«Құрметті футболшылар, бапкерлер!
Сіздерді Литвада өтіп жатқан футзалдан əлем чемпионатының жартылай финалына шығуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер Иранмен болған кескілескен матчта табандылық пен шынайы шеберліктің жарқын үлгісін паш етіп, жұмыр жердегі үздік төрт құраманың қатарына қосылдыңыздар. Көгілдір экран алдында тапжылмай отырып, қызу қолдау көрсеткен адалжүрек жанкүйерлерді, күллі елді шат-шадыман көңіл-күйге бөледіңіздер.
Қалың Қазақ елі Өздеріңіздей еңбекқор, қайсар футболшыларды, талапшыл да тәжірибелі бапкерлерді мақтан тұтады. Келе жатқан маңызды матчта өзгелерге ұқсамайтын келісті ойындарыңыз, қайсар мінездеріңіз, жеңіске деген жігерлеріңіз салтанат құрып, қарсыластан басым түсе берулеріңізге тілектеспін. Біз Сіздер үшін соңғы секундқа дейін қолдау көрсетеміз», деп жазылған министрдің құттықтау хатында.