Кино • 30 Қыркүйек, 2021

Дәстүрді дәріптеген «Қарасаз көшелері»

1058 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мұқағали Мақатаев туған Қарасаз ауылындағы әр тұрғынның, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ақын өлеңін жатқа оқитыны туралы жағымды дерек ақпарат құралдарында ара-тұра айтылып қалатын. Тарпаң талант туған қастерлі мекенді қазаққа таныстырып жату артық, «үйрек ұшып, қаз қонған» қасиетті Қарасаздың аты перзентінің даңқы әуелеп, әдебиеттің әйгілі тұлғасына айналғалы бері қатар қалықтап, бірге аталып келеді. Оның кіндігінен өрбіген ұл мен қыздың ақын өлеңдерін жатқа оқып, есімін ұлықтауы таңырқайтын жаңалық емес, солай болуы қалыпты заңдылық сияқты қабылданатыны сондықтан. Дегенмен ел арасындағы дақпырт дәйегі мол деректі дүниеге айналса ғана дәлелін табады.

Дәстүрді дәріптеген «Қарасаз көшелері»

Қарасаз ауылының тұрғындарын кейіпкер ете отырып, мұзбалақ ақын­ның мерейтойына орайластырыла тү­сірілген «Қарасаз көшелері» атты де­ректі туынды таныстырылымының Қазақ­стан Жазушылар одағында өтуінің мәні зор. Құйылым-құймасы бөлек, жарқылдаған отты жырлар осы ордада оқылып, қаумалаған қаламгер осы ортада мойындаған ақынның тойы өз шаңырағынан бастау алуы қай жағынан да қисынды. «Қарасаз көшелері» – қазақ поэзиясына құбы­лыс болып келген ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеуде таптаурындылыққа ұрынбай, ұлы пер­зенттің өлең-жырының тұма-бұлағы болған туған өлкесіндегі ұрпағының өзіне деген бүгінгі құрметін көрсеткен әдеби-танымдық бірегей дүние болып жарыққа шыққанын басты ерекшелігі ретінде атап өткен орынды.

Фильм жолдан басталады. Мұқа­ғали жолынан. Бала Мұқағалидың көкі­регіндегі өлеңге деген отты үр­леп, қиялына қанат байлап, талан­тын ұштаған Қарасаздың тамыл­жыған табиғатына тамсанып, осы ауылдың тағы бір дарынды тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Ұлт­тық театрдың белді әртісі Еркебұлан Дайыров пен белгілі сықақшы Ол­жас Сыдықбек бірге сапарлап келе­ді. «Қарасаздың қара сирақ баласы мен қазыналы қартының ақын өле­ңін жатқа айтатыны рас па екен?» Туған ауылына жол бастап келе жат­қан Еркебұлан күмәнсіз шын­дыққа үзеңгілес жолдасының көзін жеткізгісі келеді.

Алдымен Қасқасуда шомылып жүрген кекілді балалар жолықты. Арада талай асулар өтсе де өткен ғасырда өмір сүрген атақты атала­рының өлеңін жиырма бірінші ға­сырдың балалары сиясы кеппеген, жаңа жазылған жыр секілді жарыса оқиды. Бірінен бірі асып түсіп, бірін бірі қайталағысы келмейді. Мұқа­ғалидың иір-шиыры көп күрделілеу тағдырының мұңлы бояуы жағылған өлеңдері балалардың асығып-ап­тығып оқыған балғын дауысында бақытты реңк алып, сүттей таза, сұлу сипатын үстемелей түседі. Өзенге шомылып, күнге күйіп, өлең оқып, нағыз уайымсыз балалық шақты бастан өткеріп жүрген бүлдіршіндер «аманат» атты қастерлі ұғымға адалдығын осылай аңғартып тұр.

Жаздың соңын ала фильм түсіруге келгендер ерте бастан қыстың қамын ойлап, шөп шауып жүрген шаруа адамдарына таяу келді. Ен далада еңбек етіп жүргендерден Еркебұлан өлең сұрады, тіркемесімен шөп орап жүрген тракторшы да, айыр ұстап, шөмеле салғандар да қамшы салдырмай, қара өлеңді қатар-қатар шұбырта жөнелді. Байқағанымыз, күнқақты болып, қара жұмыспен шыныққан қарапайым еңбекторылардың кей­біреуі өлең оқығанда, қаланың сал­танатты кештерін ән-жырмен көр­кемдеп жүрген сахна әртістерін жол­да қалдырады. Өлең қуатын сезі­нетіні, жүрегінен өткізіп, өмірімен қа­быстыра алатыны көрініп тұр. Көп­шілік алдында жиі оқығандықтан болар, дауыс мәнері орныққан.

«Мұқағалидың әдебиеттегі бұл­жы­мас табысының сыры неде?» Ол­жас осы сұрақты қойғанда, бақ­шасында картоп түптеп жүрген үй ша­руасындағы Дариға тәтеміз мү­дір­меді. Мұқағалиды уақыт тұң­ғиы­ғына сіңбейтін ұлы тұлғаға айнал­дыр­ған негізгі қасиеті мен ерек­ше­лігін кәнігі әдебиет сыншысы сияқ­ты сүйріктей үш саусағын бүгіп тұ­рып санамалап айтып берді. Ақын поэ­зиясы «Қарапайымдылық. Шы­найылық. Тереңдік» дейтін негізгі үш қағидаға құрылған. Дариғаның тастүйін тұжырымымен келіспеске болмайды.

Қарасазға барып келгендей күй кешкен көпшілік бір сағаттың қалай өткенін байқамай да қалды. Ақын жырынан рух алған әр адамның жүре­гіндегі отаншылдық сезім қапысыз сендірді. Ақиық ұлдың өлеңдеріне құш­тарлықты бәсеңдетіп алмай, өмір­шең жырларға өріс сыйлап келе жатқан қарасаздықтардың толқыннан толқын қуалап жалғаған бұл дәстүрі көпке үлгі. Алматы қаласындағы рухани іс-шаралардың басы-қасында жүретін мәдениет жанашыры, қала әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов: «Кез келген өнердің түрінде гармония, үйлесім деген түсінік бар. Біз кейінгі кезде сериал түсірсек те, фильм ұсынсақ та, осы бір үйлесімнен айырылып қалғандаймыз. Жүзі опа-далаппен жасырылған, оның бергі жағында сөз бойына сіңбеген, айтып тұрған сөзін өзі түсінбей тұрғаны білініп тұратын фильмдерге бойымыз әбден үйреніп, етіміз де өле бастаған еді. Көрерменді «бізге осы да болады» деген бір көнбістік билеп алған-ды. «Қарасаз көшелерін» көріп отырып, фильмді түсірген топтың адам мен табиғат, қарапайымдылық пен шынайылықтың үйлесімін экранға алып шыққанына қуандық. Фильмнің үлкен жетістігі осы үйлесімінде деп ой­лаймын. Бізге бүгін осы нәрсе же­тіспей жүр. Қазақтың іші­нен шыққан, жанынан шыққан және қазақты білетін адамдарды әспеттейтін, іштен шыққан таланттарды бағалайтын уақыт әлдеқашан жетті. Бұл фильм осы ойымыздың жарқын дәлелі болды», деген пікірі «Қарасаз көшелеріне» берілген әділ баға іспетті.

Фильмнің продюсері – Сержан Мол­дасанұлы, қаржылық жағынан қол­дау көрсеткен – кәсіпкер Тоқтар Мұқа­меди. Жаңа туындыға Әсет Иман­баев, Сафуан Шаймерденов секілді белгілі театр және кино актерлер және дәстүрлі ән өнерінің белді өкілі Тілеулес Құрманғалиев қатысқан. Фильмді көркемдік жағынан әрлеуге Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндер де ұтымды пайдаланылған.

Кеш соңында ақынның ұлы Жұл­дыз Мақатаев пен келіні Бақыт­гүл сөз алып, фильмді түсірген шығар­машылық топқа алғыс айтып, рухани кеңістікті толтыруға бет түзеген тың туындыға сәт сапар тіледі.