Елорда • 28 Қыркүйек, 2021

Елордада 100 киберқылмыскер ұсталды

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөлімінің басшысы Талғат Бөлегенов мәлім еткендей, жыл басынан бері елордада интернет алаяқтықтың 3250 қылмысы анықталды. Ұсталған 100 адам 150 млн теңгеге шығын келтірген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада 100 киберқылмыскер ұсталды

«Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы аумағында 3250 интернет алаяқтық қылмысы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 135 пайызға артық. Интернет алаяқтық әсіресе пандемия кезінде өршігені байқалады. Карантиндік шектеулерге байланысты көп адамдар интернет қызметтің көмегіне жүгіне бастады. Біздің департамент тарапынан интернет алаяқтықпен күресу жолында бірқатар шаралар іске асып жатыр. Соның бірі аталған қылмыс түрін зерттеу және ашу бойынша мамандандырылған жедел тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде бүгінде елордада 100 интернет алаяқ ұсталып, қылмыстық жауапқа тартылды. Олар жалпы сомасы 150 млн теңгенің шығынын келтірді, оның 50 млн теңгесі зардап шегушілерге қайтарылды. Ұсталған 100 қылмыскердің 45-і бұған дейін интернет алаяқтық бойынша жауапқа тартылған болып шықты», деді Талғат Бөлегенов елорданың Полиция департаментінде өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, елордада интернет алаяқтықпен айналысатындардың дені 20 мен 35 жас аралығындағы адамдар.

«Интернет алаяқтықтың алдын алу мен күресуде мамандардың біліктілігін арттыру қарастырылған. Біздің қызметкерлер киберқылмыспен күресу бойынша арнайы оқу курсын өтіп отырады. Сонымен қатар аталған қылмыспен күресте БАҚ арқылы да халықты сақ болуға шақырып жатырмыз. Одан бөлек, біздің департамент интернет алаяқтық туралы арнайы бейнероликтер әзірледі. Ол халық жиі шоғырланатын жерлерде көрсетілетін болады», дейді ол.

Соңғы жаңалықтар