Руханият • 01 Қазан, 2021

Кемел ойдың керуені

397 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік орталық музейде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 100 жыл толуына орай «Кемел ойдың керуені» атты көрме ашылды.

Кемел ойдың керуені

Биыл «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының ақпараттық кеңіс­тікке шыққанына ғасыр толды. Қастерлі құн­дылықтарымызды насихаттап, елді­гімізді дәріптеп, ұлттық көзқарасты қа­лып­тастыруды мақсат тұтқан басы­лымның мерейлі белесі – қалың қазақтың мерекесі. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде өзіндік брэндке айналған журналдың жемісті еңбегін ойлы оқырман жоғары бағалайды.

«Кемел ойдың керуені» атты көр­меде «Ақиқат» журналының негізі қалан­ған күннен бастап бүгінгі күнге дейінгі қыз­метінің даму көкжиегінен сыр шертетін тарихи-танымдық, мұрағаттық-ақпараттық деректер мен фотосуреттер ұсынылған.

Журналдың шығу тарихы 1921 жы­лы 15 қыркүйектен бастау алады. Сол кезде Орынбор қаласында «Қызыл Қа­зақстан» («Красный Казахстан») атты бірінші нөмірі жарық көрді. Әр жыл­дары басылым «Ауыл ком­мунисі», «Коммунист», «Қа­зақстан боль­шевигі», «Қазақстан ком­мунисі» деп аталып келді. Тә­уелсіздік алған­нан кейін журнал көр­некті мемлекет және қоғам қай­­раткері, журналдың бас редакторы Камал Смайыловтың идеясымен «Ақи­қат» деп өзгертілді.

Тарихы терең басылымның тұңғыш ре­дакторы – Абдолла Асылбеков. Журналды әр жылдары Смағұл Сәдуа­қасов, Ерғали Алдоңғаров, Мырзағұл Атаниязов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Сұлтан Сегізбаев, Хамза Жү­сіпбеков, Құрманбек Сағындықов, Кә­кімжан Қазыбаев сынды белгілі тұлғалар басқарған.

Басылым бетінде М.Әуезов, С.Сей­фул­лин, Б.Майлин және т.б. ақын-жазу­шылардың шығармалары тұңғыш рет жарық көрген. Тәуелсіздік жылдарында журналға Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Нұрмахан Оразбек, Жұмабек Кен­­жалин бастаған бас редакторлар же­тек­шілік етіп, басылымның өн бойы­на азаттығымыздың айшықты рухын да­рытып, мазмұндық тұрғыдан жаңаша сер­пін әкелді. Журналдың «Қызыл Қа­зақ­станнан» «Ақиқатқа» дейінгі жү­ріп өткен жолдары ұлтымыздың бір ға­сырға жуық тарихынан сыр шертеді. Әрбір айдардағы талдамалық мақалалар, ғылыми сараптамалар құнды деректер­ден тұрады. Жур­нал бетінде тарих, ұлттық мүдде, қазақ қоғамының дамуы, мемлекетшілдік сананы қалыптастыру, дін мен діл, ұлттық болмыс, жаһандық мәсе­лелер қозғалып, маңызды тақырып­тар ой-сана тұрғысынан жан-жақты тал­данып, оқырманға жол тартады. Соның ішінде саясат, тарих, философия, экономика, мәдениет және филология са­лаларындағы өзекті тақырыптар қамтылып келеді.

 «Кемел ойдың керуені» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінде Мем­лекеттік орталық музей директорының орынбасары – Бибігүл Дандығараева, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры – Шәм­шидин Паттеев, «Ақиқат» жур­налының бас редакторы Дәуіржан Тө­лебаев құттықтау сөз сөйледі. Сөз сөй­леу­шілер журнал редакциясын көрменің ашылуымен құттықтап, журналдың қоғам үшін ұлттық тарих пен мәдениетті насихаттау ісіндегі маңыздылығын атап өтті.

 

АЛМАТЫ