Руханият • 29 Қыркүйек, 2021

Шығыстың сөнбес жұлдыздары

501 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Түркі елінің атажұрты, қасиетті қарашаңырақ, киелі Түркістанда өткен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түскені анық. Мерейтойлық басқосудың қасиетті Түркістан қаласында өтуінің үлкен символдық мәні бар.

Шығыстың сөнбес жұлдыздары

Тамырлас халықтарды ортақ мүддеге жұмылдырған ТүркПА кеңесінің отырысы аясында түркі елдерінің ынтымағының көрінісіндей болған, өнерсүйер жұртты жақындастыра және адамзатқа ортақ тұлғаларды жас ұрпаққа терең таныта түскен қос бірдей айтулы іс-шара өтті. Соның бірінде Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоп пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Халықаралық Түркі академиясы Юнус Эмре жырларының түрікше-қазақша жинағын таныстырды.

Алқалы жиынға, сондай-ақ ТүркПА Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркия Республикасының  Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи, Қазақстан мен Түркия Парламент депутаттары, сондай-ақ бауырлас елдердің мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиынды Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі жүргізді. Түркі академиясы Юнус Эмре және түрік тілі жылы аясында баспаға әзірлеген бірегей басылымға танымал қазақ ақыны Светқали Нұржанның әдеби көркем аудармалары түпнұсқа мәтіндермен қатарластыра беріліп отыр. Кітапқа ақын өлеңдерінің бұрын жарияланбаған жаңа аудармалары да енген. Бағалы басылымның лентасын Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп пен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин кесті. Тұсаукесер рәсімінен кейін сөз алған доктор Мұстафа Шентоп Юнус Эмре рухының өзінің ұстазы Қожа Ахмет Ясауи жатқан киелі Түркістанға келуі символикалық мәні зор айтулы оқиға екенін атап өтті. Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нигматулин келелі жиынның екі ел арасындағы бекем бауырластық нығайып келе жатқанының айқын белгісі екенін айтты.

1

Қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи салған сара жолдан рухани нәр алып, Анадолы жерінде сопылық мектептің негізін қалаған Юнус Эмре – түгел түркі жұртының мақтанышы, ортақ қазынасы. Кітаптың алғы сөзінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Юнус Эмре өз заманының кемеңгер жыршысы болғанын айтады. Туын­дыларын сол дәуірде әлемге кең тараған түркі және араб тілдерінде қатар жаза білуі оның білімі терең, білігі жоғары болғанын көрсетеді. Биыл Юнус Эмренің дүниеден өткеніне 700 жыл толды. Осыған орай Түркия Республикасының Прези­денті Режеп Тайып Ердоған 2021 жылды «Юнус Эмре және түрік тілі жылы» деп жариялады. Бұған қоса 200-ге жуық мемлекетті біріктіретін ЮНЕСКО ұйымы ке­меңгер ақынды еске алу жылын жаһандық деңгейде атап өтуге шешім қабылдады. «Юнус Эмре өлеңдерінен оның түбі бір түркі халықтары дүниетанымына жақындығын аңғарамыз. Ол ізгілікті, хақты сүюді, мейірбандық пен достықты, білімдарлық пен парасатты тереңінен толғап, сыршылдықпен жырлайды. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауи ілімімен, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгнеки даналығымен мұраттас оның бүкіл шығармашылығының алтын арқауы – Алланы сүю, ақиқатты тану, адамды ардақтау қағидаттары тұтастық тапқан. Әлбетте мейірбандылықты ту еткен мұндай сарындар Бұқар, Шортанбай, Дулат, Абай, Шәкәрім секілді ірі ақындардың өнернамасына шұғыла шашып тұрады. Биыл 30 жыл толатын тәуелсіздіктің арқасында қазақ жұртшылығы Юнус Эмре шығармашылығымен жақын таныса бастады. Осы орайда Түркі академиясы Юнус Эмренің қазақшаға еркін аударылған бір топ туындысын түпнұсқа мәтіндерімен қатар бірегей жинақ ретінде басып шығарып отыр. Айта кету керек, кітапқа бұрын 

жарияланбаған жаңа аудармалар да енгізілді. Ұлы шайырдың жырларын ерекше аудармалары арқылы қазақ оқырмандарына жеткізіп келе жатқан көрнекті ақын Светқали Нұржанға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ақынның бұл кітапқа енген жырлары әдеби байланыстарды нығайтып, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты бекемдей түседі деп сенеміз», дейді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ бұл күні Түркістанда Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Низами Гәнжауидің 880 жылдығына орай «Шығыстың шоқжұлдызы» атты алқалы жиын өтті. Фараб кітапханасында өткен алқалы басқосуға Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Спикері Сахиба Гафарова, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Агалар Атамогланов, сонымен қатар Әзербайжан Милли Меджлисінің, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, бауырлас елдердің мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосу Қарабақты азат ету соғысының басталуына жыл толуына байланысты 44 күндік Отан соғысында қаһармандықпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялаумен басталды.

Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі академия әзірлеп шығарған Низами Гәнжауидің «Жеті ару. Лейлі-Мәжнүн» жинағын таныстырып өтті. Ал жаңа басылымның тұсауын Әзербайжан Парламенті Меджлисінің спикері Сахиба Гафарова мен жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт кесті.  Меджлис Спикері Сахиба Гафарова Низамидың түркі дүниесі мен ислам әлемінің ғана мақтанышы емес, күллі адамзат өркениетінде айрықша орын алатын тұғырлы тұлға екенін атап өтті. Өз кезегінде академия басшысы Дархан Қыдырәлі Низами мен Абай шығармашылығындағы сабақтастыққа тоқталып, оның түркі әлемінен алатын орны туралы айтты. «Халықаралық Түркі академиясы «Низами жылы» аясында бірқатар іс-шараларды ұйымның 2021 жылға арналған жоспарына енгізген болатын.  Бүгін оқырманға ұсынып отырған кітабымыз да осы іс-шаралар жоспары 

аясында жарық көрді. Кітапқа түркі әлемінің ұлы ойшылы Низами Гәнжауидің қазақ тілінде жарық көрген екі шығармасы – «Лейлі мен Мәжнүн» және «Жеті ару» енді. Шындығында, бұл шығармалар Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде – 1940 жылдары қазақтың танымал жазушыларының аудармалары негізінде жарық көрді. Алайда, осы уақыт аралығында бұл кітаптар ескірді және қолжетімсіз болды. Осыны ескере отырып, Халықаралық Түрік академиясы шығармаларды толықтырып қайта басып шығаруға шешім қабылдады.  Низами мұрасы мен шығармашылығы бүкіл әлемде өзекті және маңызды. Оның мұрасы Әзербайжан мен түркі әлемінің ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес рухани қазынасына айналды. Ол бүкіл Шығыста жаңа әдеби мектептің негізін қалады. Низамиден кейін, Насими, Физули, Науаи, Абай және басқа да ақын-жазушылар оның шығармашылығының әсерінен үлкен туындылар жасап, идеяларын дамытты», деді академия басшысы. Жазушы, Мархабат Байғұт өз сөзінде адамзатқа ортақ тұлғалар әрбір халықта, әрбір ұлтта барын атап өтті. «Низами бабамыздың «Ләйлі мен Мәжнүнін» білмейтін қазақ жоқ. Көбісі жатқа біледі. Біздің ақындарымыздың көпшілігі осы дастанмен тәрбиеленген. Ұлы Абай ұстаз тұтқан. «Ескендірді» Низамидың кейбір жақтарын дамытыңқырап, жаңаша жырлады», деді Мархабат Байғұт. Ал белгілі ақын Нармахан Бегалы Әзербайжан мен Қазақстан елдері арасындағы рухани сабақтастыққа тоқталып, Низами жырлары аудармаларының көркемдік деңгейі жоғары екенін айтып өтті. Оқырманға жол тартқан еңбекке Низамидың қос жырының Таир Жароков, Қасым Аманжолов, Тәкен Әлімқұлов, Ғали Орманов, Жақан Сыздықов және басқа да көрнекті қазақ ақындары аударған таңдаулы нұсқалары енген.  

Ақынның жауһар туындылары Шығыс пен Батыс поэзиясының дамуына орасан зор ықпалын тигізді. Әсіресе, Хафиз Шираз, Жалал-аддин Руми, Саади сынды ақындар оның нәрлі поэзиясынан сусындады. Мысалы, Әмір Хұсрау Дехлеуи, Әлішер Науаи, Абай, Гете тағы басқа ақындардың дастандары Низамидің әсем әлемінен тамыр тартып өрбіді. Шығыс шайырларының баршасы нәзира 

үлгісінде Низамиді жаңғыртып қайталайды. «Хұсрау – Шырынды» 1383 жылы Сарай Беркедегі қыпшақ Құтып та жырға қосады. Бұл мектептен батыс классиктері де құралақан қалмаған. Айталық, «Жеті ару» дастанының «Турандот ханшайым» атты бөлімін неміс ақыны Гете де жырлаған. Парсы тілді әдебиетте Сағди, Фирдауси, Анвариді ақындардың пайғамбары десе, Фирдауси жазған «Шахнамадан» асырып «Хамса» жазып, бес дастаннан құралатын жаңа жанрды әлемдік әдебиетке ендіріп, соны бағыт қалыптастырған Низамиді «ақындардың Тәңірісі» деп замана данышпандары аспандатып баға берген, ал оның алдында дүниеге теңдессіз туындылары арқылы мәшһүр болған Фирдаусиді «шайырлардың пайғамбары» деп ұлықтаса керек.

Айта кетелік, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев 2021 жылды «Низами Гәнжауи жылы» деп жариялаған болатын. Бұл орайда Түркі академиясы «Низами жылын» маңызды оқиғадан бастаған-ды. Яғни академия өткен жылдың 30 желтоқсанында Низами Гәнжәуи халықаралық орталығымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бұл орталық пен академияның бүкіл әлем бойынша ұлы философ пен ақынның идеяларын насихаттайтын алғашқы бірлескен іс-шара еді. Низами шығармалары ортағасырлық Түркия, Армения, Ирак, Грузия, Ауғанстан, Иранда кеңінен танымал болды. «Хұсрау - Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Ескендір» дастандары күні бүгінге дейін адамзаттың, оның ішінде түркі әлемінің ортақ мұрасына айналды. Низами Гәнжауидің 880 жылдығына орай ұйымдастырылған жиын соңында мәртебелі қонақ Әзербайжан Парламенті Меджлисінің спикері Сахиба Гафароваға Түркі академиясы басып шығарған бағалы еңбектер тарту етілді.