Ізгі ниеттің оянуына адам санасындағы сәулелі ойлар себепші болады, олардың жүзеге асуы жолында тынымсыз қарекет, еңбек, табандылық шешуші рөл атқарады. Олай деуге себеп: ұлы ағартушы – педагог тындырған қыруар еңбек, риясыз қызмет ұлы тұлғаның ізгі ниетінен бастау алып, тамырын тереңге жайғанын мойындауымыз. Ал ізгі ниеттің оянуына, жоғарыда айтып өткеніміздей, адамгершілік қасиеттер, игі мақсат, міндеттер, ең бастысы адам баласына қызмет ету мұраты түрткі болмақ. Сөз басын осылайша өрбітудегі мақсатымыз – оқырман қауымға Ы.Алтынсариннің адами болмысын ашып көрсетуге ұмтылу. Әрі сананы серпілтіп, рухани жаңғыруда дара тұлғалар тағылымынан нәр алып, өнеге тұтудың маңызын атап көрсету болмақ.
Қазіргі кезеңнің көрнекті ыбырайтанушысы, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Серікбай Оспанұлы «Сөнбес шырақ» кітабында ұлы тұлғаға тән қасиеттерді барынша толық баяндап, Ыбырайдың замандастарының, шәкірттерінің, зерттеушілердің сөздерімен нанымды дәйектеп, жан-жақты ашып берген.Әсіресе, Ыбырайдың көзін көрген, қызмет барысында онымен бірнеше мәрте кездесіп, жақын таныған замандастарының естеліктерінен дәйектер келтіруі оқырманды елітері хақ. Мәселен, ол РСФСР-дің педагогика тарихы мен теориясы институтының аға ғылыми қызметкері болған, Ы.Алтынсарин туралы естелік қалдырған А.Ф.Эфировтің: «Ол (Алтынсарин) нұрлы ақыл, жылы жүрек, көпқырлы дарын иесі болды. Балғын шағынан бастап-ақ бар күш-жігерін, қажыр-қайратын туған халқына қызмет етуге арнады» деген сөздерін келтіріп, Ыбырай өз бойындағы ізгі қасиеттерін ұлтына қызмет етуге арнағанын аңғартады. Серікбай Оспанұлы зерделеген тақырыпты жаңғырта отырып, Ыбырай бабамыздың дараланып, адам сенгісіз кең ауқымды қызмет атқаруының бір ұшы оның осы адамгершілік қырының қалыңдығында жатқандығында болар деп пайымдаймыз. Алтынсарин мұрасына, оны зерттеушілердің жазғандарына үңіле отырып, адам баласының бойындағы ізгі қасиеттердің молдығы оның қолға алған ісін де ілгерілетіп, алға бастыра беретініне көз жеткізу қиын емес секілді. Ақыл-оймен реттеліп отыратын адами қасиеттер адамзатқа қызмет етуге бағытталып, өзіне де, өзгелерге де пайдасын тигізе беретіні тәжірибеде дәлелденген.
Ыбырай бабамыздың болмысын тани түсу үшін, өзімізше ізденіп, кейіпкерімізді кейіптейтін тың ақпарат табуды көздедік. Академик, белгілі әдебиеттанушы Қажым Жұмалиев кезінде ұлы ағартушы туралы ізденіп, кандидаттық диссертация қорғаған екен. Ғалымның: «Ыбырай Алтынсариннің өз халқын оқуға, өнерге үндеуі, надандыққа, зұлымдыққа қарсы шығуы, сол кездегі әлеумет өміріндегі теңсіздіктің бетін ашып, өмір шындығын көрсетуі, жастарды жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуі оның шығармашылығының халықтық жағы десек, өзі қазақтың ержеткен проза жанрының және балалар әдебиетінің ең алғашқы негізін салушы болды» деген бір ауыз сөзінен Ыбырайдың адамзат баласының игілігі үшін қызмет еткен арда тұлға екеніне тағы бір мәрте көз жеткізесің. Ал адамзатқа қызмет етудің бастауы адам бойындағы ақыл-ойдың озықтығы мен ізгі қасиеттердердің молдығында екеніне иланасың.
Тұла бойы тұнған өнеге дерлік Ыбырай бабамыз тек өз шығармалары арқылы ғана емес, жеке басына тән қасиеттерімен де кім-кімді болсын баурап алады. Тау тұлғаны қай заманда да аласартпай, керісінше, асқақтатып тұрған оның өзіндік болмысындағы кішіпейілділік, қарапайымдылық, сыпайылық дер едік. Халық үшін, дүйім ел үшін адам нанғысыз қыруар істі бір өзі атқара жүрсе де, бір қалыптан ауытқымай, ешкімге міндетсімей, жасы үлкенге де, кішіге де, лауазымы жоғарыға да, қарапайым жандарға да бірдей қарап, адами қарым-қатынастың зор үлгісін көрсетті. Сөзіміз дәйекті болуы үшін, алдымен Ыбыраймен етене араласқан замандастарының естеліктеріне үңіліп көрейік. Адамгершілік тек жеке адамдармен, әріптестермен қарым-қатынаста ғана емес, өмірдің сан түрлі жолдарында да айқындала түседі.
Ұлы педагогтің жаны таза, көңілі дархан, жаны жомарт адам болғанын айғақтайтын куәгерлер сөздерін келтірелік. Әріптесі Ф.Д.Соколов инспектор Алтынсарин туралы: «Алдына қай кезде қандай жұмыспен барсаң да, ол кісі шынайы тілектес болып, ақыл-кеңесін не көмегін аямайтын. Қазақ халқы оны аса құрмет тұтатын... Оның есігі жұрттың бәріне әрдайым ашық тұратын, қиыншылық кезеңдегі ақыл-кеңесін былай қойғанда, ол жоқшылыққа ұшыраған қазақтарға қарызға ақша беретін, ол үшін кейін өсім талап етпейтін, көп жағдайда қарызын да қайтарып алмайтын. Орыс қоныстанушылары да оны мейірімді әрі адал адам деп білетін» деп жазса, ұлы ұстаздың шәкірті әрі ізбасары Ғабдолғали Балғынбаев тәлімгері турасында: «...Ол қашанда кішіпейілділік, қарапайымдылық танытатын, оған жұрт әртүрлі тілек-өтініштермен ағылып келіп жататын. Ыбырай өтініш білдірушілермен жылы сөйлесіп, мүмкін болғанынша арыздарын орындауға ұмтылатын» деп, оның парасаттылығын, адамдармен жылы қарым-қатынасын ашып көрсетеді. Әріптесі А.А.Мозохин басшысының мұғалімдерге шынайы жанашырлық танытып, қамқоршы бола білгендігін мына бір сөздерімен аңғартады: «Инспекторымыз небәрі 18 күннің ішінде мебель, оқулықтар, көрнекіліктер, не керек, бастауыш мектепке қажетті дүниенің бәрін әкеліп үлгерді. Мені де ұмыт қалдырған жоқ: кереует, матрас, жастық, ыдыс-аяқ және т.б. ұсақ-түйек заттарды жеткізіп кетті».
Ыбырай жүрегінің жылылығы, жанының нәзіктігі, мейірімінің молдығы оның хаттарынан да айқын аңғарылады. Хат иесінің сөз қолданысы адам сезіміне қозғау салып, жүрегін елжіретеді. Ол өз хаттарын «Аса қайырымды», «Аса мархабатты», «Ұлы мәртебелі, мархабатты досым», «Шапағатты төрем» сөздерімен бастап, «Сізді аса қадірлейтін және Сізге шын берілген Ы.Алтынсарин», «Сізді аса қадірлейтін», «Шын жүрегімен сыйлайтын», «Сіздің адал қызметшіңіз» секілді жылы сөздермен аяқтап отырған. Неткен сыпайылық, жоғары мәдениеттілік десеңізші?!
Адамның адамшылығы қиын-қыстау кезеңде айқын аңғарылады. Өмір болған соң, ауыртпалық та салмағын салып, қоғамның әлжуаз бөлігін тығырыққа тірейтін күндер туады.Осындайда кімнің кім екенін халық танып, біліп жатады. Сонау 1879-1880 жылдары Торғайды аштық пен жұт жайлағаны кейбір дереккөздерден мәлім. Мұндай қасіретке жаны күйзелген Алтынсарин «Оренбургский листок» газетіне бірнеше мәрте мақала жариялатқан көрінеді. Ол өзі бас болып, Торғай облысы басшыларының мұндай қиыншылықтан ада Қостанайдан азық-түлік жеткізулерін өтініп, көмек берулерін сұраған. Тіпті көктем шыға уезд бастығы Яковлевпен бірлесіп, кірпіштен орыс-қазақ училищесінің ғимаратын тұрғызуға жергілікті тұрғындарды жұмылдырған, сөйтіп олардың азын-аулақ қаражат табуына, азық-түлік сатып алуларына септігін тигізген. «Шектен тыс қымбат болса да, тұрғындардың күнделікті талшық ететін Қостанайдан әкелінген азық-түлікті сатып алып, күн көруіне айтарлықтай жағдай жасады», деп еске алады Ғ.Балғынбаев. Сондай-ақ кейін Ыбырайдың бастамасымен Торғай өзенінен балық аулау ұйымдастырылады, халықтың әл-ауқаты түзеле бастайды. Бұл жөнінде ыбырайтанушы ғалым Ә.Дербісәлиннің: «Қазақ қоғамына үлкен дерт, ауыр қасірет әкелген осы бір қиын-қыстау жылдарда Ыбырай қазақ халқының ең жанашыр қамқоры болды» деп жазғаны бар.
Ы.Алтынсариннің туған халқына деген қамқорлығы, қайырымдылық әрекеті, ұлт мүддесін көксегені ақтық демі таусылғанша толастаған емес. Ол өзі дүниеден өтер шағында әулетіне тиесілі 500 десятина жерді Қостанайда ашылмақшы ауылшаруашылық мектебіне табыстайды, бұл оның халыққа жанашырлығын, ұлт мүддесіне адалдығын айқын көрсетіп тұр емес пе?!
Болмысы бөлек Ыбырай бабамыздың тұлғасы жайындағы аз-кем сөзімді оның шәкірттерінің: «Алтынсариннің ісінен бүкіл халықтың сипатын, оның рухы мен ақылын, адамгершілігі мен мінез-құлқын, тұтас алғанда, оның барлық бейнесін көреміз», деген лебізімен түйіндегім келеді.
Биалаш СҮЙІНКИНА,
Ы.Алтынсарин медалінің иегері, ыбырайтанушы