті.

«Қазақстан - Түркия үшін ерекше мемлекет. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуы мен дамуында маңызды рөл Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасыға тиесілі. Ал біздің бауырлас халықтар арасындағы рухани байланыс  қарым-қатынасымызды нығайтуда үлкен рөл атқарады», деді Шентоп.

1

Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Бұл ретте түрік кәсіпкерлерінің қаржы, көлік және логистика салаларын, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамытуға арналған инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндігі сөз болды. Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттары пысықтап жатқан «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы шетелдік инвесторларға, оның ішінде түрік компанияларына жаңа мүмкіндік ашатынын алға тартты.

Мұстафа Шентоп 28 қыркүйекте Түркістан қаласында өтетін Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының X пленарлық отырысына қатысады.