Жалпы, мамандардың айтуынша, еліміздегі жаңа туған нәрестелер көбінесе орталық жүйке жүйесінің зақымдануынан шетінейді екен және осындай жағдайлардың 70%-ы гипоксия салдарынан болатын көрінеді.
Мәселен, Балқаш қаласының тұрғыны Салтанат Рыспектің сәбиі ауыр гипоксия – оттегі жетіспеушілігімен дүниеге келіпті. Бала амниотикалық сұйықтықты жұтып, өздігінен дем ала алмаған. Егер де, осы бүлдіршін ұшақпен Қарағандыға, облыстық клиникалық аурухананың перинатология орталығына дер кезінде жеткізілмегенде, жағдай мүлде басқаша өрбіген болар еді. Өйткені мұнда сырқат балаларға көмектесетін жабдық – терапиялық гипотермияның аппараттық кешені бар.
Әу баста Салтанаттың сәбиі қозғала алмаған, тіпті көзін де ашпапты. Тек жансақтау бөліміндегі гипотермия аппаратын қосқаннан кейін ғана жағдайы оңала бастаған. Бір аптадан кейін бала қозғалып, өздігінен дем ала бастапты. Қазір жағдайы жақсы, анасымен бірге Балқаштағы үйінде аман-есен өсіп жатыр.
2020 жылы аталған орталықта орта және ауыр дәрежелі асфиксиямен жүзге жуық нәресте дүниеге келген. Олардың барлығына терапевтік гипотермия қажет болған екен, бірақ ауруханада арнайы жабдық болмағандықтан, оны қолдан келетін әдістермен жасауға тура келіпті. Ал 2021 жылдың маусым-қыркүйек айларында облыстық клиникалық ауруханадағы терапиялық гипотермияның басқарылатын аппараттық кешен көмегімен жаңа туған бірнеше нәрестенің өмірін сақтап қалуға қол жеткізілген.
Дәрігер мамандар жаңа туған сәбилерде қандағы оттегінің жетіспеушілігінен туындайтын мидың зақымдануын болдырмауды ең басты қажеттілік ретінде санайды. Бұл үшін олардың дене температурасын біртіндеп төмендетеді екен, ал бұл асқынулардың алдын алуға көмектесетін көрінеді. Оған қосымша балаға ми қызметін, тыныс алу және жүрек жұмысын жақсартатын екпе дәрілер салады.
Өкінішке қарай, көптеген перинаталды орталықта гипотермия әлі де «ескі» әдістермен іске асырылады: нәрестені суық су немесе мұзы бар медициналық қолғаппен орап қояды. Бұл тәсілден суық тию және баланың денсаулығына басқа да жағымсыз салдары болуы мүмкін екенін айтады мамандар. Ал қазіргі баладағы барлық көрсеткіштерді өлшейтін жоғары дәлдіктегі жабдық болса, мұндай қауіптерді азайтады.
Біз жоғарыда мысал ретінде келтірген балқаштық бала мен тағы бір науқас сәбидің өмірін Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен Ayala қайырымдылық қорының сақтап қалуға себепкер болғанын айта кеткен жөн. Қарағанды облыстық ауруханасы перинатология орталығының басшысы Гүлнар Галиеваның көмек қолын созған қорларға айтар алғысы мол.
– Қызметкерлер үшін мұндай жабдық – жұмыс кезіндегі үлкен көмек. Бұрын бұл үдерісті атқару өте ауыр болатын. Біз бәрін қолмен жасап келдік: суды салқындатып, температураны дұрыс диапазонда ұстап тұруды қадағаладық. Енді бәрі автоматтандырылған. Біздің кішкентай пациенттеріміз үшін, әсіресе асфиксия кезінде орташа ауыр жағдайға тап болған нәрестелер үшін гипотермия аппаратындағы терапияның нәтижесі өте жақсы. Ауыр асфиксиядан аман қалған балалардың орталық жүйке жүйесі зақымдалады. Бірақ автоматты гипотермияның көмегімен біз неврологиялық белгілерді барынша азайтып, сәбилерге толыққанды саламатты өмір сүруге мүмкіндік береміз, – дейді ол.
Дәрігерлер гипоксияның нәрестелерде өте жиі кездесетін диагноз екенін айтады. Мұның себептері әртүрлі болуы мүмкін: ананың әртүрлі аурулары, резус-конфликт, плацентаның мерзімінен бұрын қартаюы, кіндіктің айналуы, темекі шегу, қолайсыз экология. Осындай түрлі себептердің кесірінен гипоксияға шалдығушы балалардың көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Сондықтан мамандар еліміздегі барлық перинаталдық орталықтары автоматты басқарылатын гипотермия аппараттарымен жабдықталуы тиіс деп санайды.
Ayala қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова босанудағы асқынулардан кейін функционалды және интеллектуалдық тұрғыдан сау болып қалған әрбір бала – бұл мемлекет, дәрігерлер, қорлар, қоғам тарапынан жасалған орасан зор еңбектің нәтижесі екенін мақтанышпен айтады.
– Біз, 15 жылдан бері Қазақстандағы сәби өлімі мен мүгедектікті азайту үшін елдегі ауруханалардың жансақтау бөлімшелеріне ең заманауи жабдықтар орнатып келеміз. Нәтижесі – аман қалған жүздеген мың сәбилер, – дейді ол.
Жалпы, Ayala қайырымдылық қоры елімізде ең озық медициналық әдістемелерді енгізуге көмектеседі. Нақтырақ айтқанда, соңғы бес жылда қор перинаталдық орталықтарды автоматты басқарылатын гипотермияға арналған аппаратпен жабдықтау үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Ірі демеушілердің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында, Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында, Атырау, Түркістан, Семей қалаларындағы перинаталдық орталықтарда аппараттық кешендер орнатқан.
Қарағанды облысы