ANTIKOR • 30 Қыркүйек, 2021

Жемқорлық туралы хабарлағандарға қаржылай сыйақы берілді

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы жылы Маңғыстау облысында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы мәлімдеген 5 адам 760 мың теңге сомасында сыйақы алды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Жемқорлық туралы хабарлағандарға қаржылай сыйақы берілді

Департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте осындай фактілер туралы хабарлайтын азаматтарды көтермелеу шараларын «пәрменді тетік» деп атады.

«Қазақстанда азаматтарды көтермелеудің жаңа сараланған жүйесі енгізілді. Бұрын бұл қылмыс санатына байланысты жүзеге асырылған. Қазір сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адам пара немесе залал сомасына қарай осы соманың 10%-на ие болады. Бұл ретте ең жоғары сыйақы 4 000 АЕК немесе 11,6 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды. Департамент бес адамды сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін жалпы сомасы 760 мың теңгеге марапаттады», деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали.

Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдарды қорғау тиісті түрде жүзеге асырылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы ҚР Заңына сәйкес мұндай жағдайлар туралы хабарлаған адам ақшалай қаражатпен ынталандырылып қана қоймай, мемлекеттің қорғауында болады. Мұндай адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия ретінде сақталады.

«Сыбайлас жемқорлық фактілерімен кездескен жағдайда Агенттіктің 1424 нөміріне, сондай-ақ, Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің кезекші бөліміне 8 (7292) 319110 қоңырау шалуға болады», деп жазылған хабарламада.