Аталған басылымның тарихы ғасырдан асып жығылады. Бұл газет тек 2016 жылы 620 861 дана тиражбен жарық көрсе, қазіргі таңда сатылымының өзі бір айда 2 млн-ды құрайды екен.
Ағылшын газетінде жарық көрген жазба мен фотосуреттер иесі – Ч.Батзаяа деген моңғол азаматы. Ол ағылшын тілді басылымға берген сұхбатында: «Шетелдіктерді, әсіресе, еуропалықтарды Моңғолияның әсем табиғаты ғана емес, көшпелі өмірдің жұмбақ болмыстары мен тіршілік салты қызықтырады. Соның бірі – еліміздің батыс шебінде өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының қазіргі тұрмысы. Әсіресе, бұл бауырлар байырғы көшпенділер өнері құсбегілікті таза этно болмысын бұзбай жақсы сақтаған. Өз басым соңғы 10 жыл бойы үзбей қазақ бүркітшілері өмірінен фотосурет түсіріп жүрмін. Қазіргі таңда «Бүркіт» атты бірнеше томға татитын фотосурет топтамасын дайындап қойдым», депті.
Расында, бұл жігіт қақаған қыста қар жастанып, мұз төсеніп қазақ құсбегілерін түсіріп жүр. Тіпті дүние жүзіне аты шыққан бүркітші қыз Айшолпанды әлемге таныстырған осы Батзаяа. Фотосуретші «Бұйырса, Нұр-Сұлтан қаласына барып, Қобда беті қазақтарының құсбегілік өнері жайлы көрме ұйымдастырсам» дейді.