Nur Otan партиясының «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында биыл біздің министрлік аға буын азаматтардың жағдайын жақсарту бағытталған 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» атты іс-шаралар жоспарын бекітті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада аталған жоспар егде жастағы адамдардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік беретіні жазылған.
Сонымен қатар жоспар қарт жандарды сапалы мемлекеттің қолдаумен қамтуға кепілдік береді. Жоспар ведомствоға бағынысты жобалық офис арқылы жүзеге асырылады.
«Жоспарға сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу көзделген. Орталықтардың қызметі егде жастағы белсенді азаматтардың санын көбейтуге, олардың өмір сүру сапасын, әл-ауқатын, денсаулығын және психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта аталған орталық еліміздің 10 өңірінде ашылды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бар. Одан бөлек, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, СҚО және Түркістан облысында орталықтар жұмыс істеп тұр», деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов.