Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2021

Сауд Арабиясының 30-дан астам компаниясы Қазақстанға инвестиция салғысы келеді

421 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан-Сауд Арабиясы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысына қатысу шеңберінде инвестициялар министрі Халид А. әл-Фалих бастаған Сауд Арабиясы Корольдігінің (САК) делегациясы Нұр-Сұлтан қаласына келді, деп хабарлайды Egemen.kz «KAZAKH INVEST» National Company JSC-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сауд Арабиясының 30-дан астам компаниясы Қазақстанға инвестиция салғысы келеді

Делегация құрамына САК  мемлекеттік органдарының 50-ден астам өкілі, сондай-ақ мұнай-химия (SABIC, Alkhorayef Group, Aramco), Энергетика (ACWA Power, Aljomaih Energy and Water Company, Desert Technologies), АКТ (ELM, National Technology Group), АӨК (SALIC, Al Rajhi International for Investment Co, Hdeim Dates, Faidh International Food Company), денсаулық сақтау (Dr. Sulaiman Al-Habib Medical Group), фармацевтика (Jamjoom Pharma), логистика (Zajil), туризм (Seera), жеңіл өнеркәсіп (Ajlan & Bros Group), сауда (Saudi Industrial Export) және т. б саласындағы ірі сауд компанияларының 30-ға жуық басшылары кірді.

Делегацияның сапары аясында екі елдің іскер топтары мен бизнесінің 170-тен астам өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Сауд Арабиясының инвестициялық бизнес-форумы өтті. Іс-шара барысында саудиялық компаниялар басты мақсаты жеке секторды дамыту, серпінді қоғам құру, сондай-ақ Корольдіктің халықаралық саудадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейтін «Saudi Vision 2030» ұлттық бағдарламасын іске асыру тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шараны ашқан ҚР Сауда және интеграция Министрі Бақыт Сұлтанов қазақстандық бизнестің Сауд Арабиясының іскер топтарымен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін атап өтті. Өз сөзінде ол саудиялық компаниялардың бизнес-қоғамдастығын екі жақты экономикалық қатынастарға жаңа серпін беретін инвестициялық жобалар бойынша өзара тиімді ынтымақтастық құруға шақырды.

Сыртқы істер Министрінің орынбасары Алмас Айдаров Сауд нарығының Қазақстанмен іскерлік байланыстар мен сауда-экономикалық қатынастарды нығайтудағы зор маңызын, сондай-ақ «Saudi Vision 2030» ұлттық бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстан мен Сауд Арабиясының инвестициялық ынтымақтастығын кеңейтудің елеулі әлеуетін атап өтті.

«Сауд Арабиясы кәсіпкерлікті дамыту, экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру бойынша әлемнің көптеген елдері үшін табысты модельге айналды. Біз «Saudi Vision 2030» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырудың табысы мен тиімді нәтижелерін көруге қуаныштымыз. Ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, ТКМК, ЖЭК, қаржы және т.б. сияқты экономика салаларында ынтымақтастығымызды одан әрі дамыту үшін біздің үлкен әлеуетіміз бар деп санаймын», - деп толықтырды Алмас Айдаров.

Форум шеңберінде қазақстандық тараптан спикерлер ретінде «KAZAKH INVEST», «KIDF», «АХҚО», «QazTrade» және «Kazakh Tourism» басшылары, сондай-ақ САК инвестициялар Министрлігі және «NCPP» басшысы сөз сөйледі.

Өз сөзінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов саудтық серіктестерге Қазақстан Республикасының инвестициялық әлеуетін таныстырды, форум қатысушыларын инвестицияларды тартудың мемлекеттік жүйесінде қолданылатын жаңа тәсілдемелермен таныстырды, сондай-ақ ҚР мен САК екіжақты қатынастарын тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі таңда Сауд Арабиясынан Қазақстанға келетін инвестицияның жалпы көлемі 100 миллион АҚШ долларынан асады. Алайда, бұл көрсеткіш біздің елдеріміздің әлеуетін толық көрсете алмайды. Осы мақсатта KAZAKH INVEST Қазақстан мен САК бизнесінің инвестициялық ынтымақтастығын нығайту бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуде. Мысалы, ҚР Сауд Арабиясындағы Елшілігімен бірлесіп, Джидда сауда-өнеркәсіп палаталары мен Әл-Кассим провинциясының қолдауымен, сондай-ақ NCPP-мен бірлесіп, сауда, экономика және инвестициялар саласындағы Қазақстан-Сауд ынтымақтастығының перспективаларына арналған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Бұл бізге бизнес үшін барынша қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша бірлескен іс-қимылдарды одан әрі үйлестіру үшін іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Мейіржан Юсупов.

Сонымен қатар, іс-шара алаңында KAZAKH INVEST қолдауымен САК инвестициялар Министрі Халид әл-Фалихтың ҚР Ауыл шаруашылығы Министрі және ҚР Энергетика Министрімен, сондай-ақ «Қазатомпром» ҰАК» АҚ, «KAZ Minerals» және т. б. басшылығымен бірқатар кездесулері ұйымдастырылды.

Форум қорытындысы бойынша KAZAKH INVEST Сауд Арабиясының Инвестициялар министрлігінің құрамына кіретін NSPP-мен (Ұлттық компанияларды ілгерілету бағдарламасы) ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасына қол қойды. Меморандум тараптарға бизнес-ұйымдар арасында қатынастар орнатуға және олардың сауда палаталары мен басқа да мүдделі ұйымдардың қатысуымен ынтымақтастығын кеңейтуге, өзара тиімді инвестицияларды ілгерілетуге және инвестициялық жағдайларды жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдауға, сондай-ақ екі елдің инвестициялық жобаларын әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, форум аясында Сауд Арабиясы қазақстандық компаниялармен туризм, агробизнес, логистика және коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы 6 Меморандумға қол қойды.

Айта кету керек, Қазақстан-Сауд Арабиясы инвестициялық бизнес-форумының ұйымдастырушылары ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ болды.