Әлем • 29 Қыркүйек, 2021

Азық-түлік қауіпсіздігі: Азиядағы ахуал қандай?

628 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр әлемде ашқұрсақ адамдардың саны 650 млн-нан 800 млн-ға дейін өскен. Оның жартысынан көбі Азияда, дәлірек айтқанда Ислам ынтымақтастық ұйымының мүшелігіне кіретін елдерде тұрады. Мұндай мәлімет БҰҰ-ның 2021 жылғы дүние жүзіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне арналған есебінде айтылды.

Азық-түлік қауіпсіздігі: Азиядағы ахуал қандай?

Астық қорын құруға шақырды

Мұндай мәлімет БҰҰ-ның 2021 жылғы дүние жүзіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне арналған есебінде айтылды. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы қа­жетті өнімдердің өндірісін ұлғай­тып сақтау үшін фермерлерге заманауи жабдықтар мен тиімді микро­қар­жылан­дыру тетігі қажет деп санайды.

Сондай-ақ талапқа сай қойма орындары мен қосымша құнды құруға арналған құралдары және дағдыларының да қа­жет екені күмән туғызбайды. Халықара­лық ұйым орнықты дамуға қол жет­кі­зіп, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін мүшелікке кіретін ел­дерді өздерінің даму стратегия­ла­рында азық-түлік қауіп­сіз­дігіне жіті көңіл бөлуге кеңес бер­ді.

Рас, посткоронавирустық ке­­зең мен жаһандық климат күрт құбылған жағдайда азық-түлік қауіпсіздігі өзекті мәселеге ай­нал­ды. Жоғарыдағы ұйымның сары құрлықтағы рөлін ескерген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мүше мем­ле­кеттерді Ислам ынты­мақ­тас­­тық ұйымының азық-түлік қа­уіп­сіздігі резерві мен Бидай қо­рын құру жөніндегі бастаманы қолдауға шақырды.

«Қазақстан Ислам ынты­мақ­та­стығы ұйымының белсенді әрі жауапты мүшесі, сондай-ақ еліміз сыртқы нарыққа 7 млн тоннадай астық тасымалдай отырып, азық-түлік бидайы мен ұн экспорттаушыларының ондығына кіреді. Жыл са­йын Қазақстан осы ұйым құ­рамындағы мұқтаж елдерге астық пен ұн түрінде қай­та­рымсыз гуманитарлық кө­мек көрсетіп келеді. Жи­нақ­та­ған тәжірибеміз ұдайы өсіп келе жат­қан ислам әлемінде азық-түлік қауіпсіздігі мәсе­ле­ле­рін шешуде пайдалы болар деген сенімдеміз», делінген Мем­лекет басшысының АҚИҰ Бас Ассамблеясының қатысу­шы­ла­рына жолдаған хатында.

 Шіліңгір шілденің шыжығын сезінді

Биылғы жаз айлары еліміздің шаруалары үшін оңайға соққан жоқ. Мәселен, бірқатар өңірде қуаңшылықтың салдарынан фермерлер малға қажетті азық таппай қиналды. Демек, жа­һандық климаттың өзгеру белгі­лері рес­пуб­лика аумағында да көрініс таба бастағанын бай­қауға болады.

«Біріншіден, азық-тү­лік қа­уіп­сіздігіне қатысты бекі­тіл­ген бағдарламалардың орын­­далу дең­гейі сапалы болуын қам­тамасыз еткен жөн. Екін­­ші­ден, ИЫҰ азық-түлік жү­йесін дамыту қажет. Соңғы уақытта жаһанда орын алған оқиғалар азық-түлік тасымалдау жүйесінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. ИЫҰ елдері үшін ұлт­аралық және аймақаралық тиім­ді тамақтану жүйесін құру мәселесі өте өзекті. Бұл жүйені дамытудың ресурс­­­тары қолда бар болғанымен, қазір азық-түлік тауарларының 70%-ға жуығы ұйым аймағынан тыс елдерден әкелініп жатыр. Сондықтан да Азық-түлік қа­уіп­сіздігі жөніндегі ислам ұйымының негізгі назары экс­порт­таушылар мен импорттаушылар үшін тиімді болатын ИЫҰ аясында азық-түлік пен тауарды тарату жүйесін құруға бағытталуы тиіс. Үшіншіден, азық-түлік қауіпсіздігіне қатты әсер ететін маңызды фактор – климаттық өзгерістер. Қазір­дің өзінде оның зардаптары бай­қалып жатыр. Мысалы, Қазақ­стан­да соңғы 100 жылда ауаның орташа жылдық температурасы Цельсий бойынша 1,37 градусқа жоғарылаған, ал орташа жылдық температураның тұрақты өсу қарқыны тіркелді. Биылғы маусым шаруаларымыз үшін нағыз сынаққа айналды. Қазақстанның бірқатар өңірі құрғақшылықтан зардап шекті. Осы мәселені шешу­дің тәсілдерін қайта қарау­ға тура келеді. Тек орын алған төтенше оқиғаларды ғана емес, сонымен қатар ықтимал тәуе­кел­дердің де алдын алудың те­тік­терін ойластыруымыз ке­­рек. Атап айтқанда, ауыл шар­­уа­­шылығына әсер ететін кли­маттық тәуекелдерді азайту, ауылшаруашылық тәжірибесін жақсарту, төзімді және климатқа қолайлы өндіріс әдістерін енгізу сынды өзекті мәселелер тиімді шешімді қажет етеді», деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Жауапты ведомство басшысы айтқандай, елімізде су ресурстарын тиімді пайдалануға байланысты қордаланған мәселе көп. Сол себепті суару мен мелиорация, заманауи суару және ылғал үнемдеу технологияларын енгізу міндеттері ұйымның назарында болуға тиіс.

Тауар тапшылығы ұлғайды

Аталған ұйымға кіретін елдерде табиғи ресурстар жеткілікті болғанымен, олардың басым бөлігі азық-түлік жеткізілімінің халықаралық нарықтарына қатты тәуелді. Ислам ынты­мақтастық ұйымының бас хатшысы Юсуф әл-Отайминнің пікіріне сүйен­сек, бұл коронавирус пандемия­сы сияқты ұзақмерзімді дағ­­­дарыс кезеңінде азық-түлік қа­уіп­сіздігіне үлкен қауіп тудыруы мүмкін.

«SESRIC (Ислам елдеріндегі статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулермен айналысатын және мамандар дайындайтын орталық) мә­лі­мет­теріне сәйкес, ИЫҰ елде­рін­дегі ауылшаруашылық тауар айналымының тұтастай тап­шы­лы­ғы 2010 жылдағы 49,9 млрд 

доллардан 2018 жылы 62,9 млрд долларға дейін өскені байқалды. Яғни ұйымға мүше елдер ауыл шаруашылығы саудасының таза импорттаушысына айналды. Бұған қоса 25 мемлекет әлі күнге дейін әлемдегі табысы төмен және азық-түлік қауіпсіздігі тұр­ғы­сынан қорғалмаған сыртқы көмекке мұқтаж 47 елдің қа­та­рында тұр. Осы орайда ауыл шаруашылығы, ауылдық жер­лер­ді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға жауапты Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы ИЫҰ-ның қар­жылық және технологиялық әлеуетін пайдаланып, жоға­ры­дағы елдерді қолдау қажет. Сәйкесінше, АҚИҰ-ға фермер­лерді қолдауға арнал­ған бағдар­ламаны қарас­ты­­руды ұсынамыз. Неге де­се­ңіз, жоға­рыда аталған ел­дер­де ауыл­шар­уа­шылық та­уар өндірушілері қолайсыз жағ­дайда жұмыс істеп жатыр. Сондықтан азық-түлік өндірісі мен өнімді сақтауға ар­налған қой­маларды арттыру үшін шаруа­ларды зама­на­уи ауыл шаруа­шылығы техникасымен және тиімді микро­қаржыландыру тетігімен қамтып, біліктіліктерін арт­ты­руға мән беру керек. ИЫҰ елдерінде қажетті азық-түлік өн­дірісін дамытудың барлық мүм­­кіндігі бар. Азық-түлік қа­уіпсіздігі – тұрақты дамуға қол жеткізіп, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырудағы бар­лық бастамамыздың негізіне айналуға тиіс», деген бас хат­шының сөзін эко­­номикалық мәселелер жө­нін­дегі орынбасары Ахмад К.Сенгендо жеткізді.

Азық-түлік қауіпсіздігі жө­нін­дегі Ислам ұйымының бас ди­­ректоры Ерлан Байдәулеттің айтуынша, ұйым аумағында аграрлық секторды дамытудың жол­дары жоқ емес. Тек сол ресурс­­тарды тиімді басқарып, бір­лескен әрекеттерді жүйелі үйлестіре білу қажет дейді.

«Ислам ынтымақтастық ұйы­мына мүше елдердің тұрақты азық-түлік қауіпсіздігі – біз көз­де­ген басты мақсат. Бұл мемле­кеттер су, жер, өсімдік сорттары, мал шаруашылығы, ғылыми зерттеулер мен адами капитал секілді азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға болатын барлық элементтерге ие. Бірақ та бізге сер­пі­ліс жасап, осы ресурс­тар­ды тиімді басқаруға және азық-түлік жүйесіндегі мүдделі тарап­тар­ды­ң өзара нәтижелі ықпал­да­суына көшуіміз керек», деді Е.Байдәулет.

Аталған халықаралық ұйым негізгі 5 бағыт бойынша 16 стра­тегиялық бағдарламаны жү­зе­ге асыру арқылы аграрлық сек­тор бағытында ұлттық, өңір­лік және халықаралық ұйым­дар­мен ынтымақтастықты жан­дан­дыруға ниетті екендерін жет­­кізді.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ