Осының алдында ғана Новосібірідің «Сибиріне» овертаймда сан соқтырған жерлестеріміз одан кейін Екатеринбургтің «Автомобилист» клубын қабылдады. Бұл ойында таразы басы ұзақ уақыт бойы теңселіп тұрды. 2-минутта Даррен Диц «Барысты» алға шығарса, 4-минутта есеп теңесті. Үзілістен кейін қонақтардың жолы болды. 29-минутта Әлихан Әсетовтың пасынан кейін Егер Петухов соққан шайбаға олар екі голмен жауап қайырды. Үшінші кезеңде Никита Михайлис пен Джо Марроу жергілікті көрермендерді қуантса, 50-минутта Алексей Макеев мергендік танытты.
Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмағаннан соң ойын овертаймға ұласты. Бұл ретте «Барыстың» бағы жанды. 64-минутта Якоб Лиля нысананы дәл көздеп, айдын иелеріне жеңіс сыйлады – 5:4. Бір айта кетерлігі, дәп осы ойыншы «Сибирьге» қарсы ойынның қосымша уақытында шешуші голды салған болатын.