Экономика • 29 Қыркүйек, 2021

Аккредиттеу қызметінің құны төмендеді

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сауда және интеграция министрлігі ковидтен кейінгі кезеңде кәсіпкерлікті дамытуды қолдау және ынталандыру үшін аккредиттеу қызметтерінің құнын 72 925 теңгеден 51 619 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы министр Бақыт Сұлтанов хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Аккредиттеу қызметінің құны төмендеді

«Төмендетілген тариф бизнеске босаған қаражатты зертханалық базаны жаңғыртуға, қызметкерлерді дамытуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға инвестиция ретінде пайдалануға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Мен Қазақстан өнімнің жоғары сапасы мен қауіпсіздігін сақтау кепілдігінің негізі ретінде зертханалық базаны жетілдіруге бағыт алғанын бірнеше рет айтқан болатынмын. Бұл біздің тауарларымыздың әлемдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғана емес, қазақстандықтарды сапалы тауарлармен қамтамасыз ету үшін қажет», дейді министр.

Ол егер біз сапалы ішкі нарыққа қарап жұмыс істейтін болсақ, онда сыртқы нарықты да игере аламыз дегенді айтады.

«Ол кезде зертханалық зерттеулер нәтижелерін және біздің сертификаттарымызды басқа елдердің тануын қамтамасыз ету әлдеқайда оңай болады. Еуроодаққа экспорттау үшін шарапты сертификаттау жағдайын мысалға алайық: қазақстандық үш зертхана еуропалық стандарттар деңгейінде зерттеу сапасының кепілдігін растады, енді қазақстандық экспорттаушылар ЕО-ға жүзім шарабына Қазақстанда сәйкестік сертификаттарын ала алады», дейді Бақыт Сұлтанов.

Ол қазіргі уақытта «сұр» сертификаттары бар тауарлар айналымын анықтау және алдын алу бойынша адал бизнеспен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырқандығын айтты.

«Соның ішінде, осындай рұқсат беру құжаттарымен сауда жасайтын аккредиттеу субъектілерін «қолынан ұстап алып» жатырмыз. Олар адал кәсіпкерлерге зиян келтіріп қана қоймай, қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жақын арада біз осындай алаяқтыққа тап болған адамдардың есімдерін жариялай бастаймыз деп ойлаймын. Ел өзінің осындай «батырларын» білуі керек. Сондықтан мен тағы да аккредиттеу субъектілеріне: сәйкестікті бағалау саласындағы заңның барлық талаптары бойынша жұмыс жасаңыз және нарықта сұр сертификаттар мен сәйкестік декларацияларының пайда болуына жол бермеңіз деймін», деді министр.