Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2021

Шекарадағы ауылда шешілмеген мәселе көп

561 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әдетте түрлі жиын кездерінде әкімдер қай ауылда қандай шаруа­лардың атқарылып жатқанын жіпке тізгендей етіп баяндап береді. Бірақ күрделі мәселесі күрмеулі күйінде қалып келе жатқан ауыл­дардың шындығы туралы шенділердің аузынан есту қиын. Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктеп, алтын бесігімізге қайта бақ қонған уақытта, әлі де болса, көпшіліктің көкейінде қалып келе жатқан мәселелер бар.

Шекарадағы ауылда шешілмеген мәселе көп

Мәселен, Меркі ауданының Андас батыр ауылында қор­да­лан­ған түйткіл көп болып шықты. Қарапайым ауыл тұрғындары мұ­ңын айтып, бұған дейін де аудан бас­шыларына талай рет барыпты. Алайда ауданда талай әкім қызмет істеп кеткенімен, әлеу­меттің көтерген мәселелерін шешіп бере алмаған. Тұрғындар ауданның қазіргі әкімі Руслан Нұрсипатовтың алдына да ауылға қатысты қырық жеті сауал қойып, жауабын күтіп отыр.

Табиғаты тамылжыған, мінезі мамыражай делінетін Меркі же­рінің жоғары жағында Андас батыр ауылдық округі бар. Бұл ауыл­дың құрамына Арал қыстақ, Қызыл қыстақ елдімекендері және Гранитогорск кенті мен Шалдо­вар стансасы кіреді. Ал аталған округтің орталығы Андас батыр ауылы Қырғыз мемлекетінің Шу облысымен шектеседі. Екі орта бар-жоғы 800 метр ғана. Ауыл тұрғы­ны Ерболат Бірбаев аудан әкіміне жолдаған қырық жеті сауалдың ішінен ең күрделі деген төрт мәселені көтерді. «Ауылымызда салынғанына алпыс жыл болған мектеп бар. Бірақ ескі, құлайын деп тұр. Одан кейін ауылда мәдениет үйі жоқ. Кезінде ол да қолдан қолға өтіп, ақыры өртеніп тынды. Бұл жерді ел «Рейхстаг» деп атайды. Жастарды саламатты өмір салтына баулитын спорт нысаны да керек. Шағын бокс үйірмесі ғана бар. Ауылымыздағы бес-алты көше де кеңес өкіметінен кейін жөндеу көрмеген. Ауыз су мәселесі де шешуді қажет ететін ең күрделі мәселенің бірі», дейді ол. Андас батыр ауылының жоғарғы жағында су болғанымен, төменгі жағында тұратын халық суды құдықтан ішіп отыр. Ал құдық суы бірде лай, бірде тұнық. Кезінде ауылға ауыз су кіргізу туралы бастама көтерілгенімен, ақыры аяқсыз қалған. «Мен 1972 жылы ауылда комсомол хатшысы болып жұмыс істедім. Сонда бәрі бар еді. Ал қазір ештеңе жоқ. Осы мәселе жиырма жыл бойы көтеріліп келеді. Бізге емес, көп нәрсе жастарға керек қой. Қазір ауыл жастары күнде кешке қарай кеден маңында жүреді. Басқа қайда барады енді? Біздің көтеріп отырған мектеп, көше, ауыз су мәселелеріне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев назар аударып, көмектессе дейміз. Жол қазір қирап жатыр. Соған қарап, өзімізді баяғы кезеңде, сонау он тоғызыншы ғасырда өмір сүріп отырғандай сезінеміз», дейді Е.Бірбаев.

Жамбыл облысында білім ошақтары көптеп салынуда. Ауыл тұрғындары болса, билік бізге де назар аударып, тым құрыса ауылдағы №21 жалпы білім беретін мектепке 150 орындық қосымша ғимарат салып берсе дейді. Аталған нысанның жобалық-сметалық құжаттары да әзірленуде екен. Алайда оған 137 млн теңге қажет. Ал аталған мектептің директоры Эльмира Бекжанованың айтуынша, 530 балаға арналған білім ошағында бүгінде 939 бала оқиды екен. Яғни екі есеге көп. Сондай-ақ ол физика, математика және орыс тілі пәндерінің мұғалімдері жетіспейтінін де айтты. Айтқандай, бұл мектеп 1960 жылы салыныпты. Ескі мектепте оқушылар қа­зір қысылып оқуға мәжбүр. Сол сияқты, ауыл ішіндегі жолдардың мәселесі де назар аударарлық. Бұл күнде тас жолдардың тозығы жеткен. Ауыл тұрғыны Бахадыр Хасанбаев кезінде Андас батыр ауылының ішіндегі негізгі көшенің «Бішкек-Ташкент» тасжолы болғанын айтты. Алайда қазір ауыл ішімен ауыр жүк көліктері көп жүретіндіктен, әрі ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмегендіктен тозып кеткенін жеткізді. Шынында да, жолдардың әрі тар, әрі тозығы жеткені көрініп тұр. Сондай-ақ, тұрғындар ауылдағы қауіпсіздік мәселесіне де алаңдайды екен. Себебі округ бойынша 2 полиция қызметкері ғана жұмыс істейді. Ал Андас батыр ауылдық округінде 8 700 адам тұрады. Орталықтың өзінде 5 мың халық бар. Сондай-ақ мұндағы елдімекендер де бір-бірінен қашықта орналасқан. Мәселен, Гранитогорск кенті округ орталығынан 12 шақырымда. «Беті аулақ, бірақ әлдеқандай қылмыс орын алса, екі полиция қызметкері қалайша үлгеріп жұмыс істейді. Бұл да біз үшін ойланатын мәселе. Кезінде ауылда полиция пункті болатын. Қазір ол да жоқ. Облыстық полиция департаментінің бас­шы­лығы ауылдағы осы мәселені де шешіп берсе», дейді көпшілік.

Көрші Қырғыз елінің Шу облысынан бері өткен адамдар осы Андас батыр ауылын көреді. Екі орта тым жақын. Бір шақырым­ға да жетпейтін жер. Ал ауыл тұрғы­ны Е.Бірбаев еліміз тәуелсіздік алға­лы талай игілікті шаруалар атқары­лып жатқанын, қазақтың шағын ауы­лы болса да бұл қазақ жерінің бір бө­лі­гі екенін айта келіп, күрделі мәселе­лер ертерек шешімін тапса деген тілегін жеткізді. Ал аудан әкімі Руслан Нұрсипатовқа жолданған қырық жеті сауалдан әзірге жауап болмағанымен, көпшілік әлі де аталған мәселелердің оң шеші­летінінен үмітті.