Технология • 30 Қыркүйек, 2021

Цифрлы платформа құрылады

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теміржол машинасын жасауды дамыту мәселелері Нұр-Сұлтанда өткен Қазақстан машина жасаушыларының IX форумында секциялық отырыс барысында талқыланды.

Цифрлы платформа құрылады

Пікірталас алаңында уәкілетті мемле­кеттік органдардың, ғылыми-зерттеу ұйым­­­дарының өкілдері және машина жасау индустриясының 50-ден астам өндіру­шілері жиналды. Отырысты Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев ашты.

Қатысушылар отандық теміржол машинасын жасауды дамытудың негізгі бағыттарын талқылады. Теміржол өнім­де­рінің сапасын арттыру, цифрландыруды дамыту және ресурсүнемдеуші технологияларды енгізу мәселелері қо­з­ғал­ды. Теміржол көлігі үшін инже­нерлік кадрларды даярлауға назар аударылды.

Отырыста саланы дамытудың шешу­ші факторларының бірі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қыз­мет (ҒЗТКЖ) саласында ғылым мен өнер­­кәсіптің кооперациясын күшейту керектігі тілге тиек болды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Коты­ревтың айтуынша, ҒЗТКЖ дамыту бойынша шаралар кешенін әзірлеу, ғылыми-зерттеу қызметін қаржыландыру көздерін анықтау, сондай-ақ ғылым мен бизнестің өз­ара іс-қимыл тетіктерін ай­қындау үшін «Самұрық-Қазына» Қорының порт­фельдік компанияларын ғылыммен, өнеркәсіппен ұштастыратын бірыңғай үйлестіру органын құру қажет.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да ҒЗТКЖ-ны қалып­тастыруға және қолдауға үлкен маңыз беріледі. ҒЗТКЖ өнімдері өнеркәсіптік пай­далануға сәтті енгізілуде және айтар­лықтай экономикалық нәтиже әкелуде. Бұл процеске компанияның Техникалық орталығы қызметкерлері белсенді қаты­сып келеді.

2018-2020 жылдар аралығында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да 194 тәжіри­белік-конструк­тор­лық жұмыстар қаралып, 70-ке жуық техни­калық тапсырмалар беріліп, 51 қабылдау және алдын ала сынақтан және 10 біліктілік сынағынан өткізілді. Бүгінгі таңда 63 өнім пайдалануды бақылау сатысында.

Техникалық орталық директоры Аза­мат Жангелдінің айтуынша, жа­қын арада орталықты қайта құру аяқ­талады. Бұл теміржол машина жа­сау кәсіп­орындарымен «бір терезе» қағидаты бо­йын­ша жұмыс істеу­ге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бо­ла­­шақта тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды басқару үшін цифрлы платформа құру жоспарлануда.

Мәселелерді талқылау қорытындысы бо­йынша форумға қатысушылар ше­шімдер қабылдап, бірлескен ұсы­ным­дар әзірледі. Теміржол өнімдерін өнді­ріске қою тиімділігін арттыру бойын­ша жұ­­­мыс жалғасады. Машина жасау кә­сіп­­орын­дарына отандық ғылыми-зерт­­теу ұйым­дарымен ҒЗТКЖ жүр­гізу­­ді қол­дауға баса назар аудару, кон­с­трук­тор­лық бюро­ларды дамыту жөнін­дегі жұ­мыстарды кү­шейту және кә­сіп­орын­дағы бас конструктор мәртебесін кө­теру ұсынылды.

Секциялық отырыс қорытындысы бо­йынша теміржол машина жасау кәсіп­орындары мен отандық ғылыми-зерттеу институттары арасында ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша қанатқақты жобаларды іске асыру үшін келісімдерге қол қойылды.