Кәсіпорын 2005 жылы азот-түк зауытының мүліктік кешені негізінде құрылған болатын. Бүгінде мұнда 1 267 қызметкер жұмыс істейді. Зауыт жылына 200 мың тонна аммиак, 360 мың тонна азот қышқылы және аммиак селитрасын, сондай-ақ 916 млн текше метр газ өндіреді.
Аммиак селитрасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен тау-кен, атом, металлургия өнеркәсібі кәсіпорындары арасында үлкен сұранысқа ие. Маңғыстау өңіріндегі ірі экспорттаушы саналатын компанияның өнімдері Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия және Әзербайжанға экспортталады. Өткен жылы «ҚазАзот» ішкі нарықтың 45 пайызын (252 мың тонна аммиак селитрасы) қамтыған.
Биыл кәсіпорын сұйық аммиакты тасымалдауға арналған 30 вагон-цистернаны сатып алу және пайдалану жобасын іске қосты. Әрбір вагон-цистерна 56 тонна жүкті көтереді. Жобаның құны – 711 млн теңге.
Аммиак – химия өнеркәсібіндегі маңызды өнімдердің бірі. Бұл минералды тыңайтқыштар мен құрамында азот бар көптеген өнеркәсіптік заттар өндірісінде шикізат ретінде қолданылады.
«ҚазАзот» компаниясы бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Айжан Балабатырованың айтуынша, биыл компания 360 мың тонна аммиак селитрасын шығаруды көздеп отыр. Келер жылғы жоспар – өндіріс қуатын 400 мың тоннаға дейін арттыру.
Сонымен қатар бұл компания Qoldau.kz сайтында алғашқылардың бірі болып тыңайтқыштарды онлайн сата бастады. Бүгінде «ҚазАзот» жаңа технологиялар қарқынды түрде енгізіліп жатқан кәсіпорындардың қатарына жатады. Мұнда ескірген жабдықтарды жоспарлы ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорында газ поршеньді электр стансасы салынған.
2020 жылы QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің технологиялық процестерді жетілдіру және білікті шетелдік жұмыс күшін тарту шеңберінде еңбек өнімділігін арттыру желісі бойынша компанияның шамамен 27 млн теңгесін өтеп берді. Бұл сома кәсіпорынды одан әрі дамытуға және оның тұрақты деңгейін қолдауға бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің желісі бойынша индустрияландыру бағдарламасы аясында еңбек өнімділігін арттыруға байланысты өңдеу саласы кәсіпорындары шығындарының бір бөлігін өтейді. Кәсіпорынның құзыреттілігін арттыруға, технологиялық процестерді жетілдірумен және өндірісті ұйымдастыру тиімділігін еселеуге байланысты индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеуге, сараптауға жұмсалған шығындардың 40 пайызға дейінгі бөлігі өтеледі.