Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2021

Тарихи әділдікті қалпына келтіру барысы талқыланды

206 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесі мен Алматы облысының әкімдігі большевиктік-сталиндік режімнің шаруаларға қарсы күштеп ұжымдастыру, ет пен астық дайындау және басқа да саяси науқандарының құрбандары бойынша материалдар жинау жөнінде тәжірибе алмасу семинарын өткізді. 

Тарихи әділдікті қалпына келтіру барысы талқыланды

Тақырыпты зерттеп жүрген жетекші ғалымдар арасында тәжірибе және ақпарат алмасу мақсатында ұйымдастырылған кезекті республикалық тақырыптық семинарға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен об­лыс­тар­дың өңірлік комиссияларының жұ­мыс топ­тарының өкілдерімен қатар, мем­ле­кет­тік қызметшілер, ғалымдар, қоғам қайрат­керлері, сарапшылар мен еріктілер қатысты.

Жиынға онлайн қосылған сарапшылар Қазақ­стан шаруаларына қатысты боль­ше­вик­тік-сталиндік биліктің күштеп ұжым­дас­тыру мен отырықшыландыру, күштеп ет және астық дайындау және басқа да сая­си нау­қандары барысында қазақстандық са­яси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтау мәс­еле­лері бойынша атқарылған жұмыс туралы есеп беріп, жүргізілген зерттеулер тәжірибесін ортаға салды, сондай-ақ өңірлік комиссиялардың ғылыми-іздестіру жұмыстарын жетілдіру жолдарын айқындап, бірқатар ұсынысты талқылады.

Іс-шараны Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комис­сияның мүшесі, мемлекеттік комиссия­ның қызметін қолдау жөніндегі Жобалық кеңсенің жетекшісі Сабыр Қасымов жүргізді. Ол өз сөзінде 30-шы жылдардың басында большевиктік-сталиндік биліктің әрекетінен басталған алапат қасіреттің қазақ халқына орасан зор адами және экономикалық шығын әкелгенін және оның салдары әлі күнге дейін ұмытылмағанын атап өтті.

«Қайғылы жағдайға әкелген оқиғаларды мемлекеттік тұрғыдан зерттеп, талқылап және оған баға беріп, өз қорытындыларымыз бен тұжырымдарымызды мемлекеттік комиссияға ұсынуымыз керек», деді Жобалық кеңсенің басшысы.  Сабыр Қасымов өз сөзінде сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы мен алға қойылған міндеттерге қысқаша тоқталып өтті. Мемлекеттік комис­сияның 10 жұмыс тобының төртеуі елді мекендер, ауыл тұрғындарына қатысты қуғын-сүргінді зерттеп жатқаны айтылды.

«Президент құрбандардың негізгі санаттарын толық құқықтық және саяси ақтау міндетін қойып отыр, сондықтан елде саяси қуғын-сүргін құрбандарын кешенді және жаппай зерттеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ғалымдар бұрын жабық болған мұрағаттарға қол жеткізді. Олар жалақы мен лауазымын сақтай отырып, негізгі жұмысынан босатылды. Өңірлік комиссиялар құрылып, ғылыми негізделген әдіснамалар мен нұсқаулықтар әзірленді», деп атап өтті Сабыр Қасымов.

Сонымен қатар жиында Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңір­л­ік комиссияның төрағасы, Алматы об­лы­­сы әкімінің орынбасары Батыржан Бай­жұ­манов­тың құттықтау сөзі оқылды. Ал негіз­гі баян­­даманы Мемлекеттік комиссияның мү­­­ше­­сі, большевиктік-сталиндік биліктің ша­­р­уа­ларға қатысты күштеп ұжымдастыру, азық-түлік дайындау және басқа да саяси нау­қан­­дары­ның құрбандарын ақтау үшін зер­де­леу, қоры­тындылар мен ұсынымдар әзір­леу ж­өнін­дегі жұмыс тобының жетекшісі, Тарих ғы­­лым­­дарының докторы, профессор Талас Омар­­­беков жасады. Ғалым тақырыпқа қаты­с­ты бас­­ты мәселелерді атап өтіп, атқарыл­ған жұмыс барысы мен ұсыныстарын ортаға салды.

Өңірлік топтар алдында ауқымды міндет­тер тұрғаны белгілі. Іс-шара барысында ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін күштеп дайындау жыл­дары қанша адам атылғанын, бүкіл қазақ­стан­дық­тардың қаншасы қылмыстық және әкім­шілік жауапкершілікке тартылғанын – сот­тардың және соттан тыс органдардың үкім­дері­мен сотталғанын, күштеп дайындау жүргі­зіл­ген барлық жылдар ішінде қаншасы қоныс аудар­ғанын анықтау қажеттігі баса айтылды.

Семинарға қатысқан барлық өңір өкілдері, өңірлік комиссиялардың жұмыс топтарының жетекшілері мен мүшелері сөз сөйлеп, ұжым­дастыру және отырықшыландыру бары­сындағы қуғын-сүргіндер, күштеп ет және астық дайындау науқандары туралы өздері анықтаған жаңа мәліметтерді ұсынып, зардап шеккен жаңа есімдерді атады. Қатысушылар жұмыс барысында кездескен кедергілер туралы да ой бөлісіп, әріптестерінің пікірін білді.

Жобалық кеңсе жетекшісі мұрағаттар объективті шындықты іздеу мен орнатудың жалғыз көзі емес екеніне назар аударды. Өңірлерде, ауылдар мен ауылдарда үлкен іздеу жұмыстарын ұйымдастыру қажет. С.Қасымов ақсақалдардың ұрпақтарын іздеп, естеліктерін жазып, жаңа артефактілер, отбасылық жәдігерлер мен құжаттарды табуға шақырып, шығармашыл зиялы қауым өкілдерін, қоғамтанушы ғалымдарды бүкіл ел бойынша мемлекеттік комиссияның жұмысына белсенді қатысуға шақырды.