Қоғам • 28 Қыркүйек, 2021

Назарда – азаматтар мен кәсіпкерлер құқықтары

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жол­дауында прокуратураның қадағалауын азаматтар мен бизнестің проб­лемаларын тиімді шешуге қайта бағдарлауды тап­сырды. Осыған байланысты азаматтар мен кәсіп­­керлердің құқықтарын қорғау саласындағы қада­ға­лауды күшейтуге бағытталған бірқатар шара қабылданды.

Назарда – азаматтар мен кәсіпкерлер құқықтары

Ел Президенті «Прокуратура туралы» заңға түзе­тулерге қол қойып, олар 2021 жылғы 4 қыркүйектен бастап күшіне енді. Кәсіп­керлердің мемлекеттік органдар тарапынан араласу фактілері бойынша өтініштерін прокурорларға қарау құзыретін беру оның негізгі жаңашылдықтарына жатады. Бұрын мұндай өтініштер уәкілетті органдарға жіберілетін. Енді прокурорлар бизнес субъектілерінің шағымдарына жедел әрекет етіп, олар бойынша тексерулер жүргізеді, қажетті ақпаратты өздері белгілеген мерзімде сұратып және түсініктеме алу үшін адамдарды шақыра алады.

Заңсыз қолданылған шектеу және тыйым салу сипатындағы шараларды дереу жою үшін прокурорға өкілеттілік беріліп отыр. Оларға шоттарды негізсіз бұғат­тау, мүлікті пайдалануға тыйым салу, қызметін, жұмысын уақытша тоқтата тұру және өзге де шектеулер жатады.

Мемлекеттік органдардың мұндай шаралары азаматтар мен бизнес үшін өте сезімтал. Олар кез келген кәсіпорынды толы­ғымен тоқтатып, жұмыскерлерін табыстарынан айыруы мүмкін. Егер прокурор осындай фактілерді анықтаса, олардың күшін жою туралы қаулы шығарады. Ол орындау үшін міндетті.

Мемлекеттік орган осындай қадағалау актісіне шағым жасаған жағдайда азаматтар мен кәсіпкерлер сот дауына тартылмайды. Тек прокурор мен мемлекеттік орган ғана сотта өз ұстанымдарын дәлелдейтін және негіздейтін болады.

Сонымен бірге прокурордың дауланған қау­лысы өз күшін тоқтатпайды. Бір мезгілде қаулы­ны орындамағаны үшін әкімшілік жауап­тылық енгізіледі (ӘҚБтК-нің 664-1-бабы – 30 АЕК-ге дейін айыппұл салуға әкеп соғады).

Азаматтар мен бизнес үшін қосымша кепілдік – про­курордың ұсынуында көрсетілген заңдылықты бұзушылықтарды жоюға бағытталған шараларды қабылдау және орындау міндеттілігі енгізілгендігі.

Жалпы, қабылданған жаңашылдықтар про­курату­раның құқық қорғаушылық әлеуетін айтарлықтай күшейтеді. Олар лауазымды адамдардың заңсыз іс-әрекеттеріне жедел ден қойып қана қоймай, азаматтар мен бизнес үшін жағымсыз салдарлар туындағанға дейін олардың жолын кесуге мүмкіндік береді.

 

Болат ДЕМБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары