Пандемия басталғалы Ақтөбе облысы тұрғындарының 32 130-ы коронавируспен, 3 447-і пневмониямен ауырса, 29 605 науқас жазылып шықты. Өкініштісі, жұқпалы індеттің салдарынан пандемия басталғалы 529 адам қайтыс болды. Соңғы онкүндікте аурушаңдық деңгейі біртіндеп төмендеп, Ақтөбе облысы «сары аймаққа» енді. Жаз айында инфекция қайта өршігенде инфекциялық ауруханалар мен провизорлық орталықтарда дайындалған 3 603 инфекциялық кереуеттің осы кезге дейін 1 880-ні пайдаланылды. Айта кетерлігі, тамыз айымен салыстырғанда қыркүйектің екінші жартысында провизорлық орталықтардағы инфекциялық кереует жүктелімі 35,4 пайызға азайды делінсе де, инфекция жұқтырғандар саны күнделікті жүздеп тіркеліп жатыр. Бүгінде қаладағы инфекциялық ауруханада 658 науқас, ал реанимация бөлімшесінде 84 науқас ем алып жатса, өкпені жасанды желдету аппаратына 15 науқас қосылған. Бұл індет жүкті әйелдерді де айналып өткен жоқ. Қазір Ақтөбе медицина орталығында КВИ-ге шалдыққан 51 жүкті әйел ем қабылдаса, 9 жүкті келіншек жансақтау бөлімшесінде жатыр.
Биылғы оқу жылы басталғалы өңірде 489 мектеп оқушысы, 53 мектеп мұғалімі коронавирусқа шалдыққан 123 мектеп анықталды. Қыркүйектен бері індет жұқтырған оқушылар мен мұғалімдердің көпшілігі қала мектептерінен. Қазіргі уақытта 123 мектептің 473 сыныбы оқшаулану жағдайына көшірілді. Соған қарамастан, оқу жылы басталғалы өңірде бірде-бір мектеп карантинге жабылған жоқ. Қазір барлық мектепте санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтау бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі.
Ақтөбе облысында пандемиямен күреске өткен жылы бөлінген 4,5 млрд теңгеге 40 өкпені жасанды желдету мен 64 рентген, 14 жасанды қан айналдыру жабдықтары мен 8 жылжымалы медициналық кешен, 41 реанимобиль көлігі сатып алынған. Бүгінде 4 500 медицина қызметкері коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдеуге жұмылдырылған. 26 қыркүйектен бастап Ақтөбе облысы коронавирус инфекциясының таралу аймағы бойынша «сары аймаққа» өтуінен карантин талаптары жеңілдей бастады. Алайда күзде жағдайдың қалай өзгеретіні белгісіз болғандықтан медицина қызметкерлері сақтықты ұмытқан жоқ. Бүгінде өңірдегі барлық медициналық мекемелерде екі апталық дәрі-дәрмек қоры жасақталып, жеке қорғаныш құралдары жеткілікті әзірленді. Бүгінде 4500 медицина қызметкері коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдеуге жұмылдырылды. Сондай-ақ облыста ПТР-тест жүргізетін 12 лабораторияда күнбе-күн 7 967 сынама алынады.
Осы жылдың 1 ақпанынан бастап өңірге коронавирусқа қарсы 698 мың доза екпе әкелінді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 24 қыркүйектегі мәліметі бойынша, екпенің 1-компонентімен 311 мың адам (өңір тұрғындарының 59,6 %-ы) егілсе, 2-компонентпен 267 мың тұрғын егілді (51,8 %-ы). Тұрғындарды жаппай вакциналау қарқынын күшейту мақсатында 26 маусым мен 26 қыркүйек аралығында «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал!» ұтыс ойыны өтіп жатыр. Оған демеушілердің көмегімен екі Chevrolet Cobalt автокөлігі, 96 бағалы сыйлық ұтысқа тігілді. Екі апта сайын Aqtobe телеарнасында өткізілетін тікелей эфирдегі ұтыс ойынында бір көлікті Қарғалы ауданы Қосестек ауылының тұрғыны, бес баланың әкесі ұтып алды.
Ақтөбе облысының 4 мың кәсіпкері Ashyq жобасына қатысуға өтінім берді. Алайда осы жоба енгізілгелі инфекция жұқтырса да, оқшаулану талаптарын сақтамаған ақтөбеліктер қатары азаяр емес. Санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандары қоғамдық орындарда емін-еркін жүрген 238 «сары» мәртебесі бар және «қызыл» мәртебесі бар 314 адамды анықтап, 77 тұлғаға ӘПК 415-бабының 1-бөлігімен 3-4 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Айта кету керек, пандемия басталғалы мониторингтік топтар облыс аумағында 7 357 рейд жүргізіп, 4 262 нысанды тексеріп, санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң бұзғандарға 871 айыппұл салды.
Ақтөбе облысы