Бұл деректер Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің Түркістан облысына іссапары аясында өткен аудандардағы этномәдени бірлестіктері өкілдерімен кездесулерде келтірілді. Қазығұрт, Сарыағаш, Төлеби, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында және Арыс қаласында өткен кездесулерде этносаралық тұрақтылықты нығайту саласындағы жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыру мәселелері талқыланды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы Ассамблея жұмысында үлкен өзгерістер болған жылмен тұспа-тұс келгенін атап өткен Марат Әзілханов түрлі этностар өкілдерінің арасында қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайту, этносаралық өзара іс-қимылдың кең коммуникациялық алаңдарын қалыптастыру бойынша нысаналы бірлескен жұмыс қажеттігін айтты. Ал Ғалым Шойкин мемлекеттік қызметшілердің жұмысына және олардың елдегі этносаралық тұрақтылықты нығайтудағы рөліне, мемлекеттік органдардың этносаралық келісімді қамтамасыз ету саласындағы жұмысын жетілдіру мәселелеріне назар аударды. Яғни сапалы талдау және мониторинг жүргізу қажет, халықпен ауқымды ақпараттық және ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру да маңызды. Сондай-ақ кездесуде жастарды интеграция рухында тәрбиелеу, мемлекеттік тілді меңгеру, басқа мәдениеттер мен дәстүрлер өкілдерімен өзара іс-қимыл жасауға бейілділік таныту қажеттілігі атап өтілді. Бұл бағытта Ассамблеяның барлық құрылымы, Аналар кеңестері, Қоғамдық келісім кеңестері, жастар ұйымдары этносаралық коммуникация алаңы ретінде жұмыс істеуі тиіс.
Ал Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінде өткен кезекті жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.Қалқаманов қатысып, өңірдегі этносаралық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кездесуде Марат Әзілханов Мемлекет басшысының жаңа Жолдауының ерекше маңыздылығын, «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын жетінші бөлімі татулық пен келісім саясаты мәселелеріне арналғанын атап өтті. Жалпы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында 53 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындардың көпшілігі өзбек этносының өкілдері. Аядай ауылда орташа есеппен 50 мың бас ірі қара мал бордақыланады. Бұл ауылды көпшілік Қазақстанның кішігірім ет даярлау комбинаты деп те жатады. Күн сайын осы ауылда орташа есеппен 100 тоннаға жуық ет өндіріліп, Шымкент, Алматы қалаларындағы базарларды етпен қамтамасыз етеді.
Кездесуде сөз алған Сайрам аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Г.Раимкулов аймақтағы этносаралық татулық пен келісім бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Жиынды қорытындылаған Марат Әзілханов этносаралық өзара іс-қимылдың кең коммуникациялық алаңдарын қалыптастыру бағытында нысаналы және бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін айтып өтті.
Түркістан облысы