Қоғам • 28 Қыркүйек, 2021

Ең нашар экосценарий

331 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қай кезде болсын, қарама-қай­шы­лық­қа толы мына қоғамда кей елдер тіпті қо­қыстың өзін кәдеге жаратып, орасан пай­да тауып жатқанда, енді бір елдерде ең на­­шар экологиялық сценарий орын алып отыр.

Ең нашар экосценарий

Сарапшылар климаттық өзгерістердің кесі­рі, яғни теріс салдары – болашақтың ісі емес, бұл біздің бүгініміз деп дабыл қағып жүргелі қашан?! Жаһандық жылу, климаттық өзгеріс демекші, түсінікті бола түсу үшін айтайықшы, егер адамның дене қызуы 2 градусқа ғана кө­те­рілсе халіміз нешік, ал 3-4 градусқа кө­те­рілсе ден­саулық үшін қатерлі екені белгілі. Күн райы­ның өзгеруі, апатты орман өрттері, қуаң­шы­лық, атмосфераға қауіпті қоқыстар сынды жаһандық мәселелерді шешу саналы қоғамның ауызбіршілігін күтеді.

Айтқандай, Швецияның қоқысы таусылып, қайта өңделетін пластмассадан басқа тұрмыстық, басқа да қалдықтарды шетелдерден импорттауға дайын екені туралы хабар әлемді дүр сілкіндірді. Швецияда қағаз, шыны, картон, металл және басқа тұрмыстық қалдықтарға арналған бөлек-бөлек 6-7 қоқыс жәшіктерінен басқа, қайта өңделмейтін қал­дық­тарға арналған қоқыс жәшіктері бар. Сток­гольмде кішкентай балалар кәмпиттерді де көшеге түгіл, арнаулы жәшігі болмаса, басқа жерге де тастамайды. Мұндай дағдылар балабақша мен мектепте үйретіледі. Швецияда қоқысты дұрыс емес контейнерге тастағаны үшін айыппұл салынады.

Бұл ел сонау 1961 жылдан бері қалдық­тар­ды жерасты газ құбырлары арқылы тасы­мал­­дайды. Барлық қалдықтың тек 7%-ы ғана полигонға жөнелтіледі, ал қалғаны не өрте­ле­ді, не қайта өңделеді. Стокгольм қаласы энер­гияның 45%-ын қоқыс-қалдықтардан шыға­рып алады. Қоқыс-қалдықтардың қазіргі тап­шылығы шведтер үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін, себебі олар жылудың және электр энер­гиясының көп бөлігін қалдықтардан алады.

Еуразиялық медиа форум аясында эколо­гия­лық сессия осы мәселелерге арналды. Онда әр­түрлі елдердің сарапшы­ла­ры, ғалымдар, биз­нес өкілдері және азаматтық белсенділер ма­ңыз­ды экологиялық мәселелерді шешу үшін не істеуге болатынын талқылағанын естідік. Кли­маттың өзгеруіне қатысты мәселе бізді ай­налып өткен жоқ. Биыл еліміздің кейбір ай­мақтарындағы қуаңшылық кесірінен талай мал қырылып, қалғаны топырақ шайнағанын көр­дік.

«Мәселен, Африка, Ауғанстан сияқты ай­мақ­тарға қарасаңыз, ол жерлердегі климаттық өзгерістердің салдарынан туындап жатқан келеңсіздіктерді көреміз. Атап айтқанда, бұл азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, ал азық-түлік тапшылығы шиеленістерге, шие­ле­ністер көші-қонға, көші-қон теңсіздік сияқты басқа да әділетсіздіктерге душар етіп отыр. Бұл болашақтың мәселесі емес, бұл қазірдің өзінде болып жатыр, бірақ әзірге біз оны жеке кездестірмейміз, түсіну және ұғыну қиын. Климаттың өзгеруін барлық ел әлі бірдей сезінбей отыр. Бірақ пандемия бізге мәселелердің оқшауланбағанын, ортақ шешімдерді қажет ететін ортақ мәселелер бар екенін үйретті», дейді қайырымдылықпен айналысатын әрі адам құқығын қорғайтын қозғалыс белсендісі және Ұлыбританиядағы білім беру амбассадоры Назанин Алакиджа.

Ең нашар сценарий қазірдің өзінде орын алып жатқанын Брюссельдегі Еуропалық мек­теп­тің философия кафедрасының меңгеру­ші­сі Мэттью Пай да айтады. Ғалым «Егер алдағы 10 жылдың келешегі туралы айтатын болсақ, онда біз температураның тағы 3-4 градусқа артуына бет алдық», дейді. Бұл көп пе, әлде аз ба? Жоғарыда атап өткендей, түсінікті болу үшін Пай адамның дене қызуымен салыс­тыр­ды. «Біз қазір атмосферадағы парниктік газдардың шоғырлануы тарихи деңгей ғана емес, бұрынғы антирекордтарды асырып жіберетін жағдайға тап болдық. Ең сорақысы, шығарындылардың қарқыны әлі де артып келеді», дейді М.Пай.

Мәселені шешу үшін күш-жігер тек мем­ле­кеттерді ғана емес, барлық мүдделі тарап­тарды, соның ішінде экологиялық күн тәр­ті­біндегі рөлі артып келе жатқан ірі биз­нес­ті де біріктіруге тиіс.

Сарапшылар қазір тұрақты дамудың күн тәртібі ірі бизнестің күнкөрісі үшін қажет­ті­лік­ке және жалғыз мүмкіндікке айнал­ғанын алға тартады. Ірі компаниялар экологиялық жағдайды жақсы білетін реттеуші органдар, азаматтық қоғам, тұтынушылар тарапынан көбірек қысым көреді. Яғни экология мен қоршаған ортаға қамқорлық жасау бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі ғана емес, сонымен қатар айтарлықтай бәсе­келестік артықшылыққа айналып ке­ле­ді. Мұны әлемдегі алпауыт компаниялар неғұрлым тереңірек түсінсе, соғұрлым кли­мат­тық мәселелерді шешуге айтарлықтай үлес қоса алады.

Уақыт ұттырмай, бұл мәселеге белсене араласатын кез келді. Осынау іске әрбір адам болыспаса, Жер анаға жанашырлық танытып, құрметпен қарамаса, бәрі де бекер.