Әрине, тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуының негізгі себебі осы мәселе бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың іске қосылуы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен зейнетақы қорындағы артық ақшаны іске жаратуға рұқсат берілуі екені түсінікті.
Дегенмен, қазіргі таңда елді алаңдатып тұрған үлкен мәселе – құрылыс секторының дамуымен қатар тұрғын үй бағасы мен оны жөндеу жұмыстарына пайдаланылатын құрылыс материалдары бағасының шарықтауы. Мәселен, аталған Үкімет отырысында сөз алған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин жыл басынан бері отандық құрылыс материалдары бағасының өсуі 25%-ды құрағанын жеткізді. Оның айтуынша, құрылыс материалдары бағасының негізгі өсуі сыртқы нарықтағы баға жағдайына байланысты. Яғни арматура, кабель, профлист, шыны секілді сырттан келетін заттар бағасының өсуі салынып жатқан тұрғын үйлер құнының көтерілуіне негізгі әсер етуші фактор болған.
Сондай-ақ бағаның өсуіне электр энергиясына тарифтердің орташа 12%-ға, жанар-жағармайдың 15%-ға, энергетикалық көмірдің 10%-ға, теміржол тасымалдарының 18%-ға өсуі сияқты жағдайлар да әжептеуір ықпал еткен. Отандық өндірістегі құрылыс материалдары бағасының өсуіне осындай ішкі факторлардың әсері мол болған. Өйткені құрылыс материалдарының өзіндік құнындағы осы шығындардың үлесі 15-тен 30%-ға дейін құрайды екен.
Сонымен қатар бағаның көтерілуіне құрылыс ұйымдарының және құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс иелерінің жасырын келісімге келіп, өзара сөз байласу жағдайлары да әсер етуі мүмкін. Осындай жағдай орын ала қалса, әрине, оны ашу керек. Агенттік осы мақсатта құрылыс материалдарының 25 түрі (кірпіш, бетон, арматура, цемент және т.б.) бойынша құрылыс материалдары нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізуде. Анықталған бірсыпыра фактілер бойынша еркін нарық қағидатын бұзу белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 75 хабарлама жолданыпты. Агенттік басшысының айтуы бойынша, бүгінгі таңда хабарлама жолданған компаниялардың 42-сі талаптарды орындаған, оның ішінде 35 компания бағаны төмендеткен. Мәселен, арматура бағасы – 25%, цемент – 10%, бетон – 10%, полиэтиленді құбырлар – 6%, кабель – 5%-дан 14%-ға дейін, кірпіш құны 3%-ға төмендетілген.
С.Жұманғариннің айтуынша, цемент, кірпіш, қиыршық тас, бетон және темір бетон бұйымдарын өндірушілермен және жеткізушілермен 10 монополияға қарсы комплаенс жасалыпты. «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай, құрылыс материалдары және басқа да әлеуметтік маңызы бар тауар нарықтары бойынша тексеру іс-шараларының жаңа кешенін бастадық. Төлем ұйымдары қызметтерінің бағаларын, әсіресе, коммуналдық қызметтерге, мемлекеттік монополиялар қызметтеріне, мемлекеттік және жеке операторлардың қызметіне ақша аудару кезінде төмендету бойынша шаралар қабылданады», деді С.Жұманғарин.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы тұрғын үй құрылысы нарығындағы ағымдағы жұмыс жайлы айтып берді. Бүгінгі таңда бастапқы тұрғын үйге бағалар 3%-дан 0,4%-ға дейін, сондай-ақ қайталама тұрғын үйге 5%-дан 1,1%-ға дейін төмендегені байқалды. Хабарламаны орындау шеңберінде «РАМС-Қазақстан» компаниялар тобы бағаны Алматы қаласында бірқатар тұрғын үй кешенінен шаршы метр үшін 15%-ға немесе 90 мың теңгеге дейін, BAZIS-A компаниясы Алматы қаласында тұрғын үй кешендеріне шаршы метр үшін 20 мың теңгеге дейін, BI Group Нұр-Сұлтан қаласының 51 тұрғын үйінде бастапқы тұрғын үйге орта есеппен 8%-ға, Алматы қаласында 11%-ға, Шымкентте - 3%-ға, Атырау қаласында 4%-ға төмендетті. Басқа құрылыс салушылар да хабарламаларды орындап, бағаларды орта есеппен 15-20%-ға төмендеткен. Бағалардың төмендеу пайызы орта есеппен 9% құрайды.
Бұл отандық құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдары нарығында бағаға байланысты жүріп жатқан жағдайлар. Ал шетелден келетін құрылыс материалдарына келетін болсақ, бұл істе бағаның бақылауға алынғанын байқай алмадық. Елордадағы «12 ай», «Строй маркет» секілді ірі сауда дүкендеріндегі тұтынушылардың айтуына сенсек, шетелдік кафель плиткасы, сантехникалық бұйымдар, есіктер мен ламинат бағалары былтырдан бері 1,5-2 еседей қымбаттап кеткен. Бағаның қымбаттағаны сырт көзге бірден сезілмейді. Өйткені осы заттар бағасы сапасына қарай әркелкі. Мәселен, есіктер бағасы 15-20 мың теңгеден басталып, 200-250 мың теңге мөлшерінде шарықтайды. Яғни қалтаңа қарай қимылдайсың. Құрылыс материалдары бағасының қалай шарықтағанын білу үшін құрылыс базарларының бірінде соны саудалайтын, өзіміз бұрыннан білетін Сағыныш атты азаматпен хабарластық.
«Былтырдан бері тұрғын үйлерді жөндеуге арналған әрлеу материалдарының, сантехникалық бұйымдардың бағасы тым шарықтап кетті, – деді ол бізбен әңгімесінде. – Мәселен, қабырғаны әрлеуге арналған түрлі қоспалар бағасы екі есеге дейін өссе, профильдер бағасы екі жарым, үш есеге дейін өсті деуге болады. Профильді былтыр 400 теңгеден сатсақ, қазір 1 100 теңгеге сатып жатырмыз. Соған қарап-ақ қалғанын өзіңіз шамалай беріңіз. Әрине, кейбір құрылыс материалдарының бағасы көп өсе қойған жоқ. Сондықтан жиынтық күйінде айтқанда, тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарына арналған әрлеу материалдарының, басқа да сантехникалық бұйымдар, темір-терсектер бағасы орта есеппен 60-70 пайыз шарықтады деп айтуға болады».
Сағыныш әрлеу материалдары бағасы шарықтауының өздері секілді ұсақ сатушыларға пайдасы жоқтығын, керісінше зиян екенін айтады. Ұсақ сатушылар халықпен тікелей байланыста болғандықтан баға жөніндегі халықтың негізгі ызасы мен шағымы ең бірінші соларға келіп тиеді, екіншіден, оларға халықтың сатып алу қабілетінің жоғары болғаны жөн. Сонда «құда да тыныш, құдағи да тыныш».
«Негізінде бағаны біз көтермейміз. Бізде ондай мүмкіндік те жоқ. Өйткені мен секілді базарларда құрылыс материалдарын саудалайтын адамдар өте көп. Ұсақ сатушылар нарығы әбден қалыптасқан деуге болады. Осы ретте бағаның жоғары жақтан, яғни бізге тауарлар жеткізетін жерден жиі өзгеріп келуі біздің де мазамызды қашырады. Өйткені бүгін сатып тұрған затыңды ертең қандай бағамен сататыныңды білмей өзің де әуреге түсесің. Оның үстіне үсті-үстіне қымбаттап келе беретін заттар біздің жиған-тергенімізді де жұтып қояды» дейді Сағыныш.
Екінші бір базарда молдингтер мен галтелдер сатып тұрған Әлмира атты келіншек өз тауарларының бағасы былтырдан бері әрі кетсе 20-25 пайыз өскенін айтты. Сонда негізгі қымбаттап тұрған дүние темір-терсектер, санфаянс жағы секілді.
Қазір тұрғын үйлердегі дайын пәтерлер құнының 20-25 пайызын әрлеу, жөндеу материалдарының шығыны құрайды екен. Мұның өзі несиеге пәтер сатып алып жатқан адамдар үшін үлкен салмақ. Екіншіден, бұл жағдай бізде құрылыс материалдарының нарығы дамымағанын көрсетеді. Әрі құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан елге үлкен сын мен болжаусыз шығын. Осыған қарағанда, халықтың «осы уақытқа дейін Үкімет қайда қараған?» деп кіжінетін де жөні бар секілді.